Талқан өндірісіне қолдау қажет

    Талқан – қазір таңсық ас. Наурыз бен Құрбан айт мейрамдарында, Ораза айында ғана дастарқан үстінен көретініміз рас. Осыған қарап-ақ, «талқанға айтарлықтай сұраныс жоқ екен» деп ой түюге әбден болады. Десек те, талқан өндіруді кәсіп еткен Ұлытау ауданындағы «Бас көң» шаруа қожалығы бұл пайымымызды теріске шығарғандай…

Төл тағамдарымыздың қатарынан орын алған талқанның қазақ ас мәзіріндегі орны ерек. Құнарын былай қойғанда, емдік қасиеті де мол. Әсіресе, жүкті әйелдер, балалар мен қарттар үшін пайдасы зор. Қан толтыруда, сусамыр дертінің алдын алудағы дауасы шаш-етектен. Қартаю процесін баяулатар қасиеті де бар. Міне, талқанның осы артық­шылықтарын жете зерделеген «Бас көң» шаруашылығының жетекшісі Шаяхмет Үмбетов былтырдан бері талқан мен жент өндірісін қолға алуда.

Тоқырау жылдары Жезді кентінде құрылған «Бас көң» шаруашылығы былтырға дейін ұн шығарумен айна­лысып келді. Алайда, кейінгі жыл­­­­дары бұл салада ірі диірмен ком­бин­аттары іске қосылып, шағын кә­сіп­­керліктердің кәсіп бағытын өз­гер­ту­ге тура келді. Шаяхмет ағамыз сол кез­де ұлттық тағам өндірісін жан­дан­ды­руға бел буыпты.

Кәсіпорынға қажет шикізатты жер­гілікті «Бекетай баба» шаруа қо­ж­а­лығы жеткізіп тұрады. «Бас көң» жылына 30 тонна бидай сатып алады. Айына 1 тоннадан астам талқан мен жент өндіреді.

Бұл көлем Жезқазған, Ұлытау ай­мағын қамтуға жеткілікті, әрине. Бүгінде «Бас көңнің» талқаны мен женті осындағы базарларда, Же­зқазған мен Сәтбаевтағы «Самади» сауда орта­лықтары жүйе­сінде, «Ғалиябану» дү­­кенінде, Ас­танадағы «Самғау» сауда орталығында «Қазақстанда жа­сал­ған» брендімен саудаға түсуде. Тал­қан – қалташаларда, жент – 500 грам­дық полиэтилен тостақтарда сө­реге қойылады. Арнайы штирх-код бекітілген. Тұрғындар тарапынан сұ­раныс баршылық. Бірақ, кәсіп­ор­ын­ның келешегін ойлаған кәсіпкер өн­діріс көлемін бұдан әрі арттыра түсуді мақсат етуде.

Кәсіпкер талқан өндірісін жолға қоюға бір жарым жыл ішінде 1 млн. теңгеден артық қаржы салыпты. Соны жоба үшін бұл қаржы мардымсыз екені анық. Сондықтан, кәсіпорынға мемлекет қолдауы қажет-ақ.

Қазір кәсіпорындағы барлық жұ­мыстар қол күшімен атқарылады. Со­ның салдарынан өндірілетін өнім көлемі де шағын. «Егер, автомат­тандырылған аппараттар болса, ойланбастан ірі тапсырыстарға қол созар едік», – дейді Шаяхмет аға.

Бидайды қуыратын бір ғана аппараттың өзі 600 мың тұрады екен. Қуыру аппаратынан тыс тауарды қаптайтын құрылғы, заманауи диір­мен керек. Кәсіпкер былтырдан бері екі мәрте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы шең­бе­рінде гранттар байқауына қа­тысыпты. Алғашқысында 1,9 млн. теңге, кейін 2,7 млн. теңге қолдауға өтініш жасап, аймақтық кәсіпкерлер палатасына жүгініпті. Алайда, талқан өндірісі аталған ұйым тарапынан мақұлданбаған. Өкініштісі, жоба мемлекеттен қолдау тапса, тағы төрт адамға жаңа жұмыс орны ашылар еді.

Кәсіпорынның заңнамалық тұр­ғыдан Еуразиялық Экономикалық Одақ аясында өнім экспорттауға толық құқы бар. Ол үшін «Бас көң» шаруашылығының өнімдері одақтың «Сәйкестік туралы декла­рациясының» жыл сайынғы өнімдерді каталогтау жүйесінде тіркеліп ке­леді. Қазақстан бойынша талқан шығаруға сәйкестік сертификаты бар екі кәсіпорынның бірі – «Бас көң». Және талқан мен жент ұзақ тасымалдауға қолайлы өнім. Талқан – 10 ай, жент – 1 ай құнарын бұзбай сақталады. Кәсіпкердің айтуынша, шетелдік нарыққа талқанның келісін – 250 теңгеден, жентті – 700 теңгеден ұсынуға болады.

Шаяхмет ағамыз өзінің өнімдері «ЭКСПО – 2017» көрмесінде «ұлттық брендтер қатарынан лайықты орын алса» деген мақсатпен жұмыс істеуде. Әйтсе де, мемлекеттен көмек болмай бұл арманының жүзеге асып кетуі неғайбыл.

«Бас көң» басшылығының басын ауыртар өзге де мәселелер же­тер­лік. Құрал-жабдықтарды сатып алудан бөлек, тасымалдаушы, тұтынушы табу шаруалары оңай іс емес. Кейінгі кезде «жабайы» өндіру­шілер де көбейіп кетті. Әсіресе, жо­­ғарыда айтқан мейрамдарға қа­рай олардың саны күрт артады. «Біз заңды түрде, арнайы рұқсат қағаздары негізінде жұмыс істейміз. Ал, «жабайы» өндірушілерге қатысты құзырлы органдар тарапынан ешбір шара қолданылмайды. Талқан мен жент жасайтын орындарындағы са­нитарлық тазалық, өндіріс циклі қадағаланбайды. Өнімдерін қара базарда саудалайды. Тұтынушылар да сертификат талап етпейді. Біз­дің бизнесімізге осы астыртын өн­дірушілер кедергі келтіруде», – дейді Шаяхмет Үмбетов.

«Қайратты ерге бақ тұрар» деген. Қазір Шаяхмет ағамыз көлденең шыққан қиыншылықтарға мойымай еңбек етуде. Келешегінен үміті зор. Сөйтіп, Жезқазған, Ұлытау нарығын ертеден еңсеріп алған оңтүстіктің талқанын сапасының арқасында сө­реден ығыстыруда.

Нұрқанат ҚАНАФИН

ҰЛЫТАУ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.