Табиғат жанашырлары марапатталды
Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасы «Эко-амбассадор», «Экомеценат» және «Эко кәсіпкер» номинацияларының жеңімпаздарын жариялады. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын белсенді қолдаған кәсіпкерлер арасында өткен байқауға барлығы 30 өтінім келіп түскен. Ал, шешімді арнайы құрылған комиссия қабылдады.

«Экоамбассадор» номинациясы бойынша «Creative & Innovation institute» қоғамдық қорының басшысы Ирина Харитонова және «ПрофКрас» ЖШС директоры Бақтияр Омарханов үздік атанды.
– 2020 жылдан бүгінгі күнге дейін қала тұрғындарымен бірге #АғашЕкЖақсыДемал халық жобасын жүзеге асырып келемін. Жобаның тұжырымдамасы – гүлденген бақ. Бүгінде Тәуелсіздіктің 10 жылдығы атындағы этнопаркте 500-ге жуық көшет егілді, – деді Бақтияр Омарханов.
Ал, инновациялық экологиялық шешімдер мен жауапкершілік үшін «Эко кәсіпкер» номинациясында ВioНumusKZ ғылыми-білім беру орталығы мен «Maker» ЖШС марапатталды. Соңғы үш жылда Maker кәсіпорнының аумағында 420-дан астам көшет егіліп, су қоймасын балықтандыру жүргізіліп жатыр.
– Қарағанды қаласы әкімінің 1,5 млн. теңге грантына BioНumus ғылыми-білім беру орталығын аштық. Бүгінде орталық экологиялық таза өнім өсіріп, жасыл тыңайтқыштар шығарады. Жобамның мақсаты – өскелең ұрпақты ғылыммен айналысуға ынталандыру және қазірдің өзінде барлық салаларда экологиялық игілік туралы ойлану, – деді орталықтың басшысы Арайлым Серікбай.
Аймақтың экомеценаты атағына «Kazakhmys Smelting» ие болды. Компания жыл сайын ағаш отырғызып қана қоймай, Балқаш көлін балықтандырумен айналысады және экологиялық акцияларға қатысады.
– Биыл қала үшін 3700 көшет сатып алдық. «Таза жағалау» акциясын үнемі қолдаймыз, рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін жою жұмыстарын жүргіземіз, экобокстар орнатамыз, – дейді «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының директоры Айдар Түсіпбеков.
Жеңімпаздар сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz