Тағылымы мол премьера
85 жылдық тарихы бар Сәкен Сейфуллин атындағы Халықтар Достығы орденді Қарағанды облыстық қазақ драма театрында «Абай жолы» эпопеясының желісі бойынша жазылған актер, драматург Кеңес ЖҰМАБЕКОВТІҢ «Абай мен Әбіш» драмасының премьерасы өтті.
Спектакльдің режиссері – ҚР мәдениет қайраткері С.Жұмағали. Қоюшы-суретшісі – Ұ.Несіпбай, режиссердің ассистенті – Р.Қошжанов, музыкамен көркемдеуші – С.Мұстафина. Режиссер С.Жұмағали бұл шығармада дала данышпаны, қазақтың бас ақыны Абайдың тағдыры арқылы әке мен бала отбасының азабы мен тауқыметін көрсетуге тырысқан. Әбіш екеуінің арасындағы қарым-қатынас, ұлтының уайымын жеген ақын мен ұлының күрделі тағдыры суреттеледі. Абай ақылман, кемеңгер, халықтың мұң-мұқтажын жоқтаушы ғана емес, ол отбасының ұйытқысы, қамқор әке, ақылман данагөй әрі үлкен махаббат иесі.
«Мыңмен жалғыз алысып», елінің тағдырын ойлаған данышпанның қиындық пен шырғалаңға толы өмірі жайлы. Абай ролін сомдаған театрымыздың жас актері Ғ.Бердембетов, Әбіш ролін сомдаған Қ.Жағыпаров пен А.Жұмамұратов өз өнерлерін көрсетіп, таланттарын осы образдары арқылы шыңдай түскендей. Сонымен қатар, еліміз бойынша кең көлемде аталып өтіп жатқан қазақтың Ұлы биі – Қаздауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналып сахналанған «Қаздауысты Қазыбек би» атты тарихи драмасының премьерасы өтті. Ұлтымыздың ұлы тұлғасы Қаздауысты Қазыбек бидің даналығы мен көрегендігі ХVIII ғасырда екі оттың ортасында Ресей патшасы мен Қытай империясының қыспағында отырып, жоңғарларға тойтарыс беріп, қазақ елінің біртұтастығын сақтап қалды.
Шынайы деректерге сүйеніп жазылған тарихи драмада орта жүздің от ауызды кемеңгер биі Қаздауысты Қазыбектің Абылай ханға тірек бола білген, ел бірлігі жолында атқарған ұлы істері туралы баяндалады. Қазыбек би ролін сомдаған талантты жас артистер – Ғ.Бердембетов және М.Шәкенов, ал, Келдібек ролін сәтті шығарған аға буын актеріміз, ҚР мәдениет қайраткері М.Садыханов болса, қонтайшы ролін сомдаған Р.Қошжановтың образдарын көрермен қауым өте жақсы қабылдап, ризашылықтарын білдіріп жатты. Аталмыш қойылымдардың авторы, актер-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты К.Жұмабеков, ал, режиссердің ассистенті – А.Ахметқалиева. Осы қойылымға арнайы шақырылған республикамызға белгілі, талантты суретші, өзінің жоғары талғамы бар, ешкімге ұқсамайтын идеялық жобасы биік деңгейдегі суретші ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Е.Тұяқовтың бұл жұмысынан да суретшінің мықты маман екенін көре аламыз. Ал, қоюшы-режиссер, Ш.Айтматов атындағы Халықаралық сыйлықтың иегері Қ.Қасымовтың осыған дейін де Сәкен театрында біраз қойылымдарды қойып, театр ұжымымен белсене жұмыстар жасаған болатын.
Мысалы, «Қаракөз» спектаклін дайындап, бұл қойылыммен 2013 жылы 7-13 наурыз аралығында Сербия Республикасы Белград қаласындағы «Славия – 2013» Халықаралық фестивалінің шымылдығын М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен ашып, «Кіші Дон Кихот» марапатына ие болған болатын және де Татарстан Республикасы Қазан қаласында 2014 жылдың 15-21 қыркүйегі аралығында өткен К.Тинчурин атындағы ұлттық драматургияның VII Халықаралық театрлар фестиваліне театр ұжымы М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясымен қатысып, өз өнерлерін көпшілікке ұсынып, көрермен қошеметіне бөленіп қайтқан болатын. 2015 жылы Түркия мемлекетінің Трабзон қаласында өткен 16-шы Халықаралық «Қара теңіз жағалауында» фестиваліне М.Әуезовтің «Қарагөз» қойылымымен қатысып, көрермендерден жоғары баға алып, үлкен марапатқа ие болып қайтты. 2017 жылдың 14-30 сәуір аралығында Түркия Республикасының Кония қаласында болып жатқан «Мың тыныс, бір үн» атты Халықаралық театрлар фестиваліне С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры ұжымы У.Шекспирдің «Гамлет–Тәпі» (трагифарс) спектаклімен қатысып, Гамлет ролін талантты актер-режиссер, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Д.Еспаев сомдады.
Ертіс-Баян өңіріне ат басын бұрғалы отырған Сәкен театры ұжымы қыркүйек айының 25-29 аралығында осы екі премьераны және кішкентай көрермендерді ескере отырып, репертуарымыздағы «От құйрықты Әтеш» атты ертегі қойылымын мектеп оқушыларына, павлодарлық барлық көрермендерге ұсынды. Театр ұжымының өнерін келген көрермендер жылы қабылдап, өз алғыстарын білдіріп жатты, жоспарланған іс-сапар сәтті болып, театр ұжымының еңбектері бағаланып, үлкен абыроймен қайтты.
Бүгінгі күнде қара шаңырағымыз Сәкен театрының репертуары өте бай. Әлемдік классикамен қатар, әр дәуірдегі драматургтердің шығармаларын сахналап келеміз. Қараша айының 2-ші жұлдызында өнердің ордасы, киелі сахнаның алтын бесігі, Сарыарқа төсіндегі тарихы терең Ата театр – Сәкен театрының 85 жылдық мерейтойы атап өтілмек.
А.БЕКБОЛАТОВА,
С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театрының
әдебиет бөлімінің меңгерушісі,
ҚР мәдениет қайраткері.