Ресми

Таңдай біл де, талап қыл

Сұранысқа ие боларлық идея болса, түрлі деңгейде қолдау бар. Былтыр жыл соңында облыс әкімінің грантына ие болғандар қазір кәсібін аша бастаған. Қарқаралы ауданында облыс әкімінің былтыр­ғы грантына – бес, аудан әкімінің грантына 11 адам ие болды.

Жанерке Искакова ұтып алған 2 млн. теңгеге гүл дүкенін ашқан. Онда кофе ішіп, шоколадты құлпынайға тапсырыс беруге болады. Сонымен қатар, тағы бір жас кәсіпкер Сержан Шәймерден компьютерлік қызмет және жөндеу жұмыстарын ұсынуда.

Ал, Мөлдір Гулалиеваның идеясы балық аулаумен байланысты. Жас кәсіпкер балық аулауға қатысты толық қызметті іске қоспақ. Ол туристер мен балық аулау әуесқойларына жабдықталған шатырларды, қармақтарды және демалу үшін қажет нәрсенің бәрін жалға береді.

– Туризм саласында бес жылдан бері еңбек етемін. Былтыр қонақ үйді жалға бере бастадық, демалушылар балық аулауға қызығушылық танытып, «Қармақ, шатыр жалдауға бола ма?» деп сұрады. Идея осыдан пайда болды. Бизнес жоспар құрып, облыс әкімінің грантына өтінім беруді шештім. Себебі туризмді дамыту – біздің өңірдегі басым бағыттардың бірі, – дейді Мөлдір Гулалиева.

Гүлім Омарханова қолдаудың арқасында балаларды дамыту орталығын ашпақ ниетте. Оның айтуынша, орталық бастауыш сынып оқушыларын қосымша оқытады. Мұнда баланы мектептен алу, кейін үйіне жеткізу қызметі де болады.

– Жалға алуға қолайлы үй-жай таптық, мұғалімім де бар. Субсидияланатын жұмыс орнына жүргізуші аламын деп отырмын. Болашақта тағы бір педагог пен логопед-дефектологты жұмысқа орналастырғым келеді. Грант – жақсы көмек, өз ісімізді бастауға ынталандырады, – деп атап өтті жас кәсіпкер.

Грант қаражатына ол балаларға арналған үстел мен орындық, интерактивті тақта, ноутбук және басқа да техника сатып алмақшы.

Аудан әкімі Әділжан Арғынов жастардың ауданды дамытуға қосып жатқан үлесі зор екенін және жастар кәсіпкерлігін қолдау шаралары жалғасатынын айтып отыр.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button