Басты тақырып

Тәуелсіздік ұрпақтары

    Тәуелсіздік алғалы еліміз биік белестерді бағындырып, қарыштап дамып келеді. 25 жыл ішінде Қазақстан әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылды. Айтулы тарихи кезеңнің маңызды жетістіктерінің бірі – қазақстандықтардың жаңа буыны қалыптасты. Бүгінгі Тәуелсіздік ұрпақтары – белсенді, білімді, жан-жақты және олардың патриоттық рухы жоғары.

 

Жас ұрпақ – инновациялық әлеуетке ие қоғамның ерекше тобы. Мемлекет басшысы «Қазақстан – 2050 Стратегиясы» бағдарламалық-стратегиялық құжатында «Еліміздің болашаққа деген жолын сіздер белгілейсіздер. Сіздер тәуелсіздік жағдайында тәрбиелендіңіздер, бізде ондай болмаған. Сіздің жаңа, тәуелсіз шешімдеріңіз – бүгінгі таңда біз үшін алыс және де қол жеткізбес болып көрінетін, бұл елдің жаңа мақсаттарға жетелейтін факторы» екенін айта келіп, «Мен сіздерге — жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деп жастарға зор үміт артты. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Ақтөбе қаласында өткен «Жастық! Жігер! Еңбек!» республикалық жастар форумында Президентіміз: «XXI ғасырды біз жаһандық сын-қатерлер дәуірі ғана емес, жас, қуатты және талантты адамдардың дәуірі деп те атаймыз. Қазақстанда бүгінде әрбір төртінші азамат – жас ұрпақтың өкілі. Мені сіздердің білімдеріңіз, шетел тілдерін игергендеріңіз, инновацияға ашық болуға талпыныстарыңыз қуантады», – дей келе, әлем жұрты көп ұзамай жаңа қазақстандық жалынды жастарды естіп-білетініне сенім білдірді.

Тәуелсіздік алған сәттен бастап мемлекетіміз өскелең ұрпақты қоғамның маңызды стратегиялық ресурсы ретінде танып, жастарымыздың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Нақтырақ айтсақ, Тәуелсіздік таңы атқан 1991 жылы Қазақстан Республикасы мемлекеттік жастар ісі жөніндегі комитеті құрылды, 2004 жылы жастарды мемлекеттік тұрғыдан қолдау бағыттары мен механизмдерін, олардың әлеуметтік және саяси тұрғыдан қорғалуын анықтаған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы қабылданды. 2015 жылы ел дамуының қазіргі кезеңгі шындығымен санасқан «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» жаңа Заңның қабылдануы маңызды қадам болып табылды. Мемлекет тарапынан тиімді жастар бағдарламалары мен жобаларын әзірлеп, жүзеге асыруға көп көңіл бөлініп, олардың қажетті қаржыландырылуын қамтамасыз етті. Жастардың жан-жақты интеллектуалдылығын, кәсіби тұрғыдан шыңдалуын және денсаулығын жақсартып, өмірден өз орнын табуы үшін, әлеуметтік-экономикалық бейімделуіне, қоғам өміріне белсенді қатысуына ықпал ету мақсатында мемлекетіміздің бастамасымен және қолдауымен «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Жас отбасы», «Серпін-2050» жобалары жүзеге асырылды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасы бойынша еліміздегі ЖОО түлектері 20 жылдан бері әлемнің жетекші оқу орындарында тегін білім алып келеді.

Жастарды қолдау бойынша батымды шаралар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген. «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жасыл Ел» жобаларымен және өзге де бағдарламалар арқылы жарты миллионға жуық жас қазақстандықтар қамтылды. Еліміздің түп тамыры – ауыл. «Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деген, ауылды дамыту арқылы, ауыл жастарына қолдау таныту және ауылға білімді жастарды тарту, ауыл жастары арасында кәсіпкерлікті қолдау арқылы ғана ел экономикасына оң ықпал етеміз. «Ауыл жастары» жобасы, міне, осындай мүмкіндіктерге жол ашатын, жоғары және кәсіптік-техникалық оқу орындарын тәмамдаған түлектерді жұмыспен қамтуға, бастысы, ауыл жастарының дамуына зор мүмкіндіктер туғызатын жоба. Жастарымыздың ауылды жерлерден қалаға көшуі, ауылды жерлерге жұмысқа орналаспауы жұмыс күшінің азаюына, сонымен қатар ,қалада еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдіктің бұзылуына әкеліп соқтырады.

Қарағанды мемлекеттік университетінде «Дипломмен – ауылға!» жобасы кеңінен насихатталады. ҚарМУ дипломын алған қаншама білікті жас ауылдық жерлерге өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, еліне адал қызмет етуде. Жыл сайын студенттеріміздің аудандық білім беру мекемелері, экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өкілдерімен кездесулері ұйымдастырылады. Болашақ жас мамандарымыз аталмыш жобаның қаржыландырылуы, ұсынылатын жеңілдіктер, бос жұмыс орындары, ауылдық жерлердегі жұмыс жағдайлары туралы қажетті ақпараттарды ала алады. Аталмыш жобаға педагогикалық мамандықтар және әлеуметтік сала түлектерінің белсенді түрде қатысуы атқарылған жұмыстардың нәтижесі болып табылады, олардың саны жыл сайын артып келеді. «Нұр Отан» партиясымен кәсіби дағдыларды тәжірибеде дамытуға және жетекші ұлттық компанияларда сәтті мансапты бастауға керемет мүмкіндіктер беретін «Сәтті қадам» жобасы әзірленді. Юнисеф мәліметтері бойынша Қазақстан жастарды дамытудың жаһандық индексінде 27 орында, бұл елімізде мемлекеттік жастар саясатының табыстылығын айқындайтын көрсеткіш.

Бүгінгі таңда Қазақстанда қоғамдағы қоғамдық бірлестіктер мен саяси партиялардың жұмысына қатысуы арқылы жастардың түрлі біріктіру механизмдері жүзеге асырылады. Жұмысшы жастар одағы, Жастар ресурстық орталығы, Қазақстан студенттерінің альянсы, Ұлттық еріктілер желісі сынды жастар бірлестіктері мүшелерінің және этно-мәдени орталықтар мүшелерінің саны үнемі артып келеді. Осы қозғалыста «Нұр Отан» партиясының жастар қанаты көш бастап тұр.

Студенттерді кәсіби тұрғыдан шыңдап, адамгершілік қасиеттерді сіңіре отырып азаматтық ұстанымдарын қалыптастыру мақсатында 2009 жылдан бастап Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде Жастар Мемлекеттік қызмет мектебі табысты жұмыс істеп келеді. Осылайша, жастарымыз түрлі мемлекеттік және қоғамдық құрылымдардың жұмысымен етене танысу арқылы мол тәжірибе жинақтайды.

Жастардың сәтті интеграциялануы үшін қоғамымыздың негізгі құндылықтарын, оның ұлттық дәстүрлерін, этносаралық келісімді, діни төзімділікті, қазақстандық біртұтастық пен патриотизмді қабылдаудың маңызы өте зор. Халықтың тарихи санасының өзегі ретінде «жалпықазақстандық мәдениетті» дамыту жас қазақстандықтар тәрбиесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Оқу орындары осы бағытта үлкен әлеуетке ие. Мысалы, ҚарМУ студенттері университеттік «Жастар әлемі – Мир молодежи» газеті, Пікір-сайыс клубтары, Баспасөз орталықтары және ҚарМУ Студенттік Парламенті, университетішілік және аймақтық акциялар арқылы өздерінің азаматтық көзқарастарын білдіре алады. Студенттер Қазақстанның өзекті саяси-әлеуметтік даму мәселелерін талқылауға қатысып, «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы құндылықтарының сәтті жүзеге асырылуына атсалысады.

Мемлекет еңбек нарығындағы жастардың мүмкіндіктерін кеңейтуге мүдделі. Бүгінгі таңда еліміздің техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде түбегейлі реформалар басталды. Әлемдік деңгейдегі колледждер құрылуда, педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру жүйесі қолға алынуда және 2012 жылдан бастап Қазақстанның оқу орындарында дуалды оқыту жүйесі енгізілуде. Дуалды оқыту әдісінің бір ерекшелігі, артықшылығы – еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауға білім мекемелерімен қатар жұмыс беруші мекемелердің де жауапкершілігін арттырады. Оқытудың бұл түрінде студенттер білім беру мекемелерінде теориялық тұрғыдан білім алады, сонымен қатар, кәсіпорындарда тәжірибеден өту арқылы білімдерін шыңдай түседі. Жұмыс берушілердің оқу бағдарламасын жасауға атсалысуға мүмкіндігі бар, сондай-ақ, білім беру мекемелеріне кадрлардың нақты саны мен мамандығы бойынша тапсырыс бере алады.

Экономикаға қажет еңбек ресурстарын қалыптастыру жолында «Барша үшін тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы арқылы маңызды қадам жасалды. Айтулы жобаны іске асыру 2017 жылдан басталады. Әр орта мектептің түлегі мемлекет есебінен бірінші техникалық мамандықты игере алады. Елбасының пікірінше, мұндай білім беру мүмкіндіктерін жүзеге асыру Қазақстан үшін қуатты «әлеуметтік лифт» жасауға және жастардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді, экономикамыздың дамуы үшін мультипликативтік әсерді қамтамасыз етеді.

Жастар ғылымының қарқынды дамуы қазақстандық білім берудің негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Жас ғалымдар – қазіргі әлемнің динамикалық ақпараттық және технологиялық үрдістер жағдайында бейімделуге және нәтижелі іс-әрекет етуге қабілетті қоғамның негізгі интеллектуалдық қоры. Жастар саясаты тұрғысынан, жастарымыздың ғылымға қызығушылығының артуы, ғылыми жобаларға қатысуы бұл мемлекетіміз үшін аса маңызды, білім мен ғылымды құндылық ретінде бағалайтын, ғылымға тартылған ұрпақ қалыптастыруға ықпал етеді.

Бірқатар үкіметтік бағдарламаларымыздың жастар ғылымына бағытталғаны да кездейсоқтық емес. Еліміз ғылымды дамытуға барынша қолдау танытып келеді. Үкіметпен инновациялық ғылыми белсенділікті көтермелейтін жүйелік механизмдер құрылуда. Сонымен, «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры» жанынан Қазақстан ғалымдарының өнімді өзара әрекет етуіне, жастар арасындағы мемлекеттік ғылыми-техникалық және инновациялық саясатты іске асыруға ықпал ететін Жас ғалымдар кеңесі құрылды. «Қазақстан Републикасының ғылыми мекемелеріндегі және жоғары оқу орындарындағы ең үздік жас ғалымдар кеңесі» республикалық байқауында бірнеше рет жеңіске жеткен ҚарМУ Жас ғалымдар кеңесі ғылыми мектептердің сабақтастығын қамтамасыз ету және болашағынан зор үміт күттіретін жас оқытушыларды ғылымға тарту сынды маңызды миссияны орындайды.

Ғылыми зерттеулерге арналған байқаулар мен гранттар еліміздің жоғары білім беру мекемелері мен ғылыми ұйымдарының жас ғалымдарын ғылымның, технологиялардың және техниканың басым бағыттары бойынша перспективалы іргелі және қолданбалы зерттеулерге қатысуға ынталандырады. Дарынды жас ғалымдарға арналған Мемлекеттік стипендия иегерлері (Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде кейінгі үш жылда 12 адам алды) өздерінің жұмыстарын барынша жандандырып, басқа да байқауларға қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізетіндіктерін тәжірибе көрсетті.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландыру конкурстары жас әріптестердің зерттемелерін мадақтап, қолдау арқылы олардың әрі қарай да жұмысының алға жылжуына әрдайым ықпал етеді. Бәсекеге қабілетті зерттеушілік жобаларға осылай қолдау таныту арқылы жастар ғылымының нәтижелілігіне, оның ел экономикасының инновациялық дамуымен бағыттық сәйкес келуіне ықпал етеді.

Ойластырылған мемлекеттік жастар саясаты көбіне еліміздің сәтті дамуына негіз болады және жас қазақстандықтардың лайықты буынын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.

 

Еркін Көбеев,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

ректоры, Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button