«Тәуелсіздік дәуірі» – замананың қалыбы

Елбасы Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбегі еліміздің өткен жылдарда бастан кешкен тарихын жүйелі баяндайтын, елде өрістеген аса күрделі процестерді терең талдайтын, сонымен қоса, алдағы күндерге артылатын міндеттерді саралап ашуымен де құнды еңбек дейміз.

Елбасымыздың жүрек толғаныстарынан шыққан бұл кітапты Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған Тәуелсіздік энциклопедиясы деп айтуға толық негіз бар.

Барша оқырмандарға Елбасының тарихи энциклопедиясын толықтай насихаттау барысында наурыз айында Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының конференц-залында «Н.Назарбаев феномені: саяси ұстанымдар мен бастамалар» атты мазмұнды әрі тартымды дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстел модераторы «Болашақ» Академиясының философия ғылымдарының кандидаты, жалпы білім беру пәні кафедрасының доценті Ф.Саттарова аталмыш еңбектің бөлімдері мен кезеңдеріне тоқталып, кітапты әсерлі баяндады. Келген қонақтарға, жас толқынға үлгі боларлық даналық сөздерін тілге тиек ете отырып, тәуелсіздік жолында болған қиындықтар мен ауыртпалықтар жайына тоқталды.

«Өрлеу» БАҰО филиалының Басқару және білім сапасы кафедрасының аға оқытушысы Г.Тусупкалиева «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деген атқа ие болған еңбектің үшінші бөлімі, яғни «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» тақырыбында баяндама жасап, мемлекетімізде қолға алынған бағдарламалар мен тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріміз жайында шара қатысушыларына баяндады.

26 жыл қас-қағым сәт болғанымен, қазақ үшін ғасырға бергісіз кезең. Бар-жоғы ширек ғасырда еліміз биік белестерді бағындыра білді. Мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бергі атаулы әрі айтулы оқиғалары да «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында кеңінен айтылған.

«Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ғылыми сараптамалық қолдау және әдістемелік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Д.Малаев «Біздің ұлттық моделіміз – ынтымақ келісім және диалог» тақырыбында сөз өрбітіп, Қазақстандағы ұлттар достастығын, ынтымақтастығын баяндады. Елбасының қазіргі таңда жастардың білім алуына, өз-өздерін еркін түрде дамытуға, жастарды баспанамен қамтамасыз ету мүмкіндігі туралы баяндап, болашақ жастардың қолында екендігін тағы бір мәрте атап өтті.

Қонақтар «Дәуір. Тұлға. Қоғам» тақырыбында ұйымдастырылған кітап көрмесінің куәсі болды.

Түркі этномәдени орталығы басшысының орынбасары З.Сафарова: «Мен бақыттымын. Неге дейсіздер ғой?! Себебі, мен қазақ деген тәуелсіз елде, ұлан байтақ жерде өмір сүріп жатырмын. Кемеңгер Елбасымыз бар да әлі де қазақ елі дамитынына сенеміз. Басқа ұлт өкілдерін құшағына сыйдырған халыққа үлкен рақметімді жеткізгім келеді» деп ішкі толғанысын жеткізді. Патриоттық сезімге бөлеген бұл шарада мәнді ой-пікірлер айтылып, санамызға тарихтың мол мұрасын түйдік.

М.ТҮСІПБАЕВА,

кітапханашы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.