Мәселе

Тəттіге құмарлық соңы – ащы өкініш

Қоғамда «Қант – ақ у» деген түсінік қалыптасқанымен, одан бас тартып жатқандар шамалы. «Шай шығарып, қант салып ішпесем, басым ауырады» дейтін үлкендер мен тəтті газды сусынға тəуелді жасөспірімдер қатары артып келеді. Басының ауырғанын уақытша басатын тəтті шай, шөліңді қандыратын тəтті судың зиян екенін біле тұра, сіміреміз. Қанттың адам ағзасындағы тепе-теңдікті сақтаудан бөлек зияны да шаш етектен. Ал, құрамында қанты көп сусындарды шамадан тыс көп тұтыну түрлі қатерлі ауруға алып келетіні туралы мамандар дабыл қағуда.

Қант – семіздікке алып келетін бірден-бір дəм. «Қалай?» деп көп ойланудың да қажеті жоқ, егер күнделікті тұтынатын тағам мен сусын қанттан тұрса, семірмегенде қайтесің? Тəтті сусын бастапқыда шөл қандырғандай болғанымен, артынша қайта ішкің келе береді. Мəселен, поляктар, қанттың жəне тəтті сусындардың зиянын ерте ескеріп, күнделікті тұтыну рационын қысқартқан, тіпті, адам өмірін 15 жылға қысқартады деген тұжырымға келген. Адам жылына орташа есеппен 12 кг-нан жоғары тəттіні тұтынатынын айтқан. Бұл сусыннан бөлек көрсеткіш. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мəліметінше əлемде 2,5 млн. адам артық салмақ пен семіздік ауруларынан қайтыс болады екен. Артық салмақ жүрек пен бүйректің жұмысына кері əсер етеді. Британдық диетологтар қанттың зиянды əсерін 1972 жылы дəлелдеген. Бұл қант өнеркəсібіне кері əсерін тигізу қауіпін тудырады. Дегенмен, олар семіздікке қант емес, май мен холестериннің де ықпалы бар деген тұжырыммен майсыз тағам тұтынуға үндейді. Уақыт өте келе өндіріске қант алмастырғыш шықты.

Тəтті сусындардың басым бөлігі қанттан тұрады. Ғалымдар күніне 0,355 литр тəтті сусынды үнемі қолданған жағдайда жүрекқан тамыры ауруларының пайда болатындығын айтуда. Нəтижесінде адам ағзасында зиянды холестериндер мөлшері артып, пайдалы элементтер жойылып кетеді. Адам ағзасындағы тепе-теңдік бұзылып, зиянды майдың мөлшері 53% көтеріледі.

– Тəтті сусынға деген тəуелділік ауыр жұмыс істеу барысында туындады. Тəтті сусынды ішіп алып, асқазаның толған сияқты жұмыс жасап жүре бересің. Үйге келгенде тойып тамақ ішіп, қорыту үшін тəтті сусынға бас қоясың. Осылайша жалғаса берді. Бірте-бірте бауырым ауырды. Салмағым да артты. Бастысы тістерім үгіліп сына бастады. Стоматолог маманға барғанымда «тəттіге құмарсыз-ау» деп қалды. Тəтті тағамға құмарлығым болмағанымен, тəтті сусынсыз жүре алмайтынымды айтып едім, бар пəле содан екенін түсіндірді. Осылайша тісімді құрттым, – дейді қала тұрғыны Мадияр Алтаев.

«Денсаулық» қауымдастығының төрайымы Бақыт Түменова өзінің бір сұхбатында былай дейді: «… адамдардың тəттіге шамадан тыс тəуелділігі жұқпалы емес аурулардың өршуіне əкелуде. Мысалы соңғы жылдары қант диабетімен ауыратындардың саны шамамен 30%-ға өсті. Онкологиямен ауыратындар саны 3%-ға, жүрек-қан тамыр жүйесі ауруларының саны 16 %-ға өсті. Меніңше, бала кезден бастап тəттілерге дұрыс көзқарас қалыптастыру керек. Өйткені, біз тыйым салынған нəрсені ерекше қалап тұрамыз. Егер мəні бойынша түсінетін болсақ, қант қалыпты мөлшерде дененің үздіксіз жұмыс істеуі, мидың дұрыс дамуы жəне ынталандырылуы үшін қажет» екендігін айтып, тəтті затты мөлшерімен пайдалануды əдетке айналдыру қажеттігін ескертеді.

Газдалған тəтті сусындар – семіздікке əкеледі, тіс эмалін үігітіп жібереді, құрамында фосфор қышқылы өте көп болғандықтан бүйрекке тас жиналады, инфарктің пайда болуын 20%-ға арттырады, қан қысымын көтереді. Фосфор қышқылы мөлшерінің көптігі ағзадағы кальций, магний тағы басқа ағзаға қажетті минералдарды шайып тастайды. Салдарынан адамның сүйегі əлсіз, сынғыш болады. Тізе, буын ауруларының тууына əкеледі. Сонымен қатар, обыр ауруының тууына басты себеп бисфенол-А деген қосынды кездеседі.

– Иə, тəтті суға тəуелділік жас талғамайды. Əсіресе, газды сусынға балалар құмар-ақ. Бұл сусындардың жиі мөлшерден тыс көп қолдану соңы қант диабетіне алып келеді. Газды сусын шөлді қандырмайды, керсінше құмарлықты тудырады. Бұл қант мөлшерінің көбейіп кетуіне əкеледі. Соңы жазылмас дертке соғады, – дейді онколог дəрігер Андрей Красножен.

Тəттіні тұтынбау мүмкін емес. Мөлшерімен пайдаланған жөн. Шамадан тыс қолдану соңы сан соқтырып, сансыз аурудың диагнозын қойып беруі əбден мүмкін

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button