Тәртіп күзетіндегі арулар
Әйелдер қауымының Халықаралық мерекесі қарсаңында облыстың Ішкі істер департаментінде «Сұлулық пен ерлік» атты сайыс өтті. Жерлестеріміздің құқығын қорғап жүрген жеті арудың арасындағы тартысты біз де тамашалап қайтқан едік. Сонымен…
Шараның салтанатты ашылуында департамент басшысы жиналған барша нәзік жандыларды мерекелерімен құттықтап, тілегін білдірді.
– Әрбір көктем – табиғаттағы жаңа өмірдің бастауы, әрбір әйел – отбасындағы, қоғамдағы, мемлекет пен әлемдегі аса бір сұлулықтың қайнар көзі. Біздің қазіргі қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол мемлекет өміріне және саяси мәселелерге белсене араласатын қоғам мүшесі. Сондықтан, біздің елімізде әйел адамның әлеуметтік қорғалуына, олардың өмір сүру деңгейін арттыруға ерекше мән беріледі. Бүгінде Қарағанды облысының ішкі істер органдарының әйел қызметкерлері өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, заңға қарсы қол сұғушылықтардан қорғауға белсенді үлес қосуда. Құрметті ханымдар, осынау көктемнің шуақты күні, сіздерге шын жүректен зор денсаулық, махаббат пен мейірім, ана бақыты мен отбасылық қызық-қуаныш, мәңгілік жастық пен әсем сұлулық тілеймін, – деді облыстың ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Мергенбай Жаппаров.
Сөз соңында департамент басшысы ерекше көзге түскен жеке құрамның аруларын марапаттады. Бас полицейдің қолынан ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен марапатталған 4 қызметкерге 2-ші дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісі берілсе, 4 қызметкер аталған министрліктің грамотасымен, 6 маман министрдің Алғыс хатымен марапатталды. 9 қызметкерге Алғыс жарияланды. Сондай-ақ, мереке қарсаңында облыстың ішкі істер департаменті басшысының бұйрығымен 11 ардагерге грамота мен алғыс хат, 350 аруға ақшалай сыйлық үлестірілді.
Марапаттау рәсімі аяқталған соң, сайыс басталып, «Тапанша ату мен қоян қолтық ұрыс» жаттығуларын көрсету, «Таныстыру», «Жүректен жүрекке», «Вальс билеу» сынды төрт кезеңнен бойынша өткізілген байқауға департаменттің басқарма басшылары мен департамент бастығының кеңесшісі бастаған қазылар алқасы төрелік етті. Сөйтіп, қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Қарағанды қаласы ішкі істер басқармасы Жаңа Майқұдық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Елена Мустакимоваға бұйырды. Айта кетерлігі, бұл жеңімпазымыз өткен жылы Ішкі істер министрлігінде өткізілген республикалық «Полиция аруы – 2016» байқауының жеңімпазы атанған болатын. Байқау қорытындысында барлық қатысушыларға бағалы сыйлықтар табысталып, шара ішкі істер департаментінің көркемөнерпаздар ұйымы дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.
Рауан ҚАБИДОЛДИН