ӘдебиетБас тақырып

Тұрсын Жұмаштың жарияланбаған жырлары

 

Қайта түлеген Тұрсын-жыр

Қазақ даласында қандай құндылық болса, халыққа қызмет етпей қалмауы керек. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласындағы бастамалар сонда жүзеге асады. Балқантауда жүріп, Алашын жырымен аялап өткен талантты ақын Тұрсын ЖҰМАШ поэзиясы да Ұлы Даладағы рухани құндылық қана емес, құбылысқа пара-пар. Маусымның 9-да ақынның туғанына 60 жыл толады. Соңында қалған жары мен ұрпақтары 60 жылдығына орай, ақынның «Менің философиям» атты жыр кітабын шығарғаны күні кеше ғана. Бұрынғы «Періште» жинағына енбеген біраз өлеңдері осында еніпті. Тылсымның өзіндей Тұрсын жырларының арнасы енді ашылады!
Осындай игіліктерді сүйіншілей отыра, біз ақынның кейіннен табылған жырларын назарларыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман!

Редакциядан.

 

«Қыр астында қалмайды шын дарындар…»

Тұрсын Жұмаштың бұл өлеңдері бұрын шыққан «Періште», биыл шыққан «Менің философиям» кітабына да енбей қалыпты. Ақын жырларын кезіндегі Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінен тауып алып, редакцияға жіберуші – ұзақ жылдар Қарқаралы ауда – нының мәдениет саласын басқарған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Раушан Жылтыбаева. Тұрсын ақынмен замандас, дос-құрбы ғана емес, істес болған нағыз руханият жанашыры. Әрі қарай өлеңдер сөйлесін!

Сен білмейсің

Сен білмейсің
Мен неге күрсінемін,
Жүрегімнің таба алмай жүрсің емін.
Күн көріс үшін жүрген табан тіреп,
Пенделерді көрем де, түршігемін.

Сен білмейсің
Мен неге үндемеймін,
Көңілде қандай сыр бар біл демеймін.
Сен мені ұқпайсың, ұға алмайсың
Құлшынсаң да сол үшін күнде мейлің…

Сен білмейсің
Мен неге байқалмаймын
Тірі жанға қатты сөз айта алмаймын.
Өкпелеткен адамға күле қарап,
Жыр жазғанда сейіліп қайтар қайғым…

Сен білмейсің
Мен неге сабырлымын
Мені іздеп көктемде сабылды кім?!.
Ағыл-тегіл жауатын ақ жаңбырдай
Көңілімнен, жаным-ау, ағылды мұң.

Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газеті
22.11.1986 жыл.

Жаңа жыл кешіндегі ой

Жаңа жылдың кешінде қиялдаймын,
Ескі жылды ойлаймын, қия алмаймын.
Алабұртып көңілім, алабұртып,
Көздің жасын жасырын жия алмаймын.

Қуаныш та, қайғы да, алмасады,
Өмір солай жаңа жыл боп жалғасады.
Өмір солай – гүлдеп тұрған алма ағашты
Күндердің күнінде қар басады.

Бір ойдан соң, бір ой кеп мазалайды
Ойлаймын өмір жайлы, қаза жайлы.
Күйемін қылығына алдамшының,
Қуанамын ойласам таза жайлы.

Өмір, маған қабақ шытып қарамашы,
Жақсылармен жүрейін араласып.
Жақсы жырлар жазайын ғұмыр берші
Биік төрге самғайын тұғыр берші.

22.11.1986 жыл.

Сарыарқаға ұқсас бір мінезім бар…

Өмірімді алам кейде қиындатып,
Жүрем сосын көп ойдан миым қатып,
Мені мәңгі жалғандыққа қарсы қойған,
Ақын-тағдыр не деген қиын бақыт?!.

Ақын-тағдыр… Не дедім, не деп кеттім,
Не десем де дарыным демеп кеткін.
Сертте тұрар семсер де мен, серің де мен,
Қызарар реті жоқ, демек, беттің.

Қиын болса өмірім… көріп бағам,
(Қиындықты майданда көріпті ағам)
Жығылсам, жыр жолында жығылайын,
Жығылғанша жырымды өріп бағам.

Жығыламын мен неге жүріп өтем,
Шын ақынның болмайды жыры бөтен…
Өмір-өзен ілесіп ағынына,
Жолымдағы жолсыздықты сырып өтем.

Өмірімді алам кейде асықтырып,
Көрсеткенде біреулер пасық қылып…
Найзағайдай кенеттен шатыр етем,
Егіліп, езіліп, жасып тұрып.

Өмірімді алам кейде қиындатып,
(Одан алар жоқ сияқты сыйым да түк.)
…Сарыарқаға ұқсас бір мінезім бар,
Дауылдатып алатын құйындатып.

12.09.1987 жыл
«Ленин туы»

Элегия

Мөлдір тамшы тұнады кірпігіңде,
Аққайыңның секілді бүршігінде.
Мен көктемді сағынып жүргенімді,
Сездің ғой сен ақпанның бір түнінде.

Адамдарға болмадым жалған ғашық,
Бір бақытым кетсе де алдан қашып.
Ақын деме сен мені жылап тұрсам,
Ақын емен өмірде көрген жасып.

Іске аспай жатса егер ойға алғаным,
Керегі не күй шертіп, той барғаным.
Көктем іздеп ақпанда қар көшкенде,
Адастырмай мені осы қойды арманым.

Көктем келер деген бір үмітпенен
Ақпанда да ақын боп күліп келем.
…Сағындырған көктемім, көз ілдірші,
Түндер бойы түрлі ойдан ілікпеген.

16.01.1985 жыл.
«Ленин туы»
Жырақта жүргенде

Келеді таң атып, арайланып,
Келеді жер деген шар айналып.
Төгеді тағы да күн шуағым,
Мен болсам бір сәтке тыншымадым.
Сен мені Сағындырып жүрші жаным…
Сен осылай жүрші мені сағындырып.
Жырақта жүрсең де жанымды ұғып,
Алып ұшпа сезімді бағындырып,
Сен мені, мен сені табындырып,
Өмір бойы жүрейік сағындырып.

16.07.1985 жыл.
«Ленин туы»

Басқа қыз

Басқа көктем,
Басқа жаз, басқа күзбен,
Мөп-мөлдір моншақтарды тасқа тізген.
…Мен шынымен бақытты болар ма екем,
Отау тіксем қайтадан басқа қызбен?

Жалғыз жүрсем
Емес қой пенделігім,
Жұртқа сыйлар өлең көп менде бүгін.
Қыр астында қалмайды шын дарындар,
Шын дарындар өлмейді, сенбе гүлім.

Көктем іздеп көңілім желікпеген,
Мен өмірге өлең боп еніп келем.
Басқа қызға, білмеймін саған ба әлде,
Бақытым боп келер деп, сеніп келем.

10.07.1982 ж.
«Ленин туы»

Туған жер

Қазақтың кең өлкесі
Менің туған мекенім
Туған ана ыстық қой,
Сен де, жерім, сол секілді екенсің!
О, арайлым,
Дүниеден сен деп қана өтемін!

Зеңгір көгің, байқаймын
Құс мекені екенін
Кербез тауың, сал көлің –
Олардағы ерлік пен тереңдікті
Маған мирас етеді.
Кең байтағым
Дүниеден сен деп қана өтемін!

14.01.1978 жыл.
«Ленин туы» газеті

Бәрі мүмкін

Өтіп жатыр сенсіз күндер, апталар,
Мен сарғайдым күтіп сенен хат-хабар.
Он жыл оқып мектеппен де қоштастық,
Өтіп жатыр, емес уақыт тоқталар.

Сенсіз уақыт өтіп жатыр байқалмай,
Жүрмін Саған жүрек сырын айта алмай,
Әлде мені сырттай сынап жүрсің бе,
Жүрсің бе әлде сол сертіңнен қайта алмай.

Хат жазуға жүрсің бе әлде ерініп,
Кеттің бе әлде басқа жанға беріліп?
Бәрі мүмкін білмеген соң мен үшін,
Әр күнімді жалғай береді тек үміт.

Ойламап ем кетеміз деп айрылып
Енді қалдым жарты жолда қайрылып.
Мүмкін әлі ойланарсың…
Мүмкін әлі ораларсың қайрылып!

14.01.1978 жыл.

Біз соғысқа қарсымыз

Кремльден күлімдеп шуақты күн,
Кремльден шығады қуатты үн.
Ядролық ракеталар жойылсын,
Мәңгілікке! Тілегі адал, ойым шын!

…Батыстағы мырзалар елеңдейді,
Қалай жауап береміз, немен дейді?!
Невада штатында бомба жарып,
Тыныштыққа оқ атсын кемем дейді.

Көмейлері бүлкілдеп мырзалардың,
Советтердің елемей бұл мазағын
Көрсетейік дейді олар, көрсетейік
Құдыретті қарудың бір «ғажабын».

Аз көрініп оларға қырғандары,
Зұлымдар-ай, қасарысып тұрған бәрі.
Жүрер еді, әйтпесе, арамызда,
Хиросима, Нагасаки құрбандары.

Ілік іздеп сөзімізден, өзімізден
Сескенеді жарқын жүз, көзімізден!
Біледі олар шындықтың бізде екенін,
Қашқақтайды сондықтан өзі бізден.

Батыстағы мырзалардың сандырағы,
Жер үстінде оқ болып қаңғырады,
Барлық оққа кеудемді қалқан етем,
Бізге керек жер әні, жаңбыр әні!

Бізге керек бейбіт күн, таң самалы,
Мәңгі бейбіт – адамзаттың аңсағаны.
…Жас ана құшағында балғын бөбек,
Балбырайды, күледі, тамсанады.

Саманта

Саманта, батады маған қайғың,
Тағдыры үшін жерімнің алаңдаймын.
Сәби-жүрек күрсінсе құрыстырып,
Мен сол үшін кінәлі адамдаймын.

Сені көрем түсімде, елесің бе,
Ақ көгершін жылайды сенесің бе?
Ақ көгершін сен болып тіл қатады,
Оттың ізі бар оның денесінде.

Ақ көгершін от шалған қанаттарын,
Қағады да, жылайды жаратқаным,
Көремін мен одан соң ракетаның,
Жұлдыздарға көтеріліп баратқанын.

Көтеріліп барады жұлдыздарға,
Құлау үшін өлім боп шың-құздарға.
Не деймін мен Саманта, не айтамын,
Ақ бесікте тербелген ұл-қыздарға.

Кіп-кішкентай жүрегің дүрсілдейді,
Дүрсілдейді, бірақ та, күрсінбейді.
Кіп-кішкентай жүректің бейбіт үшін
Мәңгі соғып тұрарын білсін дейді.

Басқа материалдар

Back to top button