Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

ТҮРКСОЙ-дың тартуы

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай, облыстың кітапханалары ТҮРКСОЙ басылымдарымен толықты. Бірнеше тілге аударылған қазақ классиктерінің шығармалары топтастырылған кітаптарды Халықаралық түркі мәдениет ұйымының Бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ салтанатты түрде тапсырды.

Түбі бір түркі халқының мәдениетін, әдебиетін, өнерін қолдауда аталмыш ұйым ауқымды шараларды жүзеге асырып отыр. Ел арасындағы ынтымақ пен рухани байлықты ұштастыра отырып, олардың ұлттық құндылықтарын насихаттауда. Сондай ізгілікті шараның бірі облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтті. Мәдени мұраны насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараға облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, «Ғасыр адамы» Темірғали Көкетаев бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты. Рухани шара тізгінін ұстаған Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының басшысы Жанат Жаңқашұлы тарихи жобаның мән маңызына тоқталды.

Қазақ әдебиетінде ойып тұрып орын алатын ақын-жазушылар – Абай Құнанбайұлы, Жамбыл Жабаев, Мұқағали Мақатаев, Олжас Сүлейменов және тағы басқа қазақтың классик тұлғаларының мерейтойлық даталарына орай халықаралық ұйым басып шығарған 24 кітап-альбомның 200-ге жуық данасы қала басындағы кітапханаларға тарту етілді. Оның ішінде, үш тілде жарияланған «Абай», «Үш Арыс», «Олжас Сүлейменов», «Шыңғыс Айтматов», «Қалам мен қағаздың махаббаты» сынды кітаптар бар.

– Егеменді еліміз үшін бүгінгі іс-шара – өте маңызды. Облыстық кітапханаға табысталған туындылар арасында арт-альбом бар. Үш арыс кітабында – Cәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров туралы жазылған. Соңғы жазылған кітап түркі дүниясының, әзербайжан халқының мықты ақыны Низамидің 880 жылдығына арналған. Сонымен қатар, Абайдың шығармалары түрік тіліне, Мұқағалидің туындылары жеті тілге аударылып, кітап болып шықты. Мұндай құнды дүниелерді жинап, аударып, кітап қылып басуда үлкен ұжымның еңбегі жатыр, – дейді Дүйсен Қасейінов.

Жалпы, түбі бір туысқан елдердің әдебиетін ұлықтауда Дүйсен Құрабайұлының еңбегі зор. ТҮРКСОЙ ұйымына бас хатшылық қызметке келген 13 жылдың ішінде көптеген ақын-жазушылардың еңбектерін түрлі тілге аударып, насихаттап келеді.

– Кітап – қасиетті нәрсе. Бүкіл ілім-білім, адамзаттың өмірі – кітапта. Кітап – мәңгілік. Осындай керемет шараларды іске асырып жатқан Дүйсекең басқаратын ұйымның Қарағанды кітапханаларына сый жасап жатқаны бізді ерекше қуантып отыр. Ұлы тұлғаларымыздың еңбектері халықаралық тілге аударылуы – ұлтымыз үшін қуанышты жайт, – деп алғысын білдірді Т.Көкетаев.

Ұлы тұлғаларымыздың шығармалары енген, замана сыры, тарих шежіресінен сыр шертетін құнды кітаптар – рухани сарқылмас қазына. Әрі оны шет тілдеріне аудару, тарату, әр ұлттың мәдениет, әдебиетін насихаттауды үлкен жауапкершілікпен қызмет етіп келе жатқан Дүйсен Құрабайұлының еңбегі елеусіз қалмады. Адал еңбекпен абыройға жеткен білікті ұйымдастырушы, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Президент Жарлығымен І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталып, «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Рухани құндылықтар қатарын толықтырған ағамызға филология ғылымдарының докторы, профессор Берік Рақымов, Қазақстанның Құрметті журналисі Әли Тойжігітов және облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Күліш Төлеуханова ақжарма тілегін білдірді.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button