Спорт

Төрге оздырған төрт алтын

Өзбекстан астанасы Ташкент шаһарында бокстан әлем чемпионаты өтті. Онда қазақстандық боксшылар барлық 13 салмақта өнер көрсетті. Жүлде қоры 5 млн. доллардан асатын айтулы бәсекеде арасында жеті бірдей жаһан чемпионы бар, 104 мемлекеттің 640 спортшысы бас қосты. Ауқымды спорт додасында ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов бастаған былғары қолғап шеберлері барын салып, команда қоржынына төрт алтын, бір күміс медаль салды. Бұл – исі қазаққа ортақ қуаныш.

 

Әлемдік додада ел намысын 48 келіде Санжар Тәшкенбай, 51 келіде Сәкен Бибосынов, 54 келі бойынша Махмұд Сабырхан, 57 келі салмағында Серік Теміржанов, 60 келіде Талғат Сырымбетов, 63,5 келі санатында Санатәлі Төлтаев, 67 келі бойынша Дулат Бекбауов, 71 келіде Асланбек Шымбергенов, 75 келі салмақта Нұрқанат Райыс, 80 келі санатында Нұрбек Оралбай, 86 келіде Сағындық Тоғамбай, 92 келі салмағы бойынша Айбек Оралбай және ауыр салмақ 92 келі санатында Қамшыбек Қоңқабаев қорғады.

Ақтық кезеңде шаршы алаңға алдымен, рингке 48 келіге дейінгі салмақта Санжар Тәшкенбай көтерілді. Санжар кездесуді сенімді бастап, грузин боксшысы Сахил Аллахвердовиге бет қаратпай сериялы соққылар жасап, әлем чемпионатының алтынын жұлып алды. Жалпы, Санжар чемпионатты бастағандағы аяқ алысынан-ақ, алысқа бара алатын қауқарын аңғартқан. Ол ақтық сынға дейін бапкер қойған тактиканы дұрыс орындап, екі қарсыласын нокдаунмен, қалғандарын ұпай бойынша ұтқан еді. Осылайша, Тәшкенбайдың ұлы Ташкент төрінде еліміздің Әнұранын алғаш шырқап, Туымызды көкке көтерді.

Ал, 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Махмұд Сабырхан финалда өзбекстандық Ойбек Жураевтан басым түсті. Үш раунд бойы үздіксіз соққы жұмсап, қарсыласын бірнеше рет нокдаунға түсірді. Махмұд осымен екінші рет финалға шығып отыр. Әлем чемпионатында 2 жыл бұрын финалға шығып, күмісті қанағат тұтқан Махмұд Сабырхан қателігін дұрыстап, осы жолы чемпион атанып, алтын медаль асынды. Алаштың абыройын асқақтатты. Жалпы, Махмұдтың бокстасуы бөлек. Жылдамдығына көз ілеспейді. Бекзат Саттарханды еске түсіреді. Әр жекпе-жегін сүйсіне тамашаладық.

Ұлттық құрама капитаны 71 келіге дейінгі салмақта Асланбек Шымбергенов өзбекстандық Саиджамшид Джафаровты айқын басымдықпен жеңіп, көптен күткен алтын медальға қол жеткізіп, әлем чемпионы атанды. Оның қандай сауатты боксшы екенін әлем мойындады. Небір мықты қарсыласқа кезіксе де саспай, мұқият жұдырықтасты. Әсіресе, жартылай финалда өте ауыр жекпе-жек өткізді. Осылайша, біраз жылдан бері бағы жанбай жүрген Асланбек асыл текті қазақтың шымыр жігіті екенін дәлелдеді. Әнұран орындап тұрып, көзіне жас алғаны да тегін емес…

80 келі салмақта финалда екі қазақ баһадүрінің кездесуін «финалдық жекпе-жекте қазақ дербиі өтті» деп жатты сарапшылар. Аталған салмақтағы шешуші сында қазақстандық Нұрбек Оралбай Қытай атынан шыққан этникалық қазақ Тоқтарбек Таңатханмен кездесті. Төрешілердің шешімімен жерлесіміз айқын басымдықпен жеңіске жетіп, алтын олжалады. Бесінші финалист Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Асадхужа Муйдинхужиавпен қолғап түйістірді. Бұған дейін қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда Дулат жеңсе, Ташкенттегі тартыста өзбек боксшысының соққылары дәлірек тиді. Дулат Бекбауов алға ұмтылып баққанымен, нәтиже шығара алмады. Өз салмағында әлемнің екінші боксшысы екенін дәлелдеп, күміс жүлдені қанағат тұтты.

Бұл әлем чемпионатында рекордтық деңгейдегі сыйақы тағайындалды. Қазақстандықтар 4 алтын мен 1 күміс алғанын ескерсек, бас-аяғы 900 мың доллардың сертификатына ие болды. Ұлттық валютаға шаққанда шамамен 400 млн. теңгені құрайды. Бұл – халықаралық бокс федерациясының сыйақысы. Сондай-ақ, Қазақстан бокс федерациясы атынан әр чемпионға 100 мың доллардан сыйақы беріледі.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button