Балқаш

«ТӘРЕЛКЕ» ұшып төбемізге түспесін…

Балқаш қаласындағы үйлердің шатырлары мен қабырғаларына бекітілген жерсеріктік антенналардың көзін құртпаса, көшеде жүрген адамның майып болуы әбден мүмкін. Және бұл антенналар қала көркін бұзып тұр

Саңырауқұлақтай жыпырлаған, ел аузында «тәрелке» аталып кеткен антенналарды көріп қатты алаңдаймын. Әр үйдің қабырғасынан екі-үштен аспанға қарап тұрған бұл құрылғы тұрғындардың басына құламасына кім кепіл?!

Осыдан біраз уақыт бұрын қаламыздағы бес қабатты үйдің екі подъезінен жиырмаға жуық «тәрелкені» санаған едім. Ол кезде бұл «тәрелкелер» сән еді. Көпшілік бір-бір антеннадан қойып алып, қанненқаперсіз кез келген арнаны тамашалайтын.

Бүгінде кабельді арналарға қосылған қалалықтар үшін «тәрелкелер» керексіз болып қалды. Бірақ, үйдің шатырындағы, қабырғасындағы «тәрелкелер» әлі тұр. Қаладағы әрбір бесінші үйде бар десем, қателеспеймін.

Мәселен, Калмыков көшесіндегі, №1/1 үйдің кіреберісінде тот басқан «тәрелке» құлағалы тұр. Мұндай қауіпті антенналар қаламызда жеткілікті. Адамдардың өміріне қауіпті және қала үйлерінің көркін бұзған құрылғыларды алып тастауға болады ғой. Әлде біреуге әлі де қажет пе?

Балқаш қаласының әкімдігі тұрғындарға тікелей төніп тұрған қауіптің алдын алып, осы мәселені жеделдетіп шешсе деген өтінішіміз бар.

Медет КЕУЕКОВ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button