Тұлғаны мектеп тәрбиелейді
Бала тәрбиесі – адамның жеке тұлғасын қалыптастыруға, моральдық және әлеуметтік жауапкершілікті сезінуге ықпал етеді. Құндылықтар адам өмірінің мәнін анықтайды.

Бала тәрбиесінде басты құндылықтар ретінде: адамгершілік, ізгілік, әділдік, құрмет, жауапкершілік, төзімділік және адалдық сынды қасиеттерді балаға сіңіру міндет. Бұл құндылықтар балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Егер бала осы құндылықтарды сіңірсе, өз әрекеттерін саналы түрде бақылап, қоғамда бейбітшілікті сақтауға, адамдармен үйлесімді қарым-қатынас жасауға қабілетті болады.
Мысалы, адамгершілік баланың мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына айқын әсер етеді. Әділдікке, адалдыққа, шыншылдыққа тәрбиелеу өмірде өз орнын табуға, басқалармен келісімде өмір сүруге мүмкіндік береді. Құрмет пен жауапкершілік балаға қоғам алдындағы міндеттерін сезінуді үйретеді.
Ата-аналардың балаларына берген өнегесі мен үлгісі, олардың қарым-қатынас мәдениеті, жеке тұлғалық қасиеттері баланың мінез-құлқына тікелей әсер етеді. Мысалы, бала ата-анасы мен үлкендерге құрмет көрсетіп, адал болуды көрсе, ол да осыны өз өмірінде ұстанатын болады.
А. ШЕРЖАНОВА,
Ж. Ақбаев атындағы жалпы білім беретін мектептің
математика пәні мұғалімі