Тұлға тағылымы
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапханада «Сарыарқаның абызы – Жайық Бектұров» атты тарихи жаңғыру кеші өтті.
Кеште Жайық Бектұровтың өмірі мен шығармашылығы, жалпы адамзаттық құндылықтар, гуманизм, зиялылық жайлы әңгімелердің тиегі ағытылды.
Шараға арнайы шақырылған Жайық Бектұров атындағы Қарағанды облыстық жасөспірімдер кітапханасы кабинет-мұражайының меңгерушісі Жанат Шпанова қатысты. Өлкетану бөлімі автоматизациялық бөлімінің ұйымдастыруымен Жайық Бектұров атындағы жасөспірімдер кітапханасының музейінен арнайы түсірілген репортаж арқылы оқырман студенттерге экраннан көрсетілді. Музей меңгерушісі музейден жазушының өзі тұтынған жәдігерлері мен қолтаңбасы қойылған кітаптарын әкеліп, оқырмандарға таныстырды.
Кешке қатысушы ҚарМТУ, ҚарМТК студенттері – Тәуіржан Серікхан, Азамат Қалиев, Ернұр Бекалиев көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, нақты мағлұматтар алды. Өлкетану бөлімінің кітапханашысы Гүлім Сланбекова жазушы замандастарының Жайық Бектұров жайлы жазған қысқаша естеліктеріне тоқталып, кітап көрмесіне шолу жасады.
Гүлайым ЖЫЛТЫБАЕВА,
М.Әуезов атындағы орталық
қалалық кітапхананың
бөлім меңгерушісі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.