Тұлға мүсіні – тұғырда
Қарағандыда Қазақстан тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі көрнекті мемлекет қайраткерлерінің бірі Сұлтан Досмағамбетовтің бюсті орнатылды. Көрнекті ғалым және қоғам қайраткер мүсіні Абай көшесіндегі саябақтан орын тапты.
Ашылу салтанатында Сұлтан Досмағамбетов туралы замандастары естеліктерімен бөлісті.
– Біздің отбасымыз ұзақ жылдар бойы дос болды. Ғалымның ұлы парызын орындап, әкесіне құрмет көрсетті деп есептеймін. Бұл монументалды жоба. Қалаға керемет тарту. Сұлтан Қапарұлының арамыздан кеткеніне бес жылдан астам уақыт өтті. Бірақ, ол үлкен мұра қалдырды, – дейді отбасының досы Күләш Түсіпбекова.
Ашылу салтанатына облыс әкімі Жеңіс Қасымбек қатысты.
– Сұлтан Досмағамбетовтің аймақтың және Қазақстанның дамуына қосқан үлесі баға жетпес. Еліміздің тарихындағы алар орны ерекше. Ол әлемдік деңгейдегі қалалардың, өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылысына қатысты. Тіпті, қазір оның бюсті өзі жұмыс істеген кабинеттің терезелерінен көрініп тұруы да бекерден емес. Сол арқылы баршамызға Отанға шексіз қызмет ету қажеттігін еске салады, – деді Жеңіс Қасымбек.
Сұлтан Досмағамбетовтің ұлы Ерлан қала ғана емес, жалпы ел үшін де еңбек сіңірген қарағандылықтар туралы естеліктерді сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз өткен ғасырда өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін қалыптастырғандарға құрмет көрсетеміз. Менің әкеме ескерткіш орнатуға және ашуға қатысқандардың баршасына алғыс айтқым келеді, – деді ол.
Бюстті дайындап, орнатуға шамамен бір жыл кетті. Авторы – Ресейдің жетекші мүсіншілерінің бірі – Александр Ткачук. Мүсіндік бейне қоладан құйылған. Оның биіктігі шамамен төрт метрді құрайды. Тұғыр салмағы 9 тонна, үш гранит монолиттен тұрады. Бюст отбасы қаражатына салынған.
– Тұғырдың және алаңның жобасын Красноярск мамандары дайындады. Бюст Екатеринбургте құйылды. Бұл мінсіз құюдың тұтас түрі. Қола түстес бюст керемет асыл реңк шашады. Тұғыр Алматыда тұтас граниттен жасалған. Бұл ескерткіш мүсіндік құрылым қандай болуы керектігінің стандарт үлгісі. Ғасырлар бойы сақталатындай етіліп жасалған және оны әлемнің кез келген қаласында орнату ерекше мәртебе саналады, – деп түсіндіреді жоба жетекшісі Владимир Проценко.
Сұлтан Досмағамбетов 1928 жылы 1 қыркүйекте дүниеге келген. Көп жылдар бойы партиялық және мемлекеттік органдарда еңбек етті. Мемлекеттік басқаруды құруға және дамытуға елеулі үлес қосты. Білім беру жүйесі үшін де айтарлықтай еңбек етті. Тау-кен институты (қазіргі техникалық университет) кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді, педагогикалық институттың ректоры қызметін атқарды.
Оның есімі Қазақстанның ғылыми ортасына кеңінен танымал. Сұлтан Досмағамбетов «Еуразия» Халықаралық экономикалық академиясының академигі, ҚР әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, еліміздің білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері атағына ие. Экономика, педагогика және құқық бойынша 200-ден астам ғылыми еңбек дайындады. Көп жылғы адал еңбегі үшін «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», «Құрмет» ордендерімен, Қазақстан Республикасы Президентінің көптеген медальдарымен, төсбелгілерімен және Алғыс хаттарымен марапатталған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.