Руханият

Тәңірқұт

Көктемде қой да қоздайды,
Ит те күшіктейді,
Қасқыр да балалайды,
Қой баласы қой болып шөп жейді,
Ит баласы ит болып боқ жейді.
Қасқырдың баласы қасқыр болып қой жейді.
Асылдың басын асыл алмақ емес,
Нәсілдің құны сұралмай қалмақ емес.

Қожбамбет би.

Коллаж М.Әйнекова

Сарын

Қожбамбет бабамыз неткен әулие еді?!
Бәрін де қолға ұстатқандай айтып кетіпті ғой.
Балалайтын адам ғана болса керек-ті…
Жоқ, бабамыз қасқырдың баласы дейді, иттің баласы дейді, қойдың баласы дейді…
Қазақ баласының құлағы бұл тіркес­терге қанық үйренген. Бұл қалай деп жатпайды. Бұл тіркестер әке-шешенің баласына кейігенде айтатын сөздері ғой. Алайда, баласы мұны айналайын деп қабылдайды!
Басқа жұртқа осылай деп айтып көр – басыңды жармаса да, бір-екі қойғыштап қалары анық…
Ал қазақ баласы шам шақырмайды. Өйткені, соқыр түйсігі, шынымен, оның көк бөріден жаралғанын айтады…
Мына сайын даланың иесі шынымен қазақ пен қасқыр!
Екеуі де еркін, екеуі де азат…
Ештеңеге де байланбаған!
Су іздемеген!
Ну іздемеген!
Даланың топырағын шайнағанды қанағат тұтқан!

Ұлттық кодымыз!

Атақты Сүйінбай ақыннан да кодтық өлең қалған. Соның бірі біздің жазып отырған тақырыбымызға байланысты. Әңгіме тұп-тура қасқыр туралы.
Бөрілі байрақ астында,
Бөгеліп көрген жан емен.
Бөрідей жортып кеткенде,
Бөлініп қалған жан емен.
Бөрілі найза ұстаса,
Түйремей кеткен жан емен.
Бөрілі байрақ құласа,
Күйремей кеткен жан емен.
Бөрі басы – ұраным,
Бөрілі менің байрағым.
Бөрілі байрақ көтерсе,
Қозып кетер қайдағым…
Осындағы бөрі сөзінің орнына қазақ сөзін қойып оқып көріңізші.
Ештеңе өзгермейді!
Осы үш шумақтың өзі қазақ пен қасқырдың бір тамырдан өріс алатынын айғақтайтын, ғасырлар тоғысында қалып қоймай, бүгінгі күнге жеткен бағасыз жолдар.
Осы үш шумақтан қасқырдың бүкіл болмысын тануға болады. Осы үш шумақтан қазақ баласының болмысын кө­ресіз.
Түркі жұрты өзінің түп тамырын осы қасқырдан өрбітеді. Мифологиялық Ашинаны солайша біздің өмірімізге жақындас­тырып қояды.
Ашинамыз қасқырдың құртқасы. Ті­ліміздегі шулан қасқырдың ұрғашысы деген сөз. Моңғолдар шоно дейді.
Қасқырды асқақтатушылық қазақ даласына кеңінен жайылған. Қасқыр туралы жаман сөз айту көргенсіздікке есептелген. Содан да малын алдырса да бәрін Бір Құдайға тапсырып, балағат сөздеріне бармаған.
Қазақ баласы ешқашанда түз тағысын асырамаған. Оның ішінде ешқашанда қасқыр асырамаған.
Қасқыр елдік нышанға ие болған.
Түркі жұрты оны байрақтарына шы­ғарған. Қасқыр бейнелі елтаңбалы жұрттар да бар.
Бұл жағынан біздер ұятты болып тұрмыз. Әйтпесе, біздің де қасқырды мемлекеттік нышандарымыздың біріне айналдыруымызға әбден болатын еді.
Қасқыр мен қазақтың табиғаты бір дегенге сеніңіз!
Қасқыр жаманшылыққа барғанымен, өзіне келгенде бәрінен тыйылған. Хайуанаттық, мақұлықтық нәпсісінен жоғары тұрған.
Ешуақытта бір-біріне қастандық жасамаған.
Ешуақытта бірін-бірі тастап кетпеген.
Бір-ақ рет жұп құрған.
Қашанда қорегімен бөліскен.
Қарақұлақтарын әуек болып тәрбиелеп, асыраған.
Аң қағуға жарамағандарының әуек есебінен өз үлестері болған.
Енді осының барлығын қазаққа қарап айтыңызшы.
Еш қателеспейсіз!
Біздің түбіміз бір дейтініміз осыдан!

Ит сегіз туады,
Біреуі абадан…

Бөлтірігін алма шуланның, шұрқан салар қораңа.
Мәтел.
Иттің сегіз, шошқаның тоғыз табатынын (туатынын) екінің бірі білсе керек. Ал иттің абадан туатынын кім естіген? Соған орай бұл жердегі әңгіме абадан жөнінде, абадан төңірегінде болмақ.
Бұл не қылған абадан, ол қасқырға қатысты айтылмаушы ма еді деген заңды сауал туады.
Қазіргі уақытта абадан сөзі басшы, нақтырай түссек, көшбасшы мағынасында түсініледі, қолданылады. Баз-базда жөн-жосықсыз қолданатынымыз да бар, әсіре мағына артатынымыз да бар – оған түсіністікпен қарағанымыз дұрыс. Бұл, әсіресе, өнер адамдары арасында кеңінен тараған.
Жалпы, түрік жұрты өздерінің арғы бабасын қасқыр (қашқыр, қасқар, қашқар, қошқыр, бөрі, бэрэ…) деп біледі. Біз қалай қасқырды аспандатсақ, нанымын бұзбаған түркі баласымен бірдей чуваш, ғағауз… сынды шоқынды бауырларымыз да солай аспандатады. Оған моңғол жұртын қосыңыз.
Түріктер өздерін қасқырдан таратады. Анықтай түссек шуланды (шона, шина/ашина…) түпанамыз деп біледі.
Аңыз бойынша бабамыздың аяқ-қолын шауып, денесін ит-құсқа жем болсын деп айдалаға тастайды. Алайда, ғайыптан шулан пайда болып оны өзінің қамқорлығына алады, кейін одан сегіз бала табады. Біздің түркі жұртымыз осы сегіз баладан тарайды.
Діни аңыз бойынша көктен пәрмен келіп Ибраһим пайғамбардың баласын құрмалдыққа шалатыны бар. Ал біздің бабаларымыз сол заманның өзінде басқа жолды таба білген. Олар құрмалдыққа қасқыр баласын шалған. Сөйтіп Көкті де ырза қылған, өздері де дін аман қалған.
Жебірей жұрты қошқар шалған!
Біздің жұрт/бабаларымыз қашқар (қас­­қыр) шалған!
Бұл дәстүр бүгінде шұбаш (чуваш) бауырларымызда қалып отыр.
Олай болса, қанша түркі жұрты бар болса, қасқыр баласына деген соншама құрметі бар.
Қасқырдан тарайтын ит тұқымына кәдімгі төбет пен орман төбеті/лайка жатады. Қасқырды бір алса, осы төбеттер алады. Өйткені түбі бір.
Қасқырды ғылыми тұрғыдан жіліктегенде ит тұқымдас деп тәпсірлейді. Қасқыр тұқымдас деп айтпайды. Олай болса, қасқырдың түп атасы ит пе, әлде иттің түп атасы қасқыр ма – оны зерделейтін уақыт әлі алда деп білу керек…
Әлгі әуек (құртқа) ауылдың төбетін өзімен бірге алып кеткенде бес-ақ күнге алып кетеді. Өйткені бөрісырғақ бес күнге созылады. Бес күн бойы төбет абадан да болады, бөрі де болады.
Иттің абадан болатын жері осы!
Иттің бөрі болатын жері де осы.
«Тілімізде қасқыр ішікті, ит аяқты» деген де мәтел бар. Мәтелдің «қасқыр ішіктісі» біршама түсінікті болғанымен «ит аяқтысы» еріксіз тосылтады.
Қасқырдың терісін илеп, ішік тіккен. Сыйлы қонақ келгенде аяқ астына қасқыр терісін тастаған. Аттанғанда қасқыр ішік кигізген. Қасқыр ішік кигізу үрдісі бар болғанымен елдің бәріне бірдей қасқыр ішік кигізе бермеген.
Мұндай құрметке қырық жастан асқан ер-азаматтар ғана бөленген. Себебі еркектің жілік майын ағызып жібереді деп есептеген.

Бөрісырғақ

Сонымен бөрісырғақ дегеніміз не?
Әуелі осы бөрімізді анықтап алайық. Әрине, ол қасқыр. Әрине, ол қасқырдың арланы. Әрине, ол арлан болғанда жалы. Әрине, ол жал болғанда бөрісі.
Жал деп қасқырдың арланын айтамыз. Қаншығы – шулан.
Қасқырдың үйірін әуек дейміз. Осы әуекте шамамен жиырма-отыз қасқыр болады. Орманды қасқырлы орыс жұрты әуекті стая дейді. Әуекті бастаушыны вожак дейді.
Қалай екенін қайдам, біздер осы вожак сөзінің калькасын жасап көсем, көшбасшы деп жүрміз. Кешегі үлкендер оны әуекбасы деуші еді. Сондықтан алдағы уақытта осы сөзге назар аударсақ деймін. Оның үстіне бізде басқұрт деп айтушылық бар ғой.
Осы жерде көзі қарақты оқырманның «сонда абаданымыз не?» деуі әбден мүмкін. Абадан дегеніміз де әуекбасы деген сөз. Алайда…
Аңға қасқырлар әуек болып шықпайды. Олардың да қартайғаны, түрлі жарақаттан мүгедек болып қалғандары, аң қағуға жарамайтын көксеректері болады. Сондықтан олардың күш кемістігі білінгенде олар бірігеді. Әуектер күш біріктіреді. Бірнеше әуек, топтасып, үлкен бір әуекті құрайды. Соны басқаратын әуекбасыны абадан дейді.
Орман қасқырлы орыс жұртында мұндай ұғым жоқ. Өйткені орманда жемтік жеткілікті. Оларда бәрі вожак.
Сондықтан абадан сөзіне құрметпен қарап, жөнімен қолданғанымыз дұрыс болады. Бабаларымыз «абадан байрақты» деп тегін айтпаса керек. Және оны сакральді сөз деп қабылдайды.
Тақырыбымыздан ауып барамыз-ау дейміз. Қайтып оралайық.
Көкейімізге келіп тірелген сауал әуек қайтып көбейеді деген сауал болса керек.
Шынымен, қайтып?
Жұптасып, әрине.
Жұптасып деп текке айтып отырғанымыз жоқ. Қасқырлар бір-ақ рет жұп құ­рады. Және әуекте мұндай бір-ақ жұп болады!
Міне, мәселе қайда?
Жұпқа түсетін қасқырдың арланын бөрі дейді. Арланның жал екенін білеміз, қарап отырсақ жалдың барлығы бірдей бөрі бола алмайды екен. Моғал тілмен айтсақ, әуектегі қасқырлардың тұқым шашатыны біреу болады, сол біреуімізді бөрі дейді.
Тілімізде жиілігі жоғары бөрікөз, бө­рімінез, басқа да бөрі сөзімен қатысты сөз тіркестері жеткілікті. Осы тіркестерден-ақ бөріде сакральдық қасиеттердің барлығы білінеді. Ол не қылған қасиеттер?
Ол ең алдымен әуектің иесі.
Бүгін де!
Ертең де!
Ол әуекті құрайтын қасқырлардың ана­лығын таңдай білуі керек.
Ол келешек ұрпағының жататын жерінен жаңылыспауы керек.
Ол қаритын қаншығын жазбай тануы керек.
Таңдау жеткілікті.
Мың емес, жүз емес, алайда жеткілікті.
Таңдау жасалғанда оны бөрте дейді.
Осы жерде естеріңізге ештеңе түспей ме?
Бөрте деген түп апамыз бар емес пе еді? Ол апамыз жаһанды тітіреткен Темужиннің таңдауы емес пе еді? Кешегі Абылай, кешегі Кенесарының… мамасы емес пе еді?
Мама сөзіне де шекеден қарап жүрген жайымыз бар.
Қазақ баласы әжеден кейінгі әжемізді мама деген. Салыстырыңыз: мамабие, мамақаз, мамақазық.
Үйші қауымдар жалпы ағаштың ұр­ғашысын мама деген. Содан барып ағаш­тың барша ұрғашысын мамағаш дейді.
Бөрінің бөртені таңдауы өте маңызды. Өйткені, әуектің одан әрмен өсіп-өнуі осы бөртеге байланысты. Әуектің ертеңін осы бөрте шешеді.
Қандай жағдайда болсын бөрте «қысыр» қалмайды. Бір жағдайда тоғыз, енді бір жағдайда жалқы табуы мүмкін.
Неге?
Қасқырлар қоғамдасып өмір сүретін мақұлықат. Қоғам болған соң-ақ онда да кемістіктер болады. Кемел қоғам ешқашан да болған емес, болмайды да. Соның жарқын көрінісін осы әуектің мысалынан көруге болады.
Аңға топтасып шығады, түсірген ол­жаларын өзара бөліседі. Ол олжадан ешкім де сырт қалмайды. Әлі аңға жарамайтын қарақұлақтарын ешуақытта аш қалдырмайды. Әуек ең алдымен соларды қоректендіреді. Содан кейін аңға шығуға жарамайтындарды…
Сол аңға шығамын деп жарақат алып, мүгедек болып қалғандардың кезегі қарақұлақтардан кейін тұрады.
Осыдан кейін қасқырларды текті демей көріңіз!
Уау, сонда аңшылардың өздері қайда қалады?
Олар өздерін де ұмытпайды. Соны бөрте шешеді.
Айналадағы қорек жеткілікті болғанда тоғыз табады!
Қорек мардымсыз болғанда жалқы табады!
Бірақ ешқашанда жоғарыда айтқанымыздай қысыр қалмайды!
Қасқыр ешуақытта құтын босқа шашпайды!
Сондықтан да бабаларымыз оны тәңірқұт деген.
Әңгімемізге қайтып оралайық.
Қасқырдың тектілігіне көзіңіз енді жетеді!
Бөрі мен бөрте мойнына алған шаруаларын басқа мақұлықаттар сынды ашық, кез келген жерде жасамайды. Олар бұл жауапкершіліктерін жасырын жасайды!
Әуектен бөлініп, көзден таса жерде. Бір жаратушы ақпанның ақырған боранын осы бөрі мен бөрте үшін әдейі жіберген сынды көрінеді. Әуектің қалған көзінен жасырынуы үшін…
Осы амалды бабаларымыз бөрісырғақ деген. Бұл амал ақпан айының 17-25 аралығында өтеді.
Қасқыр баласын 63 күн көтереді. Содан барып қарақұлақтарын сәуір айының аяғында әкеледі. Қыс ішінде қасқыр (бөрте) күшіктеді деген әңгімені естімедік.

Бөрітон

Тілімізде бөрітон/ды деген сөз бар. Мәшекең Жидебай батырды суреттегенде бөрітонды деп жазады.
Осы сөзді де алғаусыз қолданатынымыз байқалады. Оны өзіміз аңғара бермейміз. Содан да барып қасқыр ішік мағынасында түсініп, сол мағынада қолданып жүрміз.

Шын мәнінде, бөрітон да қазақтың тонына, оның ішінде сыртаңына (сырттон) жатады. Бөрітон деген сөз бөрі киім деген сөз.
Қасқыр ішік те қазақ баласының сыртаңы. Қасқыр ішікті екінің бірі киді десек те, бөрітон жөнінде олай деп айта алмаймыз.
Бөрітонды екінің бірі кимеген. Ондай мүмкіндік бола да бермеген. Өйткені, қас­қырдың бәрі бөрі емес.
Бөрі дегеніміз жұпқа түсетін қасқырдың жалы. Ал қазақ аңшылары ешқашанда бөрі соқпаған.
Сонда қазақ баласы қайтіп бөрітон киіп жүр?
Бір әуекте жалы бар, шуланы бар отыз­ға тарта қасқыр болады. Соның біреуі ғана бөрі. Жұпқа түсетіні.
Қасқыр ішік деп сөйлейтін қазақ баласы қасқыртон деп сөйлемейді. Және керісінше бөрітон деп сөйлейтін бабаларымыз бөрі ішік деп айтпаған.
Демек бұл жерде де бір кілтипанның болғаны.
Қасқырішік ең алдымен сыртаң, сырт киім.
Сырт киім болғанда қысқы киім.
Адам жанының қорғаны.
Қалай дегенде боранды-шашындыдан бір адамның жанын алып қалады. Одан қалса, салтанат киімі.
Қасқырішікті жанның айбары асып тұрады. Оны үлкен де, кіші де кие береді.
Бөрітонның жөні басқа. Оны кез келген адам кие бермейді. «Бөріұлтарақтының жеті жерде үйі» бар деген сөз де тегін айтылмаған. Қырықтан асқан ер-азаматтардың барлығының ұлтарақтары осы бөрі пұшпағынан сырылған. Өйткені ондай ұлтарақ суыққа алдырмайды.
Ал бөрітонды қырыққа дейінгі ер-азаматтарына кигізбеген. Қандай жағдайда болсын.
Себеп біреу, еркек шауқатын жасыт­қан…
Бөрітонды азамат серігін суыққа алдырғанда, болмаса боранды күнде жолда қалдырғанда оған кесікті құн белгілеген. Оның айбанасына толық құн төлеген.

Бұралқы

Жалдардың барлығы да бөріден үміткерлер.
Сол жалдарың бөрі болуы мүмкін бе? Мүмкін болса ол қалай өтеді?
Бөріден үміткер жал өзінің шешесімен (бөрте), қарындасымен (шулан), не апасымен (шулан) ешуақытта жұпқа түспейді. Қасқыр баласының тектілігін осыдан-ақ аңдауға болар.
Олай болса, бөріден үміткер әуектен шығуға мәжбүр болады. Бөріден үміткер деген сөз өз алдына әуек құрушы деген сөз. Әуек құру үшін бөрте керек. Оны қайдан алады?
Басқа әуектен!
Жалпы, тіршілік дүниесінде нәпсісін қанағаттандыруға келгенде еркегі ұрға­шысына қарағанда осал келеді. Бұл адам баласына да қатысты. Бұл қасқыр баласына да қатысты.
Содан барып, әуектегі жалдардың барлығы бірдей болмаса да өз алдына әуек құруға ұмтылушылар ішінара болады. Мұндай жағдайда әуектің қатал заңы бойынша ол әуектен шығып қалады.
Неге бұралқы?
Әуектен шығып қалған бұралқылар да бірігеді. Бірақ бұларға әуек заңы жүрмейді.
Содан барып олардың бөріге ұмтылған ғұмыры ұзаққа бара бермейді.
Әуектегі жалдар ешқашанда бірін-бірі тастап кетпейді. Ал бұралқыларға бұл заң жүрмейді. Сондықтан да, олар қилы жайттарға ұшырап жатады. Қорек қамымен бас қосқан бұралқылар қауіп төнгенде өз бастарын сауғалайды. Осыдан барып олардың ғұмыры қиылып жатады.
Бөрітонымыздың шикізаты, тоны осы бұралқылар, бөрі болам деп талпынған жалдар.
«Бұралқыға бар өлім бөріге жоқ» деген сөз содан қалған.

Әуек заңы

Ақыл…
Көптің ақылы…
Аздың ақылы…
Жалғыздың ақылы…
Мына әлем құламай тұрса, ақылға сүйеніп тұр!
Қасқыр ақылды жаратылыс. Ол жал­ғыз жүргенінде де, көптің ішінде жүргенінде де ақылынан ажырамайды, алжаспайды. Ол не нәрсені болсын ақылмен шешеді.
Олар әуекті де ақылмен құрады.
Ақылмен басқарады…
Әуектегі әрбір ақылды қасқырдың ұраны…
Бірі бәрі үшін…
Әуекті құру қиындықпен өтеді.
Есесіне оның ұйымшылдығы, топ­шыл­дығы кемел болады.
Олар селбесіп өмір сүруді игереді.
Оның ең бастысы – ауызбіршілігі.
Әуектің өміршеңдігін жалғыздың да ақылы, көптің де ақылы шешеді.
Олардың ұстанымы жаға ұстатады.
Бәрі бірі үшін…
Бізге осы ұстаным жетпей жатыр-ау…

Кім абадан бола алады?

Осы да сөз болып па? Әрине, ең азулысы, ең күштісі, ең сіңірлісі…
Солайы солай-ау, алайда, табиғатқа қарасаң, бұл ойыңыздан қайтар едіңіз…
Табиғи сұрыптау деген бар!
Әуекті жалдың ең ақылдысы, ең айлалысы басқарады. Айла дегеніміз ақылдың туындысы.
Әуектегі отыз қасқырдың қорегін тауып беру, оларды басқа әуектерден қорғауды ұйымдастыру, жер аумағына ие болу, ең бастысы өздерін басқа әуектерге мойындату оңай шаруа емес.
Осының бәрінен аман шығу үшін, әрине, күш емес, ақыл керек, айла керек, амал керек.

Тәңірқұт

Ұлы табиғаттың жаратқаннан салып қойған инстинкті (түйсігі) бар. Ол қандай жағдайда болсын – көбею!
Табиғатта бәрі кездеседі.
Аталығы болмай-ақ көбею бар…
Аналығы болмай-ақ көбею бар…
Сол жаратылыстың «средний род» болуы мүмкін емес!
Біздің түсінігімізде.
Жоқ, болады екен!
Бөрісырғақта бөрі мен бөрте ғана өз табиғатынан аумайды!
Қалғаны өз табиғатынан бас тартады.
Мұның бәрі көктен!
Онан кейін де аяғына жетпеуі мүмкін.
Қысыр қалуы мүмкін…
Алайда қасқыр емес!
Жалқы да болса әкеледі.
Бөрте дүниеге өзі тектесті әкеледі!
Бұл көктің таңдауы!
Мұны Тәңірқұт дейді!

Бұл жазбамыздың тұздығы

Қазір қасқыр аулауға бізде тыйым салынған. Соған орай қасқырдың етіне, ішек құрылысына, өтіне, тұяғына деген сұраныс аспандап тұр. Әлемде адам саудасы жүріп жатқанда тәйірі бұл сауда болып па?!
Дегенмен бұл да соған барабар сауда. Осыдан екі жыл бұрын қасқырдың ұшасы бір мың доллар тұрды. Қазір екі мыңға жеткен болар.
Өйткені…
Бұл есірткі саудасымен байланысты.
Есірткіге пышақ ұшы қасқыр өтін қосып жіберсеңіз із алғыш итіңіз, иіс алғыш итіңіз оған аяқ баспайды.
Айналып өтеді…

13.02.2024.
Қарағанды

Төрехан МАЙБАС,
жазушы-этнограф

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button