Ресми

Құтқарушыларға нақты қолдау

Арқаның қысы қатты әрі ұзақ. Ауа райының қолайсыздығы құтқарушыларға да оңайға түспейді. Аймақта жанкешті қызмет иелеріне сапалы жұмыс атқаруға қажетті жағдай жасалуда. Атап айтсақ, облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құтқарушыларға жаңа техникалардың кілтін салтанатты түрде табыс етіп, күн сайын адамдарды құтқаратын шұғыл қызметтер паркін уақытылы жаңғырту қажеттігін атап өтті. Осылайша, төтенше жағдайлар департаментінің гарнизоны қажетті 23 жаңа техникамен толықты.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Ресми дерекке сүйенсек, жаңа көліктердің арасында өрт сөнді­рушілер мен авариялық-құтқару машиналары бар.

Кейінгі жылдары жер бетінде жаһандық климаттық өзгерістерге байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі артып келеді. Бұл жағдайда құтқару қыз­метінің рөлі ерекше.

Құтқарушыларға табысталған техниканың 2023 жылғы респуб­ликалық және облыстық бюджет қаржысы есебінен алынғанын айта кеткен жөн.

Қарағанды қалалық гарнизонына IVECO шассиінде өрт сөндіруге арналған автоцистерналар және жоғары өтімділігі бар бес тонналық автоцистерна, сондай-ақ «Байкал» және «Трэкол» қарда өтімділігі жоғары көлік, Jac маркалы шассиде шағын автобус, Mitsubishi жоғары өтімділігі бар автомобиль және Chevrolet Cobalt жеңіл машинасы табыс етілді.

Бұдан бөлек, Теміртау, Шахтинск және Нұра ауданының гарнизондары жоғары өтімді бес тонналық автоцистерналарға ие болды. Қарқаралы ауданына табиғи өрттерді сөндіру үшін осындай екі автоцистерна және Jac маркалы шассиде екі пикап табыс­талды. Осакаров ауданының гарнизоны өртті сөндіруге арналған бес тонналық автоцис­тернамен және табиғи өрттермен күресуге арналған пикаппен толықтырылды. Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарына пикаптар табысталды.

– Сіздердің жұмыстарыңыз қоғам үшін өте маңызды. Соңғы борандар мұны дәлелдеді. Өмірді құтқару, төтенше жағдайлардың алдын алу – басты міндет. Сондықтан, республикалық және облыстық бюджеттер есебінен жыл сайын арнайы техниканы жаңартуға тырысамыз. Қазір 23 бірлік жаңа техника сатып алып, табыс­тап отырмыз. Биыл тағы қосымша техника сатып алуды жоспарлап отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Өз кезегінде, Қарағанды облысының Азаматтық қорғау органдары гарнизонының қызметкерлері жыл сайынғы ауқымды көмегі үшін облыс әкіміне алғысын білдіріп, берілген техника төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарға әрқашан дайын болатынын айтты.

Қажетті материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамасыз етілмей төтенше жағдайларға қарсы тұру мүмкін емес. Сондықтан, жыл сайын республикалық және облыстық бюджеттен бөлінетін қаражат көлемі артып келеді. Мәселен, өткен жылы аймақтың төтенше жағдайлар департаментіне 188 өрт және авариялық-құтқару техникасы жеткізілген.

– Құтқару бөлімшелерінің техникалық жарақтандырылуын арттыру авариялық-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылы облыс әкімдігінің қолдауымен 20 бірлік техника, оның ішінде, 50 метрлік өрт сөндіру автосатысын сатып алу жоспарлануда, – деп атап өтті аймақтың төтенше жағдайлар департаменті бастығы Мұрат Қатпанов.

Сонымен қатар, облыстық бюджеттен 104 техника сатып алыныпты. 2023 жылы облыстық бюджеттен үш ірі жобаны қаржыландыру басталған. Оның ішінде, Балқаш қаласында өрт сөндіру депосын және Қарағандыда құтқарушылардың оқу-жаттығу кешенін салу және Теміртаудағы өрт сөндіру депосын күрделі жөндеу жұмыстары да бар.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button