Құтқару жұмыстары жалғасуда

     Республиканың автожолдарында ТЖ комитетінің құтқару бөлімшелері және ҚР ІІМ, жол-пайдалану қызметтері, жергілікті атқарушы органдар бірлесіп, апаттық-құтқару жұмыстарын жалғастыруда.

Бүгінде Қарағанды облысында жол қызметтері, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметінен құралған құтқарушылар барлық күш-жігерімен жұмыла жұмыс атқаруда. Мәселен, 21 ақпан күні қар құрсауында қалған 16 адам қауіпсіз жерге көшіріліп, тасжолдағы қар көп алатын аумақтар ақұлпадан тазартылған.

Сондай-ақ, 25 жолаушысы бар автобусқа дер кезінде құтқарушылар көмек көрсеткен. Жолаушыларды тасымалдайтын көлікте 20 бала болған көрінеді. Ал, Абай ауданында қар құрсауынан медициналық жедел-жәрдем автокөлігі құтқарылған. Абырой болғанда көлікте болған 5 адамның өміріне қауіп төнген жоқ. Бұдан бөлек, Нұра, Ақтоғай, Осакаров, Қарқаралы, Абай және Шет аудандарында апаттық-құтқару жұмыстары жүргізілген.

Бір айта кетері, соңғы күндері қар қалың жауып, бұрқасын болғандықтан, облыс орталығында қар күреу жұмыстары қыза түсті. Осы мақсатқа жұмылдырылған мамандар мен арнайы техникалар күндіз-түні тынбай, тәулік бойы жұмыс істеуде.

Нұрдос КӘРІМ

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.