Рухани жаңғыру

Студенттер ізденісі – ілкімді

Сейсенбі күні Қарағанды медицина университетінде «Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың дара жолы» атты студенттердің ғылыми-практикалық конференциясы өтті.

Конференция пленарлық отырысында университеттің қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Шапағат Жалмаханов конференцияның  мақсатын сөз етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, университеттің Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистент-профессоры Кәмшат Әбдірахманова мен шет тілдер кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты Валерия Бурмистрова да ілкімді шараның келешек жастар үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Рухани жаңғыру – жастардың ой санасының кемелденуі» деген тақырыпта баяндама жасаған Махамадбек Шахзадбек жиынның мән-маңызын арттырып, Елбасы мақаласының ерекше тұстарын жіті қамтығанын байқатты. Райымбек Талғатбек «Төл тарихым терең Торғай» атты жұмысын жоғары деңгейде жеткізсе, Санжар Жашкеев «Латын әліпбиіне көшудің тарихи алғышарттары» атты баяндамасына әліпбидің тиімділігі мен маңыздылығын арқау еткен.

Секциялық отырыс екі кезеңнен тұрды. Алғашқысында «Латын жазуын меңгеру – заман талабы» атты тақырып аясында жас ғалымдар мінберге көтерілді. Модераторлық тізгінді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Бағлан Кәукербекова ұстады. Екінші «Туған өлкем мақтанышым!» кезеңінде студенттер туған жерлерінің төл тарихы мен табиғатын, ұлы тұлғалар есімдерін ұлықтап, тілге тиек етті. Олар Ұлытау, Тараз, Кереку, Қызылорда, Қарағанды өңірлерін қамтыды. Бұл кезеңнің модераторы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор Анар Әшірбекова.

Шара соңында қатысушыларға Қарағанды медицина университетінің ректоры Раушан Досмағамбетованың Алғыс хаттары табысталды.

– Біздің студенттеріміздің тыңғылықты ізденістерінің нәтижесінде конференция тартысты әрі қызықты өтті. Жалпы алғанда, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының бағыт- бағдарларын жүйелі түрде қамтыдық деген ойдамын, – дейді Бағлан Кәукербекова.

Болашақ медицина мамандарының руханияттан алшақ емес екенін көріп, көңіліміз біршама толып қайтты. Себебі, ел ертеңі – кәсіби білімі мен патриоттық ұстанымын ұштастыра білген ұрпақ қолында.

Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button