Студенттер диктант жазды
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде поляк жазушысы Генрик СЕНКЕВИЧКЕ арнап поляк, қазақ және орыс тілдерінде VI диктант жазу рәсімі өтті.
Шараның өтуіне мұрындық болған – Польша Республикасы Елшілігі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және «Полония» облыстық поляктар қоғамы. Диктантты қаланың жоғарғы оқу орындарының студенттері, магистранттары, сондай-ақ, поляк тілі курсының оқушылары жазды. Классикалық және орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Галина Аманбаеваның айтуынша, шараның өтуі – еуропалық ғылыми кеңістікпен үндесуге ықпал етеді. Сондай-ақ, диктант жазу – Генрик Сенкевичтің шығармашылығымен танысу, поляк халқының тарихы мен салтын білу, мәдениетін тануға қосар үлес пен білім мен ғылым кеңістігін кең ауқымда еуропалық үлгіде көру мүмкіндігі екендігін атап өтті. Еліміздегі Польша Республикасы Елшілігінің ІІІ хатшысы Анджей Бобердің және филология факультетінің деканы М.Әбдуовтің құттықтау сөзінен кейін, үш топқа бөлінген қатысушылар диктант жазуды бастады. ҚарМУ-дың профессорлары мен поляк тілі оқытушыларынан құрылған қазылар алқасы жұмыстарды тексеріп, қатысушылар Польша елінің тарихымен танысты. Деректі фильмде көрермендерге поляк халқының тарихи ескерткіштері, заманауи жетістіктері көрсетілді. Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шараның қорытындысында қатысушылар мен жеңімпаздар сертификаттармен марапатталды. Қазақ тілінде – Әли Ахметов, орыс тілінде – Диана Арсланова және поляк тілінде – Вадим Карпинскийдің жазған шығармалары Польшаның Қазақстандағы Елшілігі тағайындаған жүлделерді еншіледі. Сонымен бірге, Польша елшілігі мен «Полония» поляк қоғамы ұйымдастырған кішігірім көрмеде қатысушылар Г.Сенкевичтің шығармашылығымен танысып, мемлекеттің үздік университеттері жайлы ақпарат алды.
Аяулым СОВЕТ