Жаңалықтар

Ұстазға деген сағыныш

1975 жылдың көктемі «Социалистік Қазақстан» газетінің кезекті номерінен «Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының театр факультетінің актер бөліміне абитуриенттер қабылдайды» деген хабарландыруға көзім түсті…

Бірден Алматыға жол тарттым…

Консерватория ғимаратының босағасын аттағанымда, классикалық үлгіде безендірілген ішкі кеңістігі, маған бейтаныс бейнелерге толы қабырғалары, бір-бірімен бей-берекет жарыса шыққан аспап үндері мені маған мүлде жат, сиқырлы өнер әлеміне бірақ сүңгітті…

Мәжіліс залы төрінде орналасқан үстел басында қазақ театр өнерінің майталмандары отыр. Бір кезде І курсқа қабылданған студенттер тізімі оқылды… Өз есімдерімізді естіген біздер мәз-мейрам болып, бір-бірімізді құттықтай жөнелдік. Қолыма шоқ гүлді ұстаған мен шулаған абитуриенттер тобына ілесе кеттім. Сол сәтте «Сен бала, бері келші» деген жұмсақ үн мені бірден тоқтатты. Алдымда көзі мейірімге толы, сүйкімді Шолпан апамды көрдім. Бұл кісіні, әрине, мен актер шеберлігі сынағы барысында талай көрген болатынмын. Бірақ, бетпе-бет алғаш көруім. «Сен Ибраевсың ғой? Қарқаралыдансың ғой?». «Иә» дедім күмілжіп. «Мені таныдың ба?». Сасқалақтап қалған мен сәл кідіріп, «Әрине, апай», – деп, қолымдағы шоқ гүлді ұсындым. «Сенің барлық экзамдарыңды көріп шықтым. Жақсы екен, жарайсың», – деп, күлімсірей қарады.

Осылайша, сахна өнер шыңына жетелеген ұлы ұстазыммен алғаш жүздесуім өтті… Кезекті актер шеберлігі сабағы. «Кәне, дауыстарыңды тыңдайық. Өлең айтындаршы». Кезек маған да келді. «Не айтсам екен?». Аяқ асты импровизация жасап, «Қарқаралы басында жалғыз арша…», – деп барымды сала жөнелдім. Бәрімізге ескерту жасап жатыр. «Қарандаршы, іштеріңде Болат қалай беріліп, көзін жұмып, әнді бар болмысымен айтуға тырысады» дегеніне мәз болып қалдым. Кейін дипломдық дастархан кезінде, «Болат, бері келші, кәне екеуміз «Қарқаралыны» айтайықшы», – деп, әдемі үнімен ән салғаны да есімде.

ІІ курс спектакльдерден үзінділер дайындай бастады. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу». Қозының анасы Мақпалмен сахнасы… «Кәне, Болат, сахнаға шықшы, осы бір көріністі жасайық…», Шолпан апай Мақпал болып шықты… «Баян екеуің бір күнде тудындар…», басымды тізесіне қойып, тыңдап отырмын Шолпан апамды (анам Мақпалды), алақанымен басымды сипап, иіскеп қояды… Қандай мейірім, сол кездегі қобалжуымды сөзбен жеткізе алмаймын, текстімді айта алмай қалған сәттер есімде. Сондай бір студенттік кездер еске түскенде әлі күнге алақанының жылуын сезгендей боламын. Қаншама жылдар өтіп, өзіміз аға жастан асып кетсек те, осындай бір сәттер еске түскенде еріксіз қобалжу, сағыныштан Апамыздың бейнесі көз алдыңа келеді. ІІІ курс аяғында «Балалар, келесі жылғы дипломдық жұмысқа М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясын аламын. Болат, сен маған ассистент боласын, көмектесесің» дегенінде жауапкершілігі мол болғанымен іштей мақтаныш сезімі болғанын жасыра алмадым. Сонда төмен курстан «массовкаға» студенттер қабылдағанымыз есімде… Бірде Шолпан апамыз мені және бір студентті (Ерке Байдешев, қазір Жезқазған театрында жұмыс істейді) М.Әуезов театрына сахна жұмысшысы (рабочий сцены) етіп қабылдатты. «Аздап болса да тиын-тебендерің болады, спектакль көріп, сахнаның иісін сезіп, ертерек таныса беріндер» деді. Сол кездерде ұлы Серағаң (Серке Қожамқұлов) атамыздың, Асанәлі Әшімов, Әнуәр Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Фарида Шарипова, сахна шеберлерінің ойындарын шымылдық сыртынан көріп, тәнті болатынбыз. Бұл да ол кісінің бізге деген үлкен қамқорлығы еді. Есімде диплом жұмысы кезінде, әр театрдан режиссерлар келіп, актерлар таңдап, театрларға шақырды. Сонда Шымкент театрынан да келіп, мен бармай, кетіп қалғанмын. Шолпан апам шақырып алып, «Болат, сен Шымкент театрына барсаң қайтеді… жылы жақ… окладыңды 130 сом болады» дегенінде, «Жоқ, Апай, мен Қарағанды театрына барамын» деп көнбеп едім. Онысы да бауыр тартып, қамқор жасағысы келгені шығар. Мен өзімнің осындай қазақтың біртуар өнер жұлдызы, театр-кино өнерінің жарық Шолпаны – СССР Халық әртісі, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, киелі Қарқаралының (кешегі Қалыбек Қуанышбаев атамызды дүниеге әкелген) топырағында туған Шолпан Жандарбекова апамыздан дәріс алғанымды мақтан етемін. Апамыз «Театр өнері, төзімділікті, шыдамдылықты талап ететін, қызығынан шыжығы мол, адалдылықты қажет ететін, үнемі еңбекқорлықты талап ететін, қиын мамандық. Осыны естеріңнен шығармандар, ойланыңдар…» деп жиі айтатын. Сол апа-ағалар сара жолдарын салып кеткен қиын да қызығы мол, қасиетті қазақ театр өнерінің жалғасы болып, үміттерін аз да болса ақтау жолында киелі сахнада еңбек етіп жүргеніме шүкір деймін.

Болат ЫБЫРАЕВ, Қалыбек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театрының актері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері.

Басқа материалдар

Back to top button