Жезқазған

Спорт саласындағы серпін

Адам өмірінде спорт пен денешынықтырудың қаншалықты маңызды екенін айтып жатудың өзі артық. Ал, бос уақытты мазмұнды өткізу мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі алатын орны тіпті орасан. Елбасының Жарлығымен бұдан төрт жылдай бұрын маңызды саланы дамытудың, онда мемлекеттік саясаттың тиімді үлгісін қалыптастыру үшін қолайлы жағдай жасаудың 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған тұжырымдамасы қабылданды.

Бұл бағытта биыл 65 жылдығын тойлағалы отырған металлургтер мекенінде жүйелі жұмыс атқарылуда. Оған саланың материалдық-техникалық базасы мол мүмкіндік береді: қалада әртүрлі меншіктегі 105 спорттық ғимарат пен нысан бар. Алты мың жанкүйерге арналған аумағы ат шаптырым «Металлург» стадионы мен «Ұлытау» спорт сарайы кез келген деңгейдегі жарыс өткізуге сондай қолайлы.

«Металлург» спорт кешені, спорт-сауықтыру кешені, «Таеквондо» спорт клубы, жоғары және арнаулы оқу орындары мен мектептердегі отыздан астам спорт залы, шаңғы және ескек есу базасы, төрт тир, 4 теннист корты (екеуі жабық ғимаратта), 14 хоккей корты, мөлтек аудандар мен оқу орындары қасындағы 40 спорт алаңы, садақ тарту кешені, 1 стри-воркаут – тұрғындар тынығатын және спортпен шұғылданатын орындар. Қазір қалада 28 845 адам спортпен айналысады, оның жартысына жуығы балалар мен жасөспірімдер.

Жоғарыдағы әртүрлі спорттық инфрақұрылымды тиімді пайдаланудың нәтижесі – әртүрлі деңгейдегі жарыста жезқазғандықтардың қол жеткен көрсеткіші. Мысты шаһардың мерейін шығарып, Қазақстанның көк туын желбіреткендер қатарында самбодан жастар арасындағы әлем чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері, Азия чемпионы Бағлан Ибрагим, дзюдодан халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы Жандос Бейсенбаев, еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Зарина Құнанғараева, бокстан Әлем және Азия чемпионы Нұрбол Сұлтанбай, таеквондодан Азия чемпионатының қола жүлдегері Тұрсын Ислам, жасөспірімдер арасындағы бокстан Азия чемпионатының қола жүлдегері Дамир Байпақов, грекрим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Ерасыл Дәулетбек, байдарка мен каноэде есуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Азия чемпионы Александр Гудилов, байдарка мен каноэде есуден ҚР спорт шебері, Азия чемпионатының күміс жүлдегері Дарья Рыбакова, байдарка мен каноэде есуден ҚР спорт шебері, Азия чемпионы Олег Якубенко бар.

– Байдарка мен каноэде есуден Жезқазғанның жұлдызы жоғары тұр. Спорттың осы бір керемет түрін одан әрі нығайту мен дамытудың маңызы зор. Сондықтан, жергілікті бюджет қаражаты есебінен ескек есетін спорт түріне арналған кешен салу үшін биыл жобалық-сметалық құжатын жасауды қолға алдық. Сондай-ақ, биыл 320 орындық залы мен бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. 3 хоккей корты пайдалануға беріледі. Көшелерге қосымша стрит-воркаут орнатылады. Бұл спорт саласына соны серпін береді деген сенімдеміз, – дейді, қала басшысы Қайрат Бегімов.

Әлібек ӘБДІРАШ

Басқа материалдар

Back to top button