Соғыс жарасы жазылмайды

Балқаш қаласында Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күніне орай митинг өтті. Жиынға Ауған соғысында қаза тапқан жауынгерлердің ата-аналары, жауынгер-интернационалистер, әскерилер мен мектеп оқушылары қатысты.

 – Уақыт өтсе де, әкелердің, аналардың, жауынгер-интернационалистердің жүрегіне түскен соғыс жарасы жазылмасы анық. Бүгін біз майданнан аман-есен оралғандардың және сол майданда қаза тапқан сарбаздардың, олардың ата-аналары мен жарларының алдында бас иеміз. Енді, ешқашан да соғыс болмағанын тілейік, – деді митингтің ашылуында Балқаш қаласы әкімінің міндетін атқарушы Айдын Қапашев.

Бұдан кейін Ауған соғысының ардагері Владимир Лобоновск, қалалық жастар ресурстық орталығының өкілі Еркебұлан Мейірханов сөз алды.

Сондай-ақ, интернационалистжауынгерлерге арналған мемориалға қала әкімдігі мен қалалық мәслихат, қоғамдық ұйымдар атынан гүл шоқтары қойылды. Көпшілік қаза болған жерлестерін бір минут үнсіздікпен еске алды.

Айта кетейік, Ауған соғысына Балқаштан 90 адам аттанған. Олардың арасында Самат Нұрғалиев пен Анатолий Антонов ерлікпен көз жұмды. Кейін боздақтардың қарындастары – Ләззат Нұрғалиева және Татьяна Гущина да соғысқа қатысты.

Бүгінде Балқаш қаласында 57 Ауған соғысының ардагері бар.

Нұрдос КӘРІМ