Әскери өмір – темірдей тәртіп

«Әйелдің қырық жаны бар» деген рас-ау. Еркек төзбес тәртіпке әйелдің төзгенін талай көрген боларсыз. Біз де көрдік. Сарбаздармен сапта тұрып, әскери дайындықты әдетіне айналдырған сондай әйелдің бірі капитан – Шынар АЙТКЕНОВА.

 

Жаңаарқа ауданында дүниеге келіп, Жезқазған педагогикалық институтының филология факультетін тәмамдаған жас маман он жылға жуық ғұмырын Қарағандыдағы №91, №3 мектептерде ұстаздық етуге арнаған екен. Кейін, еліміз егемендік алып, аумалы-төкпелі жылдарды басынан өткерген шақта ұстаздарға деген жанашырлық та, жалақы да азайып кеткені белгілі. Бұдан қала берді, жұдырық үстіне жұдырық болып, жолдасынан да ерте айрылды. Жалақысы аз, жан бағуы қымбат заманда бала өсіріп, ел қатарынан қалдырмау – жалғыз басты анаға оңай ма? Жоқ. «Сол жылдары көптеген әріптестерім мектептен алшақтап кетті» дейді кейіпкерім. Солардың қатарында Шынар Айткенова да бар еді.

2005-2006 жылдары әскери іс-қағаздар, ішкі құрылым мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс деген заң шықты. Соған байланысты, мемлекеттік тілді бақылаушы орган ретінде әскери бөлімдерде жаңа лауазымдар пайда болды. Қазір мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі тәрбие бөлімінің аға көмекшісі лауазымын атқарып отырған кейіпкерімнің бұл бөлімге келгеніне де осымен он бір жылдың жүзі болыпты. Бөлім деп отырғаным – «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6505 әскери бөлімі.

Іс-қағаздарды қазақ тілінде рәсімдеу өз алдына, офицерлер құрамасы мен келісімшарт бойынша қызмет ететіндердің тәртібі мен әдебіне, жүріс-тұрысына қадағалау жасау – тіптен қиын. «Әскери өмір – темірдей тәртіпті талап етеді. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді ғой батыр Бауыржан Момышұлы. Соған психологиялық тұрғыдан төзбей жататын жауынгерлер де болады. Біз оларға ақыл-кеңесімізді айтып, дұрыс жол сілтеуге тырысамыз. Тіпті, менің де мінез-құлқым өзгерген сықылды. Дос-құрбыларым байқап жатқан соң айтып отырғаным ғой. Дегенмен, жұмыстың аты – жұмыс. Өзіндік қызығы да, шыжығы да бар. Ұлым Дархан да әскери өмірді таңдады. Суворов училищесін тәмамдап, қазір Ресейдің Краснодар қаласындағы әскери-байланыс академиясында білім алуда» дейді капитан Айткенова.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

One thought on “Әскери өмір – темірдей тәртіп

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.