Руханият

«Өшпейді жырым, әйтпесе неге жазамын?!.»

Өмірден өткеніне бір жыл толып қалған талантты ақын, сан қырлы қаламгер Сәбит Бексейіт замандасымыз туралы көзі тірісінде аз жазылған жоқ. Көбінесе оның жаңашыл рухтағы жалынды жырлары, кейінгі жылдарғы шырайлы шығармашылығы талданды. Негізінде Сәбит студенттік кезінен-ақ ақын болып танылған еді. Оның сөз зергері болып қалыптасуына қасиетті шаңырақ – облыстық «Орталық Қазақстан» газеті зор ықпал еткені сөзсіз. Бір естелігінде жазғанындай, 1972 жылдың 3 қазанында ол өзін қаламгерлік әлеміне қанаттандырып ұшырған газет редакциясына, оның күрделі құрылыс бөліміне әдеби қызметкер болып орналасады. Бізде жаңа келген жастарды құрылыс, өнеркәсіп-транспорт, ауыл шаруашылығы сияқты хат аз түсетін, жұмысы басқаларға қарағанда күрделі шаруашылық бөлімдеріне жіберіп, шыңдап алатын жазылмаған «ереже» бар. Бәріміз осындай құқайды бастан кешіргенбіз. Бір бастан бұл дұрыс та еді. Қарағанды ол кезде алып құрылыстардың алаңы, көмір бірлестігінде 26 шахта мен разрез жұмыс істейді, металлургия комбинатында домна, мартен пештері шойын қорытып, болат балқытып жатады. Жайқалтып егін, мыңғыртып мал өсіреді халқымыз. Шығармашылық шұратқа (Сәбит жиі қолданатын сирек сөз) кең өріс емес пе?!

Сәбиттің өзі сол сәтті кейін былай еске алады: «Күнұзақ хат қорытамыз. Пионерден бастап зейнеткерге дейін жазады. Көбісінің жазуы түсініксіз, шимай-шимай. Жөппелдемеде әріптерін айыру, одан соң бірді айтып, бірге кететін ауанына қарағанда түсіну қиын. Көне мысыр жазуын ежіктеген Шлиманның, көне түрік жазуын қаузаған Томсеннің көрген құқайын сонда шамаладым…» (Бастау, «Орталық Қазақстан», 18.10.2016 ж.), Езу тартқызар осы соңғы сөйлемінен біз кемелденген Сәбит журналистің, жазушының жазу стилін аңғарамыз. Телегей-теңіз білімді публицист, әлемдік өркениет жетістіктерін бойына сіңіре білген ғалым болып көрінеді емес пе?! Өркениет заманының сөзгері деп Ұлықбек Есдәулетовтің, әлемдік әдебиеттің игі жақсысын тұла бойына сіңірген білімді ақын, интеллектуалды поэзия өкілі деп Серік Ақсұңқарұлының баға беруі тегін емес.

Әрине, мұндай жетістікке жету үшін журналист Сәбит көп оқыды, көп ізденді, көп жазды да. Жасыратыны жоқ, жас кезінде «шығармашылық шабыт» дегенді желеу етіп жүрген мінезімен басын тауға да, тасқа да ұрды. Оны Ақселеу ағасы да байқап қалып: «Байқаймын, ойын-сауықты, сейілсеруенді ұнататын сияқтысың. Байқа, уақыттың қалай өтіп кеткенін білмей қаласың», деп жанашырлықпен ескерткен екен. Өмірден өз орнын таба алмай қатты күйзеліп жүргенде «Орталық Қазақстанға» бас редактор болып Алматыдан Нұрмахан Оразбеков келген. Ол кісі «Кім жақсы жазса, сол менің туысым» деген ұстаным ұстанатын еді. Қолынан іс келетін, көзінің оты бар қарағандылық қаламгерлерді іздегенде біз осы Сәбитті де ұсынғанбыз. Полиграфияда Теңіз аудандық газетінің шығарушысы болып, қазақша айтқанда қор болып жүр еді. Мен ол кезде газетте жауапты хатшымын. Нұрекең журналисті тамыр-таныстықпен емес, тек қана жазған шығармасымен бағалайтын. Сәбитті бірден ұнатты. Ұшқан ұясы – «Орталыққа» қайта оралған жылдарын Сәбең де ілтипатпен еске алады. Бұл бір газеттің басына бақ қонған кез еді деп бағалайтын. Газеттің болашақ редакторы Мағауия Сембаев басқаратын, «бірінші бөлім» аталатын партия тұрмысы, кеңестер және қоғамдық ұйымдар бөлімінде қызмет етті. «Көп қозғайтын, тереңдеп қозғайтын тақырыбымыз – Тәуелсіздік. Иә, иә, биыл 25 жылдығын атап өтейін деп отырған Азаттық туралы, бүгінде тәу етіп отырған Тәуелсіздік туралы, айдарымыздан жел естірген Еркіндік туралы тура Кеңестік үкіметі тұсында, Мәскеу уақытымен өмір сүріп жатқан кезде жаздық. Есіле жаздық, көсіле жаздық. Еркіндікті көксеген қыран құсша емірене жаздық», дейді (сонда).

Тәуелсіздік, сонау ғұн заманынан басталған қазақ халқының тарихы оның өлеңдерінде Отанына деген ыстық махаббатпен өріледі. Тамаша тіркестер табады. Мәселен: «Аттылы ғұн Аттила», «Ежелгі елім еңселі Сақстаным», «Атамекенім– Алашия», «Азат ел – Алаш байтағы», «Атажұрт – ғарыш айлағы», көк туым – Ұлыс байрағы», «Құт қонған Қарағанды», «Жыр қайнары – Жаңаарқа», «Мен туған жер қасиетті Атасу», т.с.с. Бірақ, бүгінгі күнімізді белгілі афоризмді қолдана отырып шаншып өтуі де бар: «Қалай ғана тап болдық күйге мұндай, Үстімізде – жаратқан ием Құдай. Астымызда – ағыл-тегіл Мұнай, Ортасында – отыр Қазақ жұрдай!»

Кейін Сәбит заман ағымымен қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына байланысты ол салада да білімді азаматтар қажет болғандықтан мемлекеттік қызметке ауысып, жемісті еңбек етті. Салық комитетінде аудармашы, одан кейін облыстық әкімдікте аймақтың бас аудармашысы болды. Бірақ, «Орталықпен» байланысын үзген жоқ. Осы жылдар Сәбит шығармашылығының шырқау биікке көтерілген кезеңі болды. Ақселеу ағасының аманатын қатты ұстады. Арақ-шарапқа жоламай кетті. Тұңғыш кітабы 2000 жылы «Ғасыркешу» деген атпен жарыққа шыққанда бәріміз қуанып, шығармашылық кешіне қатысқанбыз. Сол жылы 50-ге де толып еді. Марқұм редакторымыз Мағауия Сембаев құттықтап, екеуміз ақынның иығына оқалы шапан жапқан сәт фотошежірелерде сақталып қалған екен. Осы тұсаукесерден кейін тұлпардың шабысы үдеп, бірінен соң бірі 13 поэзиялық және прозалық жинақтары, он шақты түрлі жанрда құрастырған кітаптары жарық көрді. Қайтыс болып кеткеннен кейін Сәбеңнің асыл жары, білікті ұстаз-психолог Бақыт Нысанбайқызы «Өскен елдің өрелі ақыны» атты естелік кітапты құрастырып, жарыққа шығарды. Онда марқұмның кейінгі кезеңдегі кейбір мақалалары мен өлеңдері, замандастарының, әріптестері мен туған-туыстарының пікірлері, рецензиялары мен естеліктері топтастырылған. Амандық болса тағы да естелік, өлең кітабын дайындап жатыр екен. «Жайсаңға жақсы жер лайық, Ақсүйек қызы болсаң да, Еріңді күттің хандай қып» деп жазып кеткен екен Сәбең сүйікті жарына арнаған бір шумағында. Оған көзіміз жетті. Аруағы риза болсын!

Бір әңгімесінде: «Бізді елуге дейін әлі жассың деуші еді, енді елуге келсек, ойбой, жастарың келіп қалыпты ғой, дейді», деп қапаланатын жарықтық. Сол елу жасынан бастап оның шығармашылығының жаңа, жемісті кезеңі басталды. Алпыс жылдығы да облыста, туған жерінде ойдағыдай аталып өтті. Тек өкініштісі жетпіс жылдығына дайындалып жүргенде оған ғұмыры жетпей қалды. Көркем аударма мен іс қағаздарын аудару саласында атқарған қызметін, ізденістерін, қол жеткен жетістіктерін өткенде сөз еткенбіз.

Кейінгі екі-үш жылда Сәбитпен бірге табиғи ресурстар басқармасында бірге қызмет атқардық, ол аудармашы, мен баспасөз хатшысы болдым. Бір бөлмеде бірге отырдық, сырластық, мұндастық. Сонда ақынның зертханасына біраз үңілгенім бар.

Ақынның шығармашылық шұратын (осы сөзді тағы да қолданайын) еліміздің талай маңдайалды қаламгерлері талдап, әділ бағасын берді. Кейбір пікірлерді қуаттай түсейін. Ақын бүкіл әлемге «Заманның қайғысы – менің қайғым» деп жар салды. Кешегі желтоқсан оқиғасы, Семей полигоны, ядролық жарылыстармен қатар «Протонның» жер жәннаты Қарқаралыға құлауы – мұның барлығы ақын назарынан тыс қалмады. Дегенмен, ақынның «Ғасырнамасында» пессимизмнен оптимизмге, ХХІ ғасырға деген зор үмітке, жарқын болашаққа сену басымырақ.

Сәбит – жаңашыл ақын. Экспериментшіл ақын. Бірақ, солай екен деп қазақтың қара өлеңінің омыртқасын үзген жоқ. Қайта байыта, қорын молайта түсті. Оны белгілі ақын Тоқаш Бердияров фанатик ақын десе, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Сыздықов «Он сегіз мың ғалам» деген ғажап туындысын космологиялық жырлар дейді, ізбасар ұлы, аудармашы Ақниет романтик деп есептейді. «Шекспирден Камюге дейінгі әлем әдебиетін өз бойына сіңірген, батыс философиясын (ең бастысы Гегель, Шопенгауэр, Ницше) меңгерген ол қазақ ақыны болып қалды» деп жазады ол әкесі туралы.

Сәбит поэзиясының бір ерекшелігі ол ғылым мен техника жетістіктерін, ондағы терминдерді қазақша баламасы жоқ деп жиіркенбей батыл қолдана білді. Бір жырында үйреншікті протон, нейтронға физиктер ғана білетін кваркті де қосып жібереді. Қарап отырсаң, «вулканбұлқан-талқан; цунами мына күй; торнадо – сұмдық орнады» сияқты зілзалаларға ұйқас тауып, бүгінгінің де басты тажалы – вирустан да сақтануға шақырады:

Тегін сөз бе, «Тұмау деген – құрт деген,

Вирустардың ата тегін түптеген.

Шошқа тұмау, құс тұмау боп өзгеріп,

Шыға келер бір тұсыңнан күтпеген.

«Сәбит ақын барша адамзатты біртұтас күйде жұдырықтай жүрегімен езіле сүйіп, жалғызына балайды. Сана, Уақыт, Адам, Қоғам ұғымдарына тәжірибелі философша үңіледі. Оның жырларында Кьеркегор, Джойс, Кафка, Бродский, Гете, Ясперс, Байрон, Сартр, Басье, Пушкин, Қасым, Олжас, Мұқағалилардың бар болмысымен жарқырап көрінуі сондықтан. Алайда, ақын оларды пір тұтқанымен, еліктеп-солықтаудан аулақ. Тәкаппарлығы бар. Егер поэзиясүйер қазақ жер бетінен жоғалып кетпесе, ерте ме, кеш пе, Сәбиттің осы өз үні, өз танымы ұлттық әдебиет тарихында қаларына куә болар» деп жазды филолог ғалым М.Хамзин.

Бұл пікірге қосылмасқа болмайды. Ақын Сәбит те өзінің бір өлеңінде («Тұтас бол, туған жер!») Абай, Қасымдарша қазақтың қара өлеңінің мәнін, өмірдегі өз орнын былайша жырға қосады.

Өлермін өлсем, өшермін өшсем мен ғана,

Өлмейтін шығар, өшпейтін шығар ақ арман!

Өлмейтін шығар ақ алмас халқым – қазағым,

Тартудай тартқан жарық жалғанның азабын.

Өлмейтін шығар бабалар жағып кеткен от,

Өшпейді жырым, әйтпесе неге жазамын?!

Өлмейтін шығар момақан халқым, әз елім,

Қонақжай халқым, кеңпейіл халқым, аз елім.

Өшпейтін шығар ніл көкте Күнім, Жұлдызым,

Жадырар мәңгі, жайраңдар мәңгі Жаз-елім.

Иә, өлмейді, өшпейді аспанда Күн, жерде қазақ барда Сенің мәңгі-жасыл жырларың, қымбатты Сәбит-Ақын! Бекерге жыр жазған жоқсың, қайран Сәбит-Шайыр.!

Аман ЖАНҒОЖИН,

«Орталық Қазақстан» газетінің ардагер-журналисі.

Басқа материалдар

Back to top button