Руханият

Шоқжұлдыздың маңындағы көп жұлдыз

«Мағжан поэзиясының маржандары». Осындай атаумен Кеншілер мәдениет сарайында Мағжан Жұмабаев оқулары өтті. Көркем сөз додасы ақынның 130 жылдығына орай ұйымдастырылды. Оған 13 пен 15 жас аралығындағы мектеп оқушылары қатысты.

Суретті түсірген автор

Мағжан Жұмабаев оқуларында Қарағанды мен Теміртау қаласының мектептерінен жалпы саны 20-ға жуық оқушы бақ сынады. Талап бойынша көркем сөз оқушылар Мағжан ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп, мәнермен оқуы тиіс. Сонымен қатар, қазылар алқасы жатқа оқыған өлең санына да қарады. Байқауда 70-80 өлеңді жатқа төгілдірген талантты өрендер де бар. Қатысушыларға белгілі ақындар мен білім саласының майталмандары қазылық етті. Төрағасы – белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ұстазы Салтанат Смағұлова. Төраға байқау жоғары деңгейде өтті дейді.

– Мағжан Жұмабаев – қазақ әдебиеті деп аталатын бір тұтас ғаламның шоқ жұлдызы. Оның шоқтығы биік жырлары ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Оның сөзінде жалын мен рух бар, елге, жерге, ұлтқа деген өлшеусіз махаб­бат жатыр. Мағжанның өлеңдерін жаттаған оқушылардың өнерін көріп, тәнті болдым. Осындағы әр қатысушы келешекте халқына шын ықыласымен еңбек ететін таудай тұлға болатынына сенімім зор. Осы байқауды ұйымдастыр­ған Кеншілер мәдениет сарайы басшылығына алғыс айтамыз, – деді Салтанат Смағұлова.

Байқау қорытындысы бойынша I орын Алина Наурызбаеваға бұйырды. Оған 30 мың теңге ақшалай сыйлық табысталды. Жас талант Мағжан Жұмабаевтың 50-ден астам өлеңін жатқа біледі. Оқу мәнері де қазылар алқасының көңілінен шықты. Ал, II орын Нәзира Сарыбайға бұйырды. 20 мың теңгелік сертификат берілді. Жүлделі III орын Нұрзияда Сүндеттің қанжығасында. Жүлдегер 15 мың теңгеге ие болды.

Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button