ШАЛҒАЙДАҒЫ ТОЙХАНА

    Балқаш қаласынан шалғайда жатқан Саяқ кентіне заманауи үлгідегі бір тойхана керек еді. Тіршілік болған соң той-думан, құран оқытып, ас беру секілді бас қосулардың өткізілуі қажеттілік деп білеміз. Кент тұрғыны Айдос Асылжанұлы Жүнісов көптен бері жұртшылықтың қамын ойластырып, бір игілікті істі қолға алуды ниет етіп жүретін. Көптен бері тозығы жетіп тұрған ғимаратты икемдеп, бір ауылдың қажетін ашарлық тойхана жасауға кірісіп кетті.

«Жас келсе – іске» деген ғой. Құрылысты жүйелі түрде жүргізіп, болашақ тойхананың іші-сыртын әрлеп, безендіріп, сәулет, салтанатын келтіріп, жарқыратты. «Туған жерге туыңды тік» деген ғой, жас кәсіпкердің ауылына деген сүйіспеншілігі, ыстық-ықыласы осылай болса керек-ті. Ауыл ақсақалдары Сәулехан Аманкелді, Әскербек ақ батасын беріп, Айдостың игілікті ісінің баянды болуына игі тілектерін білдірді. Айдостың анасы Шұға мұсылманның бес парызының бірі — қажылыққа барып қайтқан екен. Айдостың ауылдағы достары да құрылыстың сапалы, әрі тез бітуіне қолұшын беріпті. Мәселен, Даниял Жақыбаев, Аян Мұқашев, Қарабай Сүйініш, Елсағын Смайылов сияқты жанашыр достары игілікті істің үнемі басы- қасында жүрді.

Саяқ кенті – менің де кіші Отаным. Халыққа қызмет етудің үлкен-кішісі жоқ. Бауырларымның мынандай ауқымды жұмысты қолға алып, ойдағыдай аяқтап, елдің қажетін ашқанына қатты қуанып тұрмын. «Береке басы бірлікте» деген осы ғой, – дейді Саяқ кентінің тумасы, Балқаш қаласындағы «Сырлас» әдеби қонақ үйінің жетекшісі Роза Ғылымжанқызы.

Сөйтіп, «Асылжан» тойханасы алғашқы қонақтарын қабылдап үлгерді. Тойхананың дастарқаны үнемі қызыққа, шаттыққа жайылсын деп тілейміз.

Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ

Балқаш қаласы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.