Әдебиет

Шайтанкөл

 

Осы ма Шайтанкөл Ақан қонған,

Ән шырқап, күй тасқындап, топан болған.

Сол күні шыңға біткен шынарлар да,

Деседі ән періге бақан болған.

Осы ма сол айтатын Шайтанкөлі,

Онда мен періште деп айтам нені?

Мынадай көл тәңірі шайтан болса,

Бір рет «шайтаны» боп байқар ма еді.

Көзімнің аштық кіріп тойымына,

Бар шайтан асылғандай мойыныма.

Ағытып көйлегімнің түймелерін

Шайтанның кіре бердім қойынына.

Бір сезім алды сонда мені кернеп,

Желденіп кәдімгідей тері мен ет.

Теңселген қайыңдарға кемердегі,

Телмірдім күнсіп тұрған пері ме деп.

Осылай мен жағаға шыға бердім,

Ойпыр-ай, шайтанын-ай, мына көлдің!

Шашымнан, кірпігімнен сорғалатып,

Өлеңнің тамшыларын сыға бердім.

Еркеш ИБРАҺИМ.

Басқа материалдар

Back to top button