Шахтинск – шағын ғана кеншілер қаласы. Оның аумағына жапсарлас жатқан Шахан, Долинка, Жаңа Долинка кенттері де кіреді. Міне, осы өңірде кейінгі кезде кəсіпкерлік те қанатын жайып, құлашын жазып келеді.
– Біздің аймақта бүгінде шағын жəне орта бизнеспен 5579 адам айналысады, – деді Шахтинск қаласының кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Əділ Сейілов. – Олар уақыт өткен сайын қарқындарын арттыруда. Мəселен, биылғы бірінші тоқсанның өзінде бұл құрылымдар 4 млрд. 892 млн. теңгенің өнімін өндірсе, ол былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 177,2 пайыз болды.
Соған орай қалада кəсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлініп, қамқорлық көрсетілуде. Яғни, биылғы жартыжылдықта 35 жобаға қаржылық қолдау жасалып, осы жылы кəсібін жаңа бастаған жас кəсіпкерлерге қала əкімінің 17 млн.теңге грантын бөлу көзделіп, сол бойынша конкурс алдағы қараша айында өткізілмек.
Жыл басталғаннан бері өңір кəсіпкерлері 40,7 млн. теңге инвестиция құйып, сауда жəне қызмет көрсету саласында ашқан 17 нысанында 25 адамды жұмыспен қамтыған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 24 мамырында өткен, Ұлттық инвесторлар кеңесінде «Аймақтар туралы айтқанда, бизнес-орта – тек заңдар мен кодекстер ғана емес, ол жерге, инфрақұрылымдарды, мемлекеттік сатып алуларға қол жеткізу де. Сондықтан аймақтарда бизнесті жүргізу жеңілдігінің Ұлттық рейтингін өткізу практикасы жалғаса береді. Бизнес-климаттың шынайы жақсаруы үшін практикалық шешімдер қажет» деген еді. Осыған сəйкес жүргізілген рейтингтің қорытындысында 2022-2023 жылда Шахтинск еліміздегі 200 қаланың ішінде 56-орыннан 33-орынға көтерілген. Бұл жетістіктерін баянды етіп, одан əрі алға басу мақсатында Шахтинск қаласы мен маңындағы кенттерде тұрғындарға бизнесті қолдау мен дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың шарттары жөнінде ақпараттар беріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі екен. Атап айтқанда, жыл басынан бері қала мен аталған кенттер кəсіпкерлерімен өткізілген 3 кездесуге облыстық кəсіпкерлік жəне ауыл шаруашылық басқармасының, «Даму» қоры мен облыстық кəсіпкерлер палатасының мамандары қатысты. Бұдан бөлек, Шахтинск қалалық əкімдігінің интернет-ресурсында ҚР мемлекеттік интернет-ресурстарының бірыңғай порталының «Қызмет бағыты» – «Шағын жəне орта бизнес» бөлімінде бизнесті қолдауға қатысты ақпараттар орналастырылған.
Əділ Сейіловтің айтуынша, халықты ақпараттық қамтамасыз ету жəне көбірек қамту үшін «Open Шахтинск» ашық əкімдігінде қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар туралы бейнероликтерді көрсету ұйымдастырылады. Сол сияқты кəсіпкерлік нысандарына ыңғайлы жəне көмек болуы үшін əлеуметтік желілерде құрылған топтарда тұрақты түрде бизнесті қолдаудағы мемлекеттік шаралар туралы үнемі хабарланады. Соның нəтижесінде Шахтинск мен оған қоңсы кенттерде кəсіпкерлер қатары да көбеюде.
Ержан ИМАШ,
ШАХТИНСК
Ortalyq.kz