Шаңыраққа шаттық сыйлаған
Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек, көпбалалы аналарға қолдау көрсетіп келген «Шаңырақ» орталығы үш жылдық жұмысын қорытындылады. Достық үйінде өткен дөңгелек үстелде атқарылған жұмыстарды ортаға салып, бұл істе белсенділік танытқандар Алғыс хатпен марапатталды.

Дөңгелек үстелге қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға ат салысқан орталықтың жұмысын оң бағалайтынын жеткізді.
– Кез келген мемлекет үшін отбасы, оның бүтіндігі мен амандығы маңызды. Ана мен баланы қорғау, отбасы институтын сақтау, құқықтық, қаржылық сауаттандыру бағытындағы жұмыстардың барлығы бүгінгі таңда қажет. «Шаңырақ» орталығы жұмысын енді бастаған кезде де біз қолдаған едік. Алдағы уақытта да қолдау жасай береміз. Сіздердің еңбектеріңізге алғыс, – деді Ерлан Бейсембайұлы.
– Қарағандыда 7 мыңнан аса көпбалалы отбасы тұрады, – дейді орталық директоры Ләззат Қожахметова. – Оларға «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығы заңгерлік-психологиялық, әлеуметтік кеңес берді. Өмірлік қиын жағдайдан шығару үшін кешенді көмек көрсетті. Мемлекеттік бағдарламалар насихатталды. Орталық тек әлеуметтік мәселелерді шешумен айналыспады. Тәрбиелік-идеологиялық жұмыс та жүргізді.
Ләззат Таймырқызы «Шаңырақтың» жүзеге асырған жұмыстарын тоқталды. Олардың қатарында түрлі отбасылық сайыстар, көпбалалы отбасылардан шыққан балларды сүндеттеу, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау бар.
– Орталық үздіксіз, ақысыз түрде кондитерлік, тігін, визажист, шаш қию бойынша шеберлік сағаттарын өткізіп, аналарға жаңа мамандық меңгеруге, кәсіп ашуына мүмкіндік жасады. Барлық төрт орталыққа зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасыларды түнететін жеке бөлмелер ашып, керуеттер қойылды. Бізге жүгінген ана мен баланы дағдарыс орталықтарына орналастырдық. «Асаруме», «Харекет», «Зекет», «Бірлік», «Ана-мама» қоғамдық қорларымен және кәсіпкерлерімен, құрылыс компанияларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, қайырымдылық жасады. «Талбесік» ұйымы құрылғалы 34 отбасы қайырымды жандардың көмегімен баспаналы болды, – деді Ләззат Таймырқызы.
Осы басқосуда 35-ші баспананың сертификаты көпбалалы ана Алена Регерге табысталды. Оның айтуынша, бұл күтпеген жаңалық болды.
– Ойымда ештеңе болған жоқ. Жаңа жыл қарсаңында балаларға сыйлық беру үшін шақырған шығар деп ойладым. Шынымен де, отбасымыз үшін сыйлық болды. Қазір Майқұдықта 9 қабаттан пәтер жалдап тұрамыз. Балаларға көтеріліп-түсу қиын. Үлкен баламның мүгедектігі бар. Енді, жер үй қарап жатырмыз, балаларға ыңғайлы болсын деп, – дейді Анна Петровна.
«Шаңырақ» орталығы кеңес беріп, шаралар өткізумен ғана шектелмеді. Әлеуметтік саладағы мәселелерді министрлермен талқылап, Үкіметке жеткізуге үлес қосқанын атап айту керек.
– Көптеген ұсыныстар қабылданып, түрлі мемлекеттік бағдарламаларға өзгерістер енгізілді. Мәселен, «Бақытты отбасы» ипотекалық бағдарламасына алғашқы жарна беру, білім қорын ақшалай беру, атаулы әлеуметтік көмектің әлеуметтік пакетін монетизациялау жайлы ұсыныстарымыз қолдау тапты. Қайтарымсыз грант, білім беру, медицинаға қатысты мәселелерде де талқыланды, – дейді Ләззат Қожахметова.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz