Шәкірттер Мақтанышы

     Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10 «А» сынып оқушылары мектепте бірталай жылдар бойы қызмет атқарған, додалардың биік шыңын бағындырған шәкірттер тәрбиелеген ардагер ұстаздармен кездесу кешін өткізді.

Мерекелік кешті ашқан директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Какимова: «Сіздермен ой бөлісіп, пікір алмасуға келіп отырған біз, жиналған жас жеткіншектер бақытты ұрпақ деп есептеймін. Қазыналы қарттарымыз тұрғанда ешкімнен кем болмаймыз. Сіздердің өмірлеріңіз – бізге өнеге», – деп жүрекжарды тілегін жеткізді.

Кешке «Қазақтың Қанипасы» атанған атақты педагог Қанипа Бітібаеваның шәкірті Бәтіш Мұқатайқызы, Білім беру ісінің үздік қызметкерлері Назгүл Манасбайқызы, Қорлан Смағұлқызы, Қарлығаш Байзуллақызы, Бақыт Нысанбайқызы, Айгүл Әбілтайқызы, сондай-ақ, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ошақбай Суханберлин қатысты.

Жиналған қауым мектептің шығармашылық тобы түсірген ардагер ұстаздар туралы хроникалық бейнефильмді тамашалады. Кеш жүргізушілері үш буын өкілдері арасындағы ашық-жарқын сыр-сұхбатты жарасымды жүргізіп, ұрпақ сабақтастығын үйлестіре білді. Ардагер ұстаздар жас мұғалімдер мен оқушыларға баталарын берді.

Бақыт БАЙМҰҚАТОВА,

Жамбыл атындағы мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.

Р.S. Кеше «Орталықтың» тұрақты авторы, көзі қырағы оқырманы, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Ошақбай СУХАНБЕРЛИН 80 жастың сеңгіріне аяқ басты.

Қадірлі ақсақал! Қазақ ру­ханиятының жанашыры, өңір тарихының жоқшысы ретіндегі еңбегіңізге береке тілейміз!

«Орталық Қазақстан»

газетінің ұжымы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.