Жезқазған

Әсерлі әңгіме өрбіді

Өскелең буынның бойына адамгершілік нәрін сіңіру – ұстаздар алдындағы бірегей міндеттерді бірі. Ал, адамгершілік ұстанымы жасы үлкенді сыйлау, қарияларды қастер тұту секілді қарапайым қағидалардан бастау алары күмәнсіз. Жезқазған қаласындағы №13 орта мектебінде оқушыларға тәлім-тәрбие беру ісін осынау ізгі мақсат негізінде жүргізу жүйелі жолға қойылған. Соның бір айғағы – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Қарттарым – асыл қазынам» тақырыбындағы кездесу сабағы.

Өмір жолдары өнегелі жандармен сырласу кешін ұйымдастырып, өткізуге үнемі тың бастамалардың басы-қасында жүретін 6 «ж» сыныбының жетекшісі, тарих пәнінің мұғалімі, музейтанушы Ғайни Рахметова ұйытқы болғанын айта кеткен жөн.

Балалармен жүздесуге Жезқазған өңірінде алғаш «Қазақ тілі» қоғамын құрып, оның қоғамдағы ықпалының пәрменді болуына өлшеусіз еңбек сіңірген қайраткер тұлға, қаламгер Асқар Ермекбаев, ҚР білім беру ісінің үздігі, облыстық «Асыл әже – дана әже» байқауының Бас жүлде иегері, «Ақ әжелер» ансамблінің мүшесі Зоя Бейсембаева, ҚР білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Ақәйнек Торғаева және мемлекеттік қызмет ардагері Бағила Омарова шақырылды.

Кездесу сабағы барысында құрметті меймандар өз өмірлерінің ғибратты сәттері туралы ой толғап, татымды тірліктің мән-мағынасы хақында әсерлі әңгіме өрбітті. Балалардың тарапынан қойылған алуан сипатты сауалдарға тұщымды жауап қайтарды. Келешекке көз тіккен жас буын өкілдеріне ақжарма пейілмен тілектерін арнап, баталарын берді.

Өздерін адами құндылықтар туралы тағылымды сөздерімен тәнті еткен ата-әжелерін оқушылар ән мен күйден шашу шашып, қуанышқа кенелтті.

Ғайни ЖОЛБАРЫСҚЫЗЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button