Басты тақырыпБіздің сұхбатЖезқазған

Серкенің серке театры – жасампаздық жаршысы

     Театр – терең тағылым мен тәлімді тәрбиенің, өрелі өнер мен мінсіз мәдениеттің ордасы. Бұл – күмәнсіз шындық. Қазақ еліндегі  қасиетті өнер шаңырақтары хақында сөз қозғала қалса, Жезқазғандағы Серке Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалы-драма театры ауызға алдыңғылардың қатарында ілігері анық. Ауызекі тілде «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр» атағын иеленген Серкенің серке театрының дербес отау құрғанына биыл 45 жыл толып отыр. Осынау мерейлі той аясында биылғы жылғы 8-12 қарашада театр қабырғасында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев атындағы І аймақтық театрлар фестивалі өткізілмекші. Біз шырайлы шара қарсаңында өнер ордасына арнайы бас сұғып, театр директоры Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВТІ аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Еркебұлан Қайроллаұлы, сөз басында «Орталықтың» басшылық құрамы, ұжымы мен ормандай қалың оқырмандарының атынан Сіздерді және барша өнерсүйер қауымды мерейді өсірген мерейтоймен құттықтап, еселі еңбектеріңізге толымды табыс тілеп  қоялық…

– Лебізіңізге шексіз рахмет! Біздің бағамдауымызда «Орталық Қазақстан» басылымы – өзіне ғана тән айрықша үні мен қайталанбас тарихы бар қастерлі қарашаңырақтың бірі. Әр санын асыға күтеміз, сүйсіне оқимыз. Бүкпесіз айтсам, облыстың бас газетінің тарапынан берілген баға мен айтылған құттықтау лебізі – біз үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе!

– Сіз басқару тізгінін ұстап отырған ұжымның өткені – өнегелі, өрнекті. Мұны көзіқарақты оқырман өте жақсы біледі. Десек те, бір сәтке сананы жаңғырту мақсатында театр тарихына қысқаша шолу жасаған жөн секілді…  

– Театр ұлт мәдениеті мен өнерінің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей басшылығымен 1972 жылы бұрынғы Торғай облысының орталығы Арқалық қаласында шаңырақ көтерген. Актерлердің алғашқы құрамы Мәскеудегі М.Щепкин атындағы Жоғары театр училищесінің бір топ түлегінен жасақталған. Жұртшылыққа етене танымал өнер ұжымы 1988 жылдан бері мысты шаһар – Жезқазғанда еліміздің мәдени-рухани әрі көркемдік талап тұрғысынан өркендеуіне айтарлықтай жоғары деңгейде дәнекерлік етіп келеді. Сахнада сомдаған кесек дүниелері арқылы көрерменнің кіршіксіз ілтипатына бөленген аға буын актерлеріміз, шүкіршілік, баршылық. Бәрінің атын атап, түсін түстеу шарт емес, ең бастысы, театрдың мызғымас тірегі – солар. Мәселен, қазақ халқының мәдени өміріне соны леп әкелген тарландар Жанботаевтар мен Қожақовтар әулеті – театр мақтаныштары.

Жұдырықтай жұмылған ұжым  Қазақстанның барлық облыстарында, ірі қалаларында, ауылдық жерлерде гастрольдік сапарларда болудан ешқашан жалыққан емес. Осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам спектакльдер қойылған екен. Репертуарымыз жыл сайын әлем классикасы, қазақ әдебиеті классикасы мен қазіргі заман әдебиетінің озық үлгілері негізінде қойылған спектакльдермен толыға түсуде.

– Қандай деңгейде ұйымдастырылса да, әр фестивальдің қоғам үшін өзіндік маңызы мен жағымды сипаттағы қайтарымы бар екендігі күмәнсіз. Осы орайда бір сауал – Жезқазған төрінде өткелі отырған І аймақтық театрлар фестивалінің режиссер Жанат Хаджиевтің есімі телініп өткізілуінің түпкі мәні неде?

– Көкейге қонымды сауал. Театр өз басынан өткерген 45 жыл – бір қарағанда аз мерзім емес. Сол кезеңдерде ұжымның берекесін енгізіп, асқар асуларды бағындыруға құлшындырған, мақсаты асқақ жолда театр тарихында айшықты із қалдырған басшылар мен бас режиссерлердің қатары да аз емес. Дегенмен, жарықтық Жанат ағамыздың еңбегі ерекше ересен болды. Ол – бас режиссер әрі көркемдік жетекші ретінде Серке театрын биік белестерге шығару жолында аянбай тер төгіп, барлық күш-жігерін сарқа жұмсаған біртуар дарын иесі, алыс та, жақын да айрықша бағалаған тума талант. Жанат Әубәкірұлының қойған спектакльдері режиссерлік тың шешімдерімен, тұғырлы тұжырымдамасымен жан сүйсінтер жаңалықтарға толы болды. Оның осы театрдағы тындырымды еңбегінің нәтижесі, түптеп келгенде, бүкіл қазақ театрлары тарихының жаңа белесіне айналды. Спектакльдері республикалық театрлар фестивальдерінде бірнеше рет Бас жүлдені иеленіп, сан мәрте жүлделі орындарды еншіледі. Оның қойылымдары ұлттық мінез-құлықтың шеңберінде ғана қалып қоймай, көрерменді жалпыадамзаттық құндылықтарға жетелеуімен ерекшеленіп тұратын. Ізденімпаз суреткердің тек өз шеберлігіне тән режиссерлік шешімдері философиялық астарымен, мазмұнының тереңдігімен, керемет көркемдігімен есте қалды. Міне, осы тұрғыдан алып екшегенде, фестивальдің Жанат Хаджиевтің есімін еншілеуі –  заңдылық. Бұл – өзінің табиғи талантын жарқырата көрсете отырып, мықты актерлермен бірге театрды тұтас елге танымал еткен тұлғаның рухына көрсетілген құрмет.

– Қазақта «Тас түскен жеріне ауыр» деген мағыналы тәмсіл бар. Ауқымы кең іс-шараны дайындау мен өткізу жауапкершілігі біршама міндеттерді жүктейді. Дайындық жұмыстары қалай өткерілуде? Көрермен қауым қай театрлардың өнерін тамашалай алады? Өздеріңіз ел назарына қандай туынды ұсынғалы отырсыздар?

– Әрине, сезінген жанға бұл істің «алты атанға ауыр жүк болардай» салмағы бары анық. Театр ұжымы қазір мерейтой қарсаңындағы қызу дайындық үстінде. «Көп түкірсе – көл» демекші, қазір жауапкершілігі мол шараны «бетімізді қызартпай» өткізетін сыңайдамыз. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы шынайы жанашырлық танытып, көмек қолын созып отыр. Бұл ретте Жезқазған қаласының әкімдігі мен Ұлытау ауданының әкімдігі де ортақ мүдделі істен шеткері қалмайтынын мәлімдеп қана қоймай, нақты әрекеттерді қолға алғанын айта кету – азаматтық парызым. Жергілікті қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де бізбен бірге барлық істің басы-қасында.

Ал, енді, театрлардың қатысуы мәселесіне келсек, бүгінгі күнге дейін Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық жастар мен балалар театры, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар қазақ музыкалық-драма театры, Арқалық жасөспірімдер театры, С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық қазақ драма театры, К.Станиславский атындағы Қарағанды мемлекеттік орыс драма театры, сондай-ақ, Қарағанды облыстық академиялық музыкалық комедия театры тапсырыс беріп отыр.

Біздің ұжым, яғни, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театры талғампаз көрерменнің назарына Жанат Хаджиевтің сахналауындағы М.Кәрімнің «Ай тұтылған түн» спектаклін ұсынатын болады.

Бұдан тысқары, фестиваль қортындысы шығарылған жиыннан кейін Жезқазған-Ұлытау аймағының тұрғындары Қазақстан эстрада жұлдыздарының концертін тамашалау мүмкіндігін иеленеді.

– Жөн-ақ екен. Мағынасы терең, маңызы зор шараның сәтімен өтуіне тілектеспіз. Лайым, еңбектеріңіз жана берсін!

Әңгімелескен,

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button