Біздің сұхбат

Серік ӨТЕШОВ: «Ашық диалогқа дайынбыз»

Өзінің құзыреті аясында көптеген маңызды мәселені шешуге ықпал ететін мәслихаттарды билік пен бұқара арасындағы алтын көпір деп тегін айтпаса керек. Облыстық мәслихат құрамы биылғы қаңтардағы сайлаудан кейін айтарлықтай өзгерді. Осы орайда Қарағанды облыстық мәслихатының хатшысы Серік ӨТЕШОВПЕН арадағы әңгіме төмендегідей өрбіді.

– Серік Балғатайұлы, облыстық мәслихаттың VI шақырылымдағы жұмыс қорытындысына баға беріп, VII шақырылымдағы депутаттардың алдағы жоспарларымен бөліссеңіз. Өкілді органының алдына қойылған міндеттердің сипаты өзгерді ме?

– Жалпы, мәслихаттың және әр депутаттың қызметіне бағаны бірінші кезекте сайлаушылар беруі керек. Сондықтан, оқырмандардың назарын VI шақырылым жұмысының кейбір қорытындыларына аударғым келеді. Өткен шақырылымның депутаттық корпусы бес жыл ішінде үлкен жұмыс атқарды. Осы уақытта облыстық мәслихаттың 44 сессиясы өткізіліп, 603 шешім қабылданды, өңір үшін нақты шешімдерді талап еткен көптеген өзекті мәселе қаралды.

Денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау, экология және басқа да өзекті мәселелер халық қалаулыларының жіті назарында болды. Мәслихат отырыстарында қаралатын мәселелерді жан-жақты және сапалы зерделеу үшін арнайы жұмыс топтары құрылды. Жергілікті жерлердегі мәселелерді зерттеу үшін облыс өңірлеріне барып қайтты. Қабылданған шешімдер іске асырылғанға дейін бақылауда болуымен қатар, қосымша қаржы да бөлінді. Азаматтық сектормен де жұмыс жолға қойылды. Сондықтан, әріптестеріме, яғни, өткен шақырылым депутаттарына тағы да алғысымды білдіремін.

Жаңа VII шақырылымдағы депутаттар алдында белгіленген жоспарлар мен міндеттерге келетін болсақ, олар, негізінен, өзгеріссіз. Бұл, ең алдымен, сайлаушыларымыздың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі аманатты орындау. Бірақ, өздеріңізде білесіздер, өмір бір орында тұрмайды, сәйкесінше, облыстық өкілді орган мен депутаттардың алдында тұрған міндеттердің сипаты да өзгереді. Сайлау нәтижесі бойынша төрт саяси партия – «Нұр Отан», «Ауыл», «Ақ Жол», Қазақстан Халық партиясының өкілдері қызмет атқарады. Депутаттық құрам жаңарды, әйелдер мен жастардың үлесі артты.

Облыстық өкілді органның алдыға қойған бірінші міндеті – ашықтық және халықпен, яғни, сайлаушылармен кері байланыс орнату. Эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына қарай мәслихаттың отырыстары жоспарланады. Айтпағым, сессиялар мен тұрақты комиссияның отырыстары онлайн-режимде көрсетіледі. Бұл туралы Президенттің Қазақстан халқына кезекті Жолдауында да айтылды. Біз БАҚ және әлеуметтік желілердегі жұмысты жандандырдық. Сайлаушыларды жеке қабылдаулар мен кездесулердің кестесі бекітілді.

– Сіз депутаттық корпус қызметі – халықтың өмір сапасын жақсарту болған және солай қала береді деп бірнеше рет айтқан едіңіз. Тіпті, депутаттық корпус осы мақсатта үлкен жұмыстар атқарғанына да куәміз. Бүгінгі бағыт қандай?

– Облыстық мәслихатта қаралатын мәселелердің ауқымы шынымен де кең. Оған облыс бюджетін, облысты дамыту бағдарламасын бекіту және орындау, әлеуметтік саланы дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары, жолаушылар көлігі саласының жай-күйі, кәсіпкерлікті қолдау, тұрғын үй саласын дамыту тәрізді біраз мәселелер кіреді. Аталған жұмыстар жүйелі негізде құрылуы тиіс. Ол үшін облыстық мәслихаттың жұмыс жоспары жасалады. Сессияларда және тұрақты комиссияның отырыстарында аталған бағыттар бойынша мәселелер қаралатын болады. Біз күн тәртібіне шығарылатын мәселелерді пысықтау сапасына және олардың орындалуын бақылауға көп көңіл бөлеміз. Біріншіден, олар сайлаушылардың мүддесіне қарай қарастырылады.

– Депутаттың басты міндеті – қарапайым азаматтың мүддесін қорғау. Халық қалаулыларының ықпалымен шешілген өзекті мәселелерді көріп те, біліп те жүрміз. Осындай игі істерді атқаруға депутаттарымызға өкілеттік берілген ба?

– Шынында, депутаттар сайлаушылардың нақты мәселелерін шешуде үлкен жұмыстар атқарғанын айту керек. Бұл жерде істі оңтайлы шешуде түрлі тетіктер бар екеніне назар аударғым келеді. Бірінші кезекте, депутаттық сауалдар мен уәкілетті мемлекеттік органдардың атына жазылған өтініштер, азаматтарды жеке қабылдау, мәселелерді тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралатынын айтуға болады. Мәселен, біз үш жыл қатарынан «депутаттық күндерді» өткізіп келеміз. Әр айдың әрбір үшінші бейсенбісінде кез-келген депутатымыз өтініш берушілер мен жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен кез-келген мәселені қарауға бастамашылық ете алады. Оның қорытындысы бойынша нақты тетіктер мен шешу жолдары айқындалады. Мысалы, «депутаттық күндер» барысында жер қойнауын пайдалану, сапалы орта білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экология, құрылыс және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері қаралды. Кездесулердің қорытындысы бойынша біраз дүние шешімін тапты.

– Серік Балғатайұлы, індет облыстық мәслихаттың жұмысына қалай әсер етті? Депутаттардың сайлаушылармен нақты жұмысына кедергі келтірді ме?

– Әрине, індет салдарынан облыстық мәслихат қызметіне біраз өзгеріс енгізуге тура келді. Қиын эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан жұмыс істеуге көштік. Сессиялар, тұрақты комиссиялардың отырыстары, азаматтарды қабылдау қашықтан өткізілді және әлі де солай жалғасуда. Қиындыққа қарамастан, жұмысымыз бір күнге де толастамағанын ерекше атап өткім келеді.

Депутаттық корпус індетпен күреске және денсаулық сақтау саласын нығайтуға бағытталған облыстық бюджетті нақтылау шеңберінде қосымша қаражат бөлуді жедел қолдады. Осы кезеңде денсаулық сақтау, кәсіпкерлікті қолдау, халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін бірнеше рет қарастырдық.

Облыстық мәслихат депутаттарының дені – меценаттар. Халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілген көмектің ауқымды бөлігі де солардың еншісінде. Індет кезінде Елбасы жариялаған «Біз біргеміз» акциясына белсенді қатысып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қолдау көрсетті.

– Тұрақты комиссиялардың жұмысы облыстық мәслихат қызметінің басты құрамдас бөлігі екені белгілі. Бейінді комиссиялардың отырыстарында нақты және өзекті бағыттар қарастырылады. Осыған толығырақ тоқталсаңыз.

– Мәслихаттың негізгі жұмыс органы оның тұрақты комиссияларының қызметі екенін дұрыс айттыңыз. Бүгінде осындай бес комиссия бар. Төрағалары ретінде С.Әдекенов, К.Оспанова, Б.Шыңғысов, Ж.Штергер және Т.Өтеубаев тәрізді тәжірибелі әрі беделді депутаттар сайланды.

Биыл бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның отырыстарында мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын, облыстың даму бағдарламасын, жергілікті өзін-өзі басқаруды, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелерін қарау жоспарланды.

Әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссияның отырыстарында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау және оңалту шаралары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін дамыту, балалар үйлерінің, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталықтардың жай-күйі мен даму перспективалары, ауылдық жерлердегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту, мектепке дейінгі білім беруді дамытудың жай-күйі мен перспективалары, жұмыс орындарын құру және халықты жұмыспен қамту және тағы сол сияқтылар қаралады.

Құрылыс, көлік, коммуналдық шаруашылық және экология жөніндегі комиссияның отырыстарында экологиялық жағдайды жақсарту бойынша қабылданатын шаралар, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің жұмыс істеуін және дамуын қамтамасыз ету бойынша жүргізілетін жұмыстар, ауылдық елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету, халықты газбен қамтамасыз ету бойынша қабылданатын шаралар, автомобиль жолдары мен жолаушылар тасымалының жай-күйін қарау жоспарда тұр.

Облыста фармацевтика өнеркәсібін дамыту, бағаларды тұрақтандыру, ішкі нарықты жоғары сапалы, табиғи ауыл шаруашылығы өнімдерімен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен молықтыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, шағын және орта кәсіпкерліктің жай-күйі мен дамуы және әкімшілік кедергілерді төмендету бойынша қабылданып жатқан шаралар, ауыл кооперативтерін дамыту және ауыл шаруашылығы өндірісіне заманауи технологияларды енгізу бойынша қабылданып жатқан шаралар өнеркәсіп, шағын және орта бизнесті дамыту, аграрлық және жер мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырыстарында қаралады.

Депутаттық өкілеттік, этика, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырыстарында су тасқыны кезеңінен өту және су тасқынына қарсы іс-шараларды өткізу кезіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі жұмыстар, жер қатынастары саласындағы заңнама талаптарының сақталуы, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, учаскелік полиция инспекторларының жұмысы, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнама талаптарының сақталуы пысықталады.

Бұл бейінді комиссиялар биыл қарайтын мәселелердің бір парасы ғана. Одан бөлек, аталған комиссияларда мәселелерді қарауға сарапшыларды, азаматтық сектор өкілдерін кеңінен тарту жоспарда екенін айту керек. Бұдан бөлек, эпидемиологиялық ахуалға байланысты мәселені тікелей жергілікті жерлерде зерделеуге мүмкіндік беретін комиссиялардың көшпелі отырыстарын өткізу жоспарланған.

– Елбасы да, Мемлекет басшысы да мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың пәрменді органдарына айналуы керектігін және жергілікті проблемаларды шешуі үшін олардың жұмысын жандандыру қажеттігін бірнеше рет атап өтті. Осы бағыт бойынша жүргізілетін өзгерістермен бөлісе отырсаңыз?

– Бұл мәслихаттар қызметінің өте маңызды бағыты. Өзіңіз айтқандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше назар аударуда. Әрине, мәслихаттар тікелей халық сайлайтын жергілікті өкілді органдар ретінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың осы векторына басшылық етуі тиіс. Бүгінгі күні жергілікті қоғамдастықтардың жиындары мен жиналыстарының тетіктері қалыптасқан. Облыс бойынша 201 ауылдық елді мекенде төрт деңгейлі бюджет енгізілді. Тоғыз қалада «Халық қатысатын бюджет» жобалары іске асырылуда.

Қазіргі уақытта елімізде жергілікті өзін -өзі басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленуде. Бірінші оқылымда ҚР Парламенті Мәжілісінде мәслихаттардың рөлін күшейтуді көздейтін «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне биліктің аудандық, қалалық және ауылдық деңгейлерінің дербестігі мен жауапкершілігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы өзінің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мәслихаттарға бірнеше жыл қатарынан шешімін таппай жүрген жергілікті проблемалар бойынша қол жинау және петиция жасау функциясын беру мүмкіндігіне жеке тоқталды.

Бұл шаралардың барлығы азаматтарды шешім қабылдау процесіне тартуды, жергілікті маңызы бар мәселелерді дербес шешуді көздейтін басқарудағы демократиялық қағидаттарды дамытуға бағытталған.

Әңгіме соңында депутаттық корпус ашық диалогқа дайын екенін айтқым келеді. – Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңызға табыс тілейміз!

Сұхбаттасқан Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button