Сайлау – 2021

Серік САНАУБАЕВ: «Бұл сайлау – ауылды көркейтуге жақсы мүмкіндік»

Бүгін тұңғыш рет ауылдық округтерде тұрғындар ауыл әкімін тікелей өздері сайлау үшін дауыс беруде. Алғаш қолға алынған саяси науқан туралы пікірін білу мақсатында «Қарағанды облысының кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік САНАУБАЕВТЫ аз-кем әңігімеге тартқан едік.

— Серік Мәлікбекұлы, алдымен сайлау туралы қысқаша айтсаңыз?

– Бұл – елімізде өтіп жатқан өте маңызда ауқымды шара, Елбасы бастаған модернизацияның жалғасы. Халықтың ауыл әкімін сайлауға тікелей өзінің дауыс беруі бірінші рет болып отыр елімізде. Сайлаудың қалай болатыны халықтың өзіне байланысты. Өзіміз осыны талап еттік. Міне, соған келдік. 30 жылдың ішінде. Бұған да жете алмаған елдер бар. Бұл – жақсы көрсеткіш деп есептеймін.

– Басқа елдер туралы айтып қалдыңыз. Ауыл әкімін халық сайлайтын қандай елдерді атай аласыз?

– Бұл бастама – демократиялық қағидаттың бір белгісі. Ең бастысы, халық өздері таңдаған әкімді сайлап, ол әкім ауылдың көркеюіне үлес қосып, септігін тигізсе, сайлаудың нәтижелі болғаны сол. Америка Құрама Штаттарында, Еуропаның бірқатар елінде, Ресейде және басқа да мемлекеттерде бар мұндай сайлау түрі бар. Сондықтан, бұл тек бізде ғана емес, демократиялық даму жолындағы елдердің біразында жүргізіледі.

– Сайлау өткен соң, ауылдың жағдайы түзеліп, оң өзгерістер орын алады деп ойлайсыз ба?

– Әрине, бірақ ол бірден іске аса қоятын шаруа емес. Бір әсері болары анық. Бұл жерде халық жауапкершілікті түсінуі тиіс. Өйткені, әкімін өздері таңдады және сол әкіммен бірге тірлік кешеді сол ауылда. Жұртшылық таңдаған әкімімен бірге жұмыс істеуі керек. Бәрін әкімге артып қойып, оны сынап-мінеумен іс ілгері баспайды. Ауыл адамдары әкіммен иық тіресе, ауылды көркейтуге атсалысуы қажет.

– Бюджет жағы қалай болар екен?

– Әр ауылдың өз бюджеті болады. Бұл мәселе шешіледі. Ауылдың бюджетін қалай орынды жұмсау керектігін де елмен ақылдасып шешеді әкім. Өзін-өзі басқару – осы. Әкім – жай ғана елді үйлестіруші, біріктіруші, ұйымдастырушы, мемлекеттік саясатты жүргізуші әкімшілік тұлға. Жалпы, халықтың өзі басқаруы тиіс ауылды. Барлық шаруа ақылдасу арқылы шешілуі қажет. Араздыққа, ашуға жол жоқ. Бюджеттің бәрі ашықтығы ләзім. Ауылдық округте төленетін салықтың бәрі қалуы керек. Онсыз болмайды. Мың жерден білімді, тәжірибелі әкім болса да, бюджетсіз ештеңе бітіре алмайды. Бірақ, қазір мемлекеттік бағдарлама деген көп. Соның бәрін дұрыс жолға қойып, мүмкіндіктерді пайдаланып, ауыл тұрғындарымен біріге жұмыс істеуге болады.

– Көп бастама ауылға жетпей жатады. Бұған не дейсіз?

Бұл жерде әкім халықпен бірікпесе, түк шықпайды. Сондықтан, елмен бірге жұмыс істеуді қайталап айтып отырмын. Мұны ауылға сайланған әр әкім түсінуі тиіс. Бізде реформаның бәрі ауылдарға ең соңында жетеді. Негізі, керісінше болуы қажет. Яғни, реформалар ауылдан басталуы керек. Содан кейін жоғарыға қарай кетуі тиіс. Әйтпесе, жоғарыдан басталған реформа ауылға жетпей қалады. Ақшасы жетпейді, оның қайда кеткенін ешкім білмейді. Шындығында, 30 жылда ең құрығанда, ауылдың көшелерін жөндеп тастайтын уақыт болды. Сондықтан, бұл сайлау – ауылды көркейтуге жақсы мүмкіндік.

– Әкім мен ауыл халқының біріге жұмыс істеуіне аздап бағыт-бағдар бере кетсеңіз.

– Алдымен, ауылдың ақсақалдарымен ақылдасуы керек. Ауылдағы шешілуі тиіс мәселелерге тұрақты комиссия қажет деп ойлаймын. Өйткені, мәселенің ең қажеттісін алдымен шешетіндей зерттеп, зерделеу тиіс. Сол зерттеу нәтижесімен, халықтың ұсынысымен ауыл әкімі тиісті жерге барып, қажетті қаржыны сұрайды. Мұндағы бір ерекшелік ауыл әкімі барған жерінде: «Мені халық сайлаған. Сол халықтың атынан келіп тұрмын. Мынадай-мынадай мәселені шешу қажет» деп талап етеді. Елге келіп «Мынаны шештім, мынаған уақыт керек» деп есеп береді. Бұл арада әкімге көп нәрсе байланысты. Яғни, шешілуі тиіс ең маңызды дүниелерді жоғары жаққа жеткізу, шешілуін талап ету. Бұл көбіне ірі көлемде қаржы керек болғанда ғана ескерер жайт. Ал, басқа ұсақ-түйек мәселелерді ауыл әкімі ауылдың тұрғындары һәм қалталы азаматтарымен біріге тіл табысып, шешуі тиіс. Сөздің қысқасы, әкім не айтса да, халықтың атынан сөйлейді. Өйткені, оны Президент сайлаған жоқ, облыс әкімі тағайындаған жоқ. Халық өзі таңдады. Не көрсе де, елмен бірге көреді. Қалғаны – уақыт еншісінде.

– Тұщымдың әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button