АймақБалқаш

Селеннің алғашқы легін жөнелтті

Балқаштағы «Қазақмыс прогресс» ЖШС кәсіпорны СТ-1 маркалы техникалық селен шығарды. Селен тазарту және шлак өңдеу цехында өндірілген өнімнің алғашқы жөнелтілімі 100 тоннаны құрады. Бұл – Қазақстанда алғаш рет бірегей вакуумдық дистилляция әдісі қолданылған өнеркәсіптік өндіріс. Жаңа технология селеннің әлемдік нарықтағы бағасының қосылған құнын 30%-дан 97%-ға дейін арттырды. Ал, өнімдегі селеннің мөлшері шамамен 99,5%-ды құрады.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған жоба 2017-2018 жылдары «Қазақмыс Прогресс» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының (БМЗ) бағалы металдар цехындағы тазарту учаскесінің газ тазарту жүйесін жаңғыртудан басталған еді. Бұл тазартылмаған селен өндірісін жылына 60 тоннадан 100 тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, оны тазартуды экономикалық тұрғыдан тиімді етті. Ал, бағалы металдар өндірісінің қосалқы өнімі болып есептелетін тазартылмаған селенді тазарту жобасын іске асыру 2020 жылы Балқаш өндірістік алаңында басталды. 2022 жылы жаңа өндірістік учаске іске қосылып, 2023 жылы өнеркәсіпте пайдаланыла басталған еді.

– Вакуумдық дистилляция әдісі селенді реагент қолданбай жоғары дәрежеде тазартуға мүмкіндік береді. Процесті экологиялық қауіпсіз етеді. Технологияны Satbayev University Металлургия және байыту институтының ғалымдары әзірледі. Осылайша бірегей қондырғы қолданысқа енгізіліп, түсті металдардың әлемдік нарығының талабына сай өнім өндіруге жол ашылды.
Қазіргі уақытта селен күн батареяларында, көшіру аппараттарында, шыны, керамика өндіруде, сондай-ақ, медицина мен химия өнеркәсібінде қолданылады. Балқаштағы жаңа өндірістің іске қосылуы Қазақстан мен «Қазақмыс» компаниясының түсті металдардың әлемдік нарығындағы экономикалық позицияларын нығайтуға жаңа мүмкіндік береді, – делінген кәсіпорынның хабарламасында.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button