Сейсенбіде жол ашылады
Сәрсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Гоголь көшесінің 7-ші магистральдан бастап Гудермесская көшесіне дейінгі бөлігі бойындағы күрделі жол жөндеу жұмыстарымен танысып қайтты. Кейінгі екі жарым ай бойы жүргізіліп келе жатқан бұл жұмыстар – алдағы сәрсенбіде аяқталады деп күтілуде.
Жасыратын несі бар, Оңтүстік Шығыс шағын ауданын бетке алып, қаланың қос қапталын тоғыстырып тұрған Гоголь көшесі бойындағы өтпежолдан өтсеңіз, қалың кептеліске тап болар едіңіз. Әсіресе, тұрғындардың жұмысқа бару және қайту кездерінде кептелістің көкесін көресіз. Бұл аз десеңіз, көлік жылдамдығын тежейтін қос теміржол өткелі тағы бар. Бұл жайт облыс орталығындағы көлік жүргізушілеріне жақсы таныс. Әрине, Алматы не болмаса Астана сынды ірі қалалардағы кептеліспен салыстыруға да келмес. Дегенмен, бөгелетініңіз рас. Бұл жайт – бірнеше шақырым бойы уақытыңызды алады деуден аулақпыз. Бар болғаны, Складская көшесі мен Космонавтар көшесінің арасы. Міне, биылғы жөндеу жұмысындағы жаңартпалықтар да Гоголь көшесінің дәл осы бөлігінде жасалған екен. Мәселен, осы екі аралықтағы жол кеңейтілді. Енді мұнда 4 жолақтың орнына 6 жолақтық жол болады. Сонымен қатар, салынған жолды қайта қопарып жатпас үшін, жұмыскерлер жылу және су құбырларын қайта орнатып, жер астына орналастырған. Бұған қоса, жол бойында жаңа бағдаршамдар мен белгілер орнатылады. Ал, жобаның жалпы құны 2 214,9 млн. теңге.
– Мұнда біз толығымен кәріз бен су құбырларын ауыстырдық. Енді тағы бір учаскі – Нүркен Әбдіров даңғылынан бастап Әлиханов көшесіне дейінгі бөлік, онда жөндеу жұмыстары келесі жылға жоспарланып отыр. Биылғы жылы біз Гудермесская көшесінен Нүркен Әбдіров даңғылына дейінгі 11 шақырымға созылған бөлікті жөндейміз. Бұл учаскіде біз жолды 7 метрге кеңейттік. Теміржол өткеліне резеңке төсеніш салдық, – деді Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров.
Ол Гоголь көшесіндегі жөндеу жұмысы ауқымды жоба болғанын атап өтті. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге бір жарым жыл уақыт кеткен.
– Космонавтар көшесінен Складская көшесіне дейінгі қиылыс ең түйткілді бөлік болатын. Мұнда екі темір жол өткелдері бар, автокөліктер ағымы да зор, әрдайым кептелістер болып тұрады. Сондықтан, жобалаушылар алдында бұл учаскіні кеңейту мақсаты қойылған болатын. Ол үшін үш үйді бұзуға тура келді. Қазіргі таңда біз кондитерлік фабрикамен дуалдары сәл жылжытып, жаяу жүргіншілер жолына орын беру туралы келіссөз жүргізіп жатырмыз. Барлық жұмыстар тамыздың 22-де аяқталады. Ұсақ жұмыстар жалғаса береді, бірақ жолды көлік қозғалысы үшін сейсенбі күні ашуды жоспарлап отырмыз, – деді Нұрлан Әубәкіров.
Осыған дейін қала басшылығы Гоголь көшесіндегі жол 1 тамызда ашылады деп уәде берген болатын. Алайда, Қарағанды қаласының әкімі түсіндіргендей, жұмыстың аяқталу мерзімін көптеген кабель сымдарын ауыстыруға байланысты шегеруге тура келген.
Ерлан Қошанов қала әкімін тыңдап болған соң, бұл жолда көлік қозғалысын неғұрлым тездеткен жөн екенін жеткізді.
-Сіздер жол сейсенбі күні ашылады деп отырсыздар. Олай болатын болса, мен сәрсенбі күні келіп тексеремін, – деді аймақ басшысы.
Рауан ҚАБИДОЛДИН