Сейіл кетті дегенше…
«Гитарамды алып елеусіз бұрышта қалған, Бауырыңа басып егіліп, жылайсың әлі…»
Табылды ДОСЫМОВ.
Сейіл кетті дегенше, пейіл кетті десеңші,
Ілгері емес дүние, кейін кетті десеңші…
Арқасы мен бауырын бір жаза алмай, дүние-ай,
Аз уақыт Арқада сейілдепті десеңші.
Сейіл кетті дегенше тілек кетті десеңші,
Жеті ішектің біреуі шіреп кетті десеңші.
Тастай мынау дүниеге бір сиып, бір сия алмай,
Бүлкілдеген тұла бой – жүрек кетті десеңші.
Сейіл көшті дегенше өмір көшті десеңші,
Аз өмірі саз қылды көңіл-қошты десеңші.
Өз көңілін таба алмай, кісі көңіліне алаңдай
Қалдырмаған ешкімді көңіл көшті десеңші.
Жеті ішектің бірінен суырғанда саз алып,
Дүниенің дидары тұрушы еді тазарып.
Бір кісіге сен демей, бір кісіге «әй» демей,
Сейіл кетті дегенше, кетті десей тазалық.
Келіп еді еңбектеп, барады ол шалқалап,
Сахнадан сан рет ән салғыздық қолқалап.
Алтай, Арқа, Алатау, шапаттады шартарап,
Сахнадан сан рет алсақтағы алқалап…
Жүрдік бірақ атақтан, марапаттан қалқалап,
Барады енді ақ Сейіл тауқыметін жалғанның,
Алды-артына қалдырмай жалғыз өзі арқалап.
«Ән мен әнші» әлемі көлікті еді ол барда,
Ән сапарын бұрмайды Алматыға енді ол да.
Шымбұлаққа шықпайды, Көктөбеге мінбейді,
Шақырмайды Рамазан, шақырмайды Сержан да.
Жарты ғұмыр, жарты көш, жалқы өмір өткені,
Ән-буалдыр, ән-бұрқақ – асу бермес өткелі.
Бір ішегі қиылып, бір моншағы үзілген,
Көз ұшында барады Қорабайдың мектебі.
Сейіл кетті дегенше, пейіл кетті десеңші,
Ілгері емес дүние, кейін кетті десеңші…
Арқасы мен бауырын бір жаза алмай, шіркін-ай,
Аз уақыт Арқада сейілдепті десеңші.
Жанарбек ӘШІМЖАН.