Ізашар
Ақын, белгілі қаламгер, журналист Ержан ИМАШ – 65 жаста
Жыл сайынғы қарашаның 18 бен 19-шы жұлдызы өмірде өз ағамдай болған екі кісінің қатар келетін туған күні болып жадымда қалды. Қарағандыдағы Баспасөз үйінің жетінші қабатына көтерілсеңіз, ең алдымен 42-ші кабинетке маңдай тірейсіз. Бір кезде осы бұрышты жайлаған экономика бөлімінде жас арасы тұп-тура он жыл бір күн Тілеуқабыл Байтұрсын мен Ержан Имаш ағаларым отырды.

Араларындағы бір күн білінсе де, он жылы сезілмейтін жақын болды. Журналист ретінде Тілеш ағамыз облыстың ауыл шаруашылығын, Ерекең қала экономикасын қадағалайтын. Бұл кісілердің баспасөзде жарияланған әр жанрдағы материалдарын түгендесе, өңір экономикасын толық қамтыған көп томдық жуан еңбек шығар еді.
«Журналистикада экономика тақырыбын меңгерген адам басқа кез келген бағытта еркін жазады» деген жазылмаған қағиданы студент шағымызда-ақ естігенбіз. Студент шағымыз демекші, 90-шы жылдары «Орталық Қазақстан» газетінің редакциясында екі рет жазғы практикадан өттім. Сол кездерде қызмет істеген кісілердің бәрі де жадымда. Шығармашылық ұжымның дені – сақа журналистер. Бас редактор – Рымқұл Сүлейменов, жауапты хатшы – Самат Жүнісов. Өзіміз журфактың студенті ретінде «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» кітабын жастанып оқыған, осы басылымның бұрынғы бас редакторы Рамазан Сағымбеков сол кезде ауырыңқырап, қарапайым шолушы болып жүрді. Ал, отыздың ішіне енді кірген жастардың бірі осы Ерекең, Ержан Имаш ағамыз еді. Парақшасынан жас кезіндегі мына суреті көзіме оттай басылғандықтан әдейі таңдап алдым. Дарынды фотограф Балқан Ахметов марқұм түсірген екен. Алғаш көргенімде де осы келбеті: шашын келістіріп тараған, мұрты мойылдай, жанарында жарқыл ойнаған жалынды жас. Бір мүшелден артық кішілігім бар мен ол кезде тіптен сумұрын екенім түсінікті, сондықтан, практикант кезімде «ассалаумағалейкүмнен» артық тіл қатысып көргем жоқ. Есесіне 1997 жылдың аяғында жаңа бас редактор Мағауия Сембай ағамыз жұмысқа алғанда Ерекеңмен салғаннан жақын араласып, бірталай жыл қатар қызмет істедік. Еңбекқор кісі. Тілеш ағамыз екеуі шапшаң жазады, нақты жазады. Бір жерге барып келсе, бірден жазуға отырады да, айналасы бір жарты сағатта «қағып тастайды». Сөйтіп, екі «экономист» тұтас бөлімнің шаруасын түске дейін тастай қылып, басқа мәселені талқылап отырар еді. (18 қарашада өмір есігін ашқан Тілеуқабыл Байтұрсын ағамыз 2018 жылы бақилық болды, мекені жұмақ болғай!).
Ерекең тіл маманы болғанымен, анау-мынау тарихшыны шаңына да ілестірмейді. Әңгіме айтса, дерек-дәйегін түгендеп, өлең сөзбен тұздықтап, майын тамызып айтады. Не түрлі тарихи оқиғалардың ай-күнін дәл айтқаны былай тұрсын, мән-маңызын да жіліктеп беруге шебер. Осындай терең білімімен бір кезде өзі туған Үлгіде (Бұқар жырау ауданы) мектеп директоры болғаны, әлбетте, заңдылық. Қазақтың шежіресін таратуда да бұл кісінің алдына түскендерді өз басым сирек көрдім.
Қазір «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің құрамындағы «Ortalyq Qazaqstan» газетінде негізінен жаңа буынның өкілдері қызмет істейді. Бүгінгі холдинг директоры Қайрат Жүнісұлы бастаған бір шоғыр жас кезінде осы Ерекеңнің ізін баса келген едік. Қазақша айтқанда, Ерекең ізашар, біз ізбасар болдық. Жылдар жылдам, өзіміз де елуді еңсеріп тастаппыз. Ержан Мәзұлы осы күні «Орталықтың» ұжымы төріне оздырған ақсақал жасына аяқ басқан. Бүгін, есебім дұрыс болса, зейнетақы ала бастағанына да екі жыл толып отыр. Бірақ, оның тәжірибесі мен ақыл-кеңесі жастарға керек. Негізі, Ерекең туралы естелік те, аңыз да баршылық. Газет беті үшін тым ұзап кетер деп, аз ғана шиырладым.
Мерейжасында Ерекеңе тек жақсылық тілеп, бала-шағаңыздың ортасында қызық-қуанышқа кенеле беріңіз, тіршілік пен шығармашылықта қуатыңыз кемімесін деймін! Сіз бен бізге ұлағаттың ортасы болған «Орталығымызбен» бірге жасай беріңіз!
Болатбек ҚАУЫСОВ



