Руханият

«Сарыарқа сазы» таланттарды іздейді

С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрында «Дарындар әлемі» қауымдастығының ұйымдастыруымен жеткіншектер арасында «Сарыарқа сазы» халықаралық өнер байқауы өтті. Байқаудың I орын жүлдесі қарағандылық талантты бүлдіршін Аруна Бектыбаеваға бұйырды.

Байқау үш жас санатында өтті. Олар – 7-9, 10-14 және 15-18 жас аралығы. Байқауға Жезқазған, Абай, Шахтинск қалалары мен Осакаров, Шет аудандарынан қатысушылар біршама жиналды. Сайыстың басты шарты – жас өнерпаздың дауысы мен орындау қабілетіне сай ән таңдауы және оны нақышына келтіре орындау.

– Жобаның мақсаты – еліміздің түпкір-түпкірінен талантты жастарды іздеп тауып, оларды өнер жолында қолдауда үлес қосу. Көбінесе ауылдық жерлердің жас таланттары тасада қап қояды. Олардың өнерлері ауыл айналасынан алыстай алмай қалады. Бұл, әрине, қаражат жетіспеушілігінен немесе жер қашықтығынан болуы мүмкін. Осындай олқылықтардың алдын алып, болашақ дарындарды біздің жоба өзі іздеп табуда. Осы жобада дауысы ерекше бірнеше әнші балапанды байқадым. Дегенмен, Жұмабек Тәшенов атындағы №54 мектеп оқушысы Аруна Бектыбаеваның өнері көңілден шықты. Болашағынан зор үміт күтемін, – дейді қазылар алқасының мүшесі, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының вокал жетекшісі Рысты Рахымжан.

Расында, «МузАрт» салған «Рахмет, саған, туған ел» әнін сахнаға алып шығу – әр баланың қолынан келе бермейтін дүние.

– Маған үміт артқан ата-анама, туған-туыстарыма алғысым шексіз. Ал ең басты алғысым – жетекшім әрі ұстазым Мадина Асабуеваға. Ол кісі менің әншілік қырымды байқап, соны дамытудан жалығар емес. Менімен бірге дайындалып, қамықсам қамығып, қуансам әрдайым бірге қуанды. Бұдан да жоғары сайыстарда жеңімпаз атанып, жетекшімнің үмітін ақтасам деймін, – деді жас әнші Аруна Бектыбаева.

Сонымен қатар, қазылар алқасы қатысушылардың киім үлгісіне назар салды. Олардың айтуынша, қазіргі қатысушылар айтқан әніне сай киінуге тырысады.

– Бұдан бұрын байқауға қатысушылар қалай болса, солай киініп, ел алдында жауапкершілік дегенді білмейтін еді. Қазір қатысушылар да, олардың жетекшілері де даму үстінде. Олар сахна сыйлау дегенді жақсы меңгерген. Бұл, әрине, бізді қатты қуантты, – деді режиссер, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театрының актері Бек Киікбаев.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button