Жаңалықтар

Сары алтындай Сарытерек

Қарапайым қараша жұрттың қарашаңырағына айналған алақандай ауылдан талай тарлан түлеп ұшты. Бұл Ақтоғай ауданының тағы бір ілгері жылжыған үздік ауылы – Сарытерек. Ауыл – аудан орталығына алыс емес. Бесінге таянған кезде бел асып біз де жеттік ауылға. Ауыл әкімі Қанат СЕРКЕБАЕВ құшақ жая қарсы алып, көрікті де, көрнекті жерлерін аралап көрсетті.

 

Біздің назарымызға ерекше іліккен Ақтоғай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен жүзеге асып, жұмыс істеп тұрған ауыл шаруашылығын дамытуға арналған «Гидропоника» қосымша білім беру үйірмесі. Мұнда балалар бос уақытын тиімді өткізіп, білімін жетілдіреді.

Гидропоника – суда өсіру деген сөз. «Гидропоника» қосымша білім беру үйірмесінің мұғалімі Шырын Қасенбекованың айтуынша, негізгі жұмысы – ауыл шаруашылығына дәнді дақылдарды дайындау, балаларды ауыл шаруашылығы саласына баулу. «Мыналар – тәтті бұрыш һәм бидай. Бұларды көшет ретінде басқа жаққа отырғызуға дайындап жатырмыз. Балалар бидай егудің қыр-сырын үйреніп жатыр. Сондайақ, арпа да бар. Мұндағы әр өсімдікті арасына бір апта салып егеміз. Сонда балалар бір апта айырмашылығы бар дақылдардың өсуін зерттейді. Қызанақ, қияр, орамжапырақ та бар. Жарық өсімдікке жасыл түсті көп беретіндіктен, оларды жарықтың астына қойдық», – деді ол.

Бұдан бөлек, мұнда топыраққа дақыл, өсімдіктер егу шаруашылығы да ашылуда екен. Оған көшетті осы үйірме дайындайды. Келешекте ұлғайтуды да көздеп отыр. Негізінен биология сабағында оқушыларға егіншіліктің маңызын үйрету үшін таптырмас үйірме екен. Өнімін асханаға пайдаланады қажет болса. Өсімдікті өсіру арқылы малға азық дайындауды да меңгереді балалар. Болашақта бір малды осында бордақыға қоюды да ойлап отыр. Өйткені, мұны жеген мал тез семіреді екен.

Ал, келесі бізді бір таңғалдырғаны – Сарытерек клуб үйіндегі «Алтын алқа иегерлері» аталатын аналар тақтасы. Оған Сарытерек ауылының алтын құрсақты аналарының портреттері ілінген. Барлығы – 46 ақ жаулықты абзал жанның суреті. Бұл суреттегілер жай ғана аналар емес, осы ауылдың, ауданның құрылуына, өсіп-өркендеуіне, дамуына өз үлесін қосқан батыр аналар. Ауданның демографиясын көтеріп, шаңырақтың берекесін кіргізіп, ер-азаматтардың берік сенімді серігі бола білген, еңбегімен даңқты болған аяулы жандар. Осы аналардың алтын құрсағынан өрбіген ұрпақ бүгінде елінің ертеңі үшін еңбек етіп жатқан азаматтар. Олардың арасында өндіріс маманы, өнер адамы, техникалық маман, жылқышы, қойшы, депутат, әкім және басқа да түрлі мамандық иелері бар. Бастысы – олардың кім болғаны емес, осы алып аналардың ақ сүтін ақтағандығында әңгіме.

«Ананың табанында жұмақтың кілті бар» деп аналарды қастер тұтатын елдің ұрпағымыз ғой. Бұл сөзімізге еш жерде көшірмесі жоқ осы тақта дәлел. «Ауыл – Темірқазығымыз» деген аталы сөздің де бекер еместігіне көз жетті мұнда. «Арманымды ақтармын ба жүрегімді тербесем, Айға сіңлі, қарындассың қасиетті жерге сен, Мен өзіңді теңдесі жоқ құдірет деп түсінем, Сендік қуат мың есе артық жердің тарту күшінен. Сөзімізді ұнатпаған таптық та дер дананы, Даналықтың қажеті жоқ сыйлау үшін ананы» деп жырламап па еді жұлдыздай ағып өткен Төлеген Айбергенов.

Шындығында, ананы сыйлау үшін асқан даналықтың қажеті шамалы. Қарапайым ғана осындай Құрмет тақтасы да анаға құрметтің бір көрінісі. Сарытерек жұрты осы кішкентай дүние арқылы аналарды құрметтеудің асқан үлгісін көрсетумен қатар, оған көп қаржының емес, шынайы ниет болса жеткілікті екенін дәлелдеп отыр. Басқа ауылдар да үлгі алар дүние екен. Әр ауылда осындай аналар тақтасы тұрса, қандай жарасымды болар еді…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button