Сан қырлы қаламгер

    Ормандай оқырманы бар Қарағанды облыстық Н.Гоголь атындағы кітапхананың «Өлкетану» бөлімі өнертану ғылымында өшпес қолтаңбасын қалдырған ғалым, жазушы, публицист, киногер Камал СМАЙЫЛОВТЫҢ 85 жылдық мерейтойы құрметіне «Қазақтың Камалы» атты ауызша журнал өткізді.

Аталған шара «Өнегеге толы өмір», «Камал Смайылов – публицист», «Камал Смайылов – кинотанушы» сынды үш параққа құрылды. Бірінші парақта кезінде Камал атамыздың Қазақстан телеарнасы арқылы эфирге шыққан «Жарқын бейне» бағдарламасынан үзінділер көрсетіліп, тұлғаның өмірі мен шығармашылығы, журналистік шеберлігі, оның ұстанған бағыты, азаматтық болмысы жайлы тың деректер ұсынылды. Екінші парақта филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр ғылымдары Академиясының академигі Қойлыбай Асанов К.Смайыловтың публицистикалық шығармашылығына тоқталды. «Камал Смайылов туралы журналистер, зерттеушілер, жазушылар көп жазды. Елімізге танымал талант иесі екенін барша халық жақсы білді. Қаламы жүйрік журналистік қырын қызықтыра байқата білген публицист. Ол кісі ғылыми-техникалық революция тақырыбына көп көңіл қойып, қарымды қаламгер ретінде ерекшеленді. Ұлттық әдебиеттің, өнердің, музыканың кең қанат жаюына бірден-бір қамқоршы болған, іркіліп қалған істерге жан бітіріп, ілгері жылжытқан ұмытылмас тұлға», – деді ол сөз арасында.

Үшінші парақта «Қазақстан-Қарағанды» облыстық телеарнасының редакторы, журналист Ә.Жанпейісов сөз алды. Ол К.Смайыловтың Қазақ киносын дамытуға, оны әлемге танытуға бар күш-жігерін салған тұлға екенін айрықша атап өтті. Сонымен бірге теледидар мен радиокомитетінің басшылығына келгенде, ерекше серпіліс жасап, ұлттық киноның жетілуіне, «Тамаша», «Қымызхана», «Шашу», «Күй дастан», «Халық таланттары», «Айтыс», «Халық қазынасы», тағы басқа толып жатқан телевизиялық бағдарламалардың тууына орасан зор үлес қосқанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, шара барысында К.Смайыловтың шығармашылығына арналған кітап көрмесіне әдеби шолу жасалды.

Ауызша журнал бетінде жүздескен оқырмандар Камал Смайылов қай салада қызмет етiп, нендей еңбек жасаса да, ең бiрiншi ұлттың мүддесiн ойлағандығы туралы ой түйді. Қазағының жоғын жоқтап, барын түгендеуге күш салған Камалдың кім екенін білді. Қазаққа ғарыштың қажеттiгiн айту керек болса, Камал Смайылов – ғарышкер, қазаққа қазба байлығы туралы айту керек болса – геолог, әлеуметтiң жағдайын жақсарту туралы айту керек болғанда – экономист бола бiлген Камалдың әдебиет, өнер, кино саласына сiңiрген еңбегi жеке-жеке зерттеуді қажет етеді.

Сандуғаш ТЕЛПЕКБАЕВА,

Н.Гоголь атындағы облыстық

кітапхананың өлкетану

бөлімінің басшысы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.