Сайлауға асыққандар қарасы – қалың
Жексенбі күнгі таңғы сағат 07.00-ден Бұқар Жырау ауданы орталығында сайлауға байланысты қарбалас басталып кеткен. Дауыс беріп, таңдауын жасаймын деген сайлау учаскесіне асыққандар қарасы қалың. Жалпы, аудан бойынша 51 сайлау учаскесі бар.
Ботақара кентіндегі №487 сайлау учаскесі аудан орталығындағы Мәдениет үйінде орналасқан. Дауыс беруің үшін міндетті түрде санитарлық талаптарды сақтауың керек. Медициналық қолғапсыз, бетпердесіз кіруге – рұқсат жоқ. Бақылаушылар да сақтық шараларын қатаң сақтаған. Арнайы қорғаныш құрылғыларымен жабдықталыпты. Дауыс беру басталғалы санитарлық нормаларды бұзу фактілері анықталмаған.
– Бүгін алғаш рет сайлауға қатыстым. Бойымда әлдебір қобалжыған сезім болды. Таң атысымен сайлау учаскесіне барып таңдауымды жасадым. Даусымның маңызды екенін білемін. Учаскелерде санитарлық талаптардың да күшейтілгені мені қуантты, – дейді 19 жасар Аян Құдайбергенов есімді студент.
Ал, Ю.Гагарин атындағы мектептегі №488 сайлау учаскесінде де ешқандай құқық бұзушылықтар тіркелмеген. Түс ауған шақ болса да аудан тұрғындары келіп, таңдауларын жасауда.
Ербол ЕРБОЛАТ.
Бұқар Жырау ауданы.