Садақада сауап бар

Балқаш қалалық мешіт Рамазан айы басталған күннен аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік себеттері мен ауызашар қоржындарын үлестіріп, халықтық шараға өз үлестерін қосты. Рамазан айының соңғы 10 күнінің ішінде, күнделікті 250 адамға ас әзірлеп, ауызашар қоржынын таратты.

Акцияның басты мақсаты – қаламыздағы көпбалалы отбасыларға көмек қолын созу. Игі бастама аясында 10 мамыр күні мешіт алдында 90 отбасыға азық-түліктей көмек көрсетілген. Рамазан қоржынына күнделікті дастархан мәзіріне қажетті ұн, май, күріш, макарон, шай, қант және құрма салынған. Қайырымдылыққа жұмсалған қаржы құны 1 200 000 теңгені құраған.

– Осы қайырымдылық шарасына атсалысқан әрбір жанға Алла Тағала разы болып, сансыз сауап жазып, екі дүниенің бақытын нәсіп етсін. Рамазан айында азық-түлік қоржынын таратқандарға алғысым шексіз. Берекелі іс болды. Көмек қоржыны шаһардағы тұрмыс жағдайы нашар, күнкөрісі төмен отбасыларға берілді. Азық-түліктерді ауызашар беруге ниеттенген және қайырымдылық жасағысы келген кәсіпкерлер сатып әперді. Игі шара биылғы Ораза айы біткенге дейін жалғасын тапты, – дейді Балқаш қалалық мешітінің бас имамы Ербол Төлтаев.

Айта кетейік, берекелі ай басталғалы жергілікті мешіттер Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының үндеуіне үн қосып, «Ауызашар қоржыны», «Ауызашар қорабы», «Рамазан базарлығы» сынды акцияларды үздіксіз ұйымдастырып келеді.

Нұрдос КӘРІМ,

БАЛҚАШ қаласы.