Спорт

Саңлақтар салтанат төрінде

Аймақ спортшылары халықаралық додаларда лайықты өнер көрсетіп, кеншілер өлкесінің әлеуетін танытып жүр. Бұл орайда Н.Әбдіров атындағы спорт сарайында осы айда ерекше көзге түскен спортшылар марапатталды. Жеңімпаздарды облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев құттықтап, одан әрі жеңістер мен жетістіктер тіледі.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Нақтырақ айтсақ, Қарағанды гимнас­тика мектебінің тәрбиеленушісі Екатерина Кожемякина Гонконгта батут гимнастикасынан Азия чемпионы атанған. Ол – осы спорт түрінен алтын медаль алған облыстағы алғашқы спортшы.

– Азия чемпионатына 10 ел қатысты. Көп жаттықтым, жаттығу жиындары да ойдағыдай болды. Мығым дайындықтың арқасында жеңіске жеттім. Бұл спортпен 12 жасымнан бастап айналысамын. Үйірмеге ата-анам алып келген. Өзіме қатты ұнады, нәтижесін көріп отырсыздар. Қазір Қазақстан чемпионатына дайындалып жатырмын, жеңістен үміттімін. Олимпиадаға қатысып, Олимп шыңын бағындыру – басты арманым, – дейді 16 жас­тағы Екатерина.

Ал, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Даниэль Диль мен Вадим Шуляр Болгарияда өткен спорттық акробатикадан Әлем кубогында жеңіске жеткен.

– Жарысқа 17 ел қатысты. Сайыстарға көптен бері қатысып жүрміз, біраз қарсыластарды танимыз. Әр қарсыласқа жеке тактика қойып, дайындалып, жеңіске жеттік. Жақында қыркүйекте өтетін Әлем чемпионатына дайындыққа кірісеміз, – деп бөлісті Даниэль Диль.

Он бес жастағы Есенгелді Ерқанат 25 елдің спортшысы жиналған спорттық жә­не жауынгерлік самбодан Азия және Океания чемпионатында алтын жеңіп алды.

– Самбомен 6 жылдан бері айналысамын. Биыл Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан Республикасы чемпионатында дзюдодан үшінші орын алдым. Болашақта Әлем және Олимпиада чемпионы болғым келеді. Бірақ, бұл үшін көп жұмыс істеуім қажет. Үнемі қолдау көрсететін ағама және жеке жаттықтырушыларға мың алғыс! – деді Есенгелді Ерқанат.

Биыл қарағандылық джиу-джитсу спорт­шылары да ерекше көзге түсті. Олар Азия чемпионатынан 12 медаль және Grand Slam халықаралық жарысынан 7 медаль алып келді.

– Джиу-джитсудан Азия чемпионатына 30 елдің балуандары қатысты. Облыс­тан барлығы 13 спортшы өнер көрсетіп, рекордтық нәтижеге жетіп, 12 медаль жеңдік. Оның үшеуі – алтын, – деп атап өтті облыстық джиу-джитсу федерациясының президенті Аян Шермағамбетов.

Ал, Марио брос Қарағанды мектебінің тәрбиеленушісі Константин Зорин джиу джитсудан халықаралық Grand Slam ABU-DHABI жарысының жеңімпазы атан­ған-тын.

– Төрт жекпе-жек өткізіп, мықты қарсыластармен белдессем де, қаймықпай, бірінші орынды иелендім. Әлі алда талай биікті бағындырамын, – деді 12 жастағы Константин.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button