Сөз саңлағымен сұхбат
Қалың оқырманның сүйікті жазушысы Сүйіндік Жанысбаймен кездесу өтті. Тағылымды шараны Қарағанды қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене тәрбиесі және спорт бөлімінің қолдауымен «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» ұйымдастырды.
Кездесу «Қарағанды қаласының 90 жылдығына арналған 90 кездесу» жобасы аясында өтті. Биыл кеншілер шаһарымен бірге Сүйіндік Жанысбайдың да 75 жас мерейтойы екенін атап өткен жөн.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Құрметті журналисі, облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, жазушы Сүйіндік Жанысбайдың оқырмандары кітапханаға лық толды.
Қаланың тарихын бір адамдай білетін, бірге тыныстап келе жатқан ардагер журналистің әңгімесі өткен күндерден тамыр тартты. Сонымен қатар, кітапхана оқырмандары қаламгердің шығармаларындағы ұлттық рух пен елдік мүдде жөнінде пікір алмасып, Сүйіндік Жанысбайдың өлкетануға қосқан үлесі жайлы да мәліметтерімен бөлісті.
Сұхбаттан бөлек қаланың әсемдігін айшықтаған, даңқын аспандатқан әндер шырқалып, ұлы рухты сілкіген күйлер шертілді. Осы тұста қалыптасқан, танылған өнерпаздардың емес, жастардың жұлдызы жарқырады.
Еңбегімен ерекшеленген сөз саңлағына құрмет көрсетілді. Сүйіндік Жанысбай да өз кезегінде алғысын жаудырып, ағынан жарылды.
– Өмірде адамды биікке тек еңбек пен талап қана жетелейді. Ең бастысы – армандай біліңіздер. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деп тегін айтылмаса керек. Талмай еңбек еттім. Түбінде бір биігіме шығарымды сездім, сендім. Сенімім алдамады. Осы шараны ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! Сіздерге де осындай құрмет бұйырсын! – деді ол.
Шара соңында оқырманы қаламгерін қаумалап, естелікке суретке түсті.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz