Жаңалықтар

Тасжарған

Жетпісінші жылдардың бірінде, дәл қай жылы екені есімде жоқ, «Қазақ әдебиеті» апталығы шығармашылықпен айналысатын адамның қайда тұрғаны жақсы деген мағынада сауал беріп, әр жастағы ақын-жазушылардың пі­кірін сұрағаны бар. Барлығы дерлік коммунистік идеологиямен суарылған жандар ғой, көпшілігі шын талант қайдан болсын жарып шығады, қолына қалам алған адам қайда тұрса да бәрібір деген сыңайда жауап берген еді. Тек Бердібек Соқпақбаев қана: «Атағың шығып, пәтер алғанша Алматыда тұрған жақсы, одан кейін өзің де кетпейсің», – деп сөз қайтарған. Ми тұнық, оқушы шағым ғой, жазушы ағаның жаңағы жауабы жадымда жазылып қалды. Шын мәнінде ол кезде ақын-жазушылардың, жалпы шығармашылық адамдардың көпшілігі Алматыда тұратын, астана мәртебесі бар қалаға баруға құмартатын. Өйткені, шығармашылық орта да, кітап шығаратын баспалар да Алматыда орналасқан-ды. Содан да болар, Алматыдағылардың жалы күдірейіп тұрады. Әрине, орталықтан шалғайдағы қалаларда, тіпті алыс ауылдарда өмір сүретін де авторлар бар еді. Олардың дауысы бәсең, құмық шығатын. Осы, провинцияда қалған таланттардың адымы қысқа, мүмкіндігі шектеулі болса да, кейбір жазғандары астаналықтардан асып түсіп, жасаған дүниелері қоғамның алға басуына мол үлес қосқаны және қазір де үлкен роль атқарып жүргені күмәнсіз. Сондай қаламгерлердің бірі – қарағандылық журналист, жазушы Сүйіндік Жанысбай десек, көп қателесе қоймаспыз.

Сурет: С.Жанысбайдың жеке мұрағатынан

Сүйіндік Жанысбаймен «Орталық Қазақстан» газеті редакциясында жиырма жылдан астам уақыт бойы қоян-қолтық араласып қызмет атқардық. Тағдырдың жазуымен басылымнан кетіп, өзге өңірде, басқа салада еңбек етуіме тура келсе де, Қарағандыдағы тор­қалы той, топырақты өлім өз алдына, ірілі-ұсақты іс-шараларда шұрқырай кездесіп, аға-іні болып табысып жүрдік. Осы мерзім ішінде Сүйекеңді өзінің кәсіби міндетін жақсы білетін журналист қана емес, көркем мінезді адам ретінде де біршама таныдым.

Сырттай қарағанда, Сүйекең көп үндемейтін, ешкімді бетінен алып, қатты сөз қатпайтын кісі сияқты әсер қалдырады. Ол шынында да солай. Бірақ, жақын танығандар оның ұстанымы берік, ақырын сөйлесе де ой-пікірін қор­ғай алатын табанды адам екеніне көз жеткізеді.

Сүйіндік Жанысбай көп жылдар бойы «Орталық Қазақстанның» құқық және бұқаралық жұмыс бөліміне жетекшілік жасады. Оқырмандардан түсетін хат-хабар­ларды өңдеу өз алдына, ай сайын жарияға шығатын «Адам. Қоғам. Заң», экология тақырыбын көтеретін «Сарыарқа» беттерін күні бұрын даярлап, жауапты хатшының қоржынына салып қоятын. Оны атап көрсетіп отырғаным, айына жалғыз-ақ арнайы бет әзірлеуге тиісті кейбір әріптесіміз өз міндетіне немқұрайды қарап, соңынан жүгіртіп қойса, Сүйекеңнің барлық жұмысы тап-тұйнақтай тынып тұрар еді. Басылымның жауапты хатшысы болған мен үшін Сүйекеңнен сүйкімді адам болмайтын сол кезде. Оның мұндай тындырымды қасиеті қыз­метін ішкі істер саласында бастауынан қалыптасқан тәрізді. Тәртіп – ол кісінің басты принциптерінің бірі.

Аптасына екі мәрте өтетін лездемеде, ерте де емес, кеш те емес, сағат 9-дан 15 минут кеткенде Сүйекең редактордың бөлмесіне кіреді. Әрине, іссапарға шықпаса, ауырып-сырқап қалмаса. Жиын үс­тінде батыл сөйлеп, әріптес­те­рінің шығармаларында орын алған олқылықтарды сын тезіне алатын журналистердің бірі осы адам. Редакцияға жаңа орналасқан жас мамандар тарапынан кейбір терминдерді дұрыс қолданбайтын жағдайлар кездесіп қалады. С.Сейфуллин атындағы театр актерінің мерейтойына байланысты әзірлеген эссесінде бір журналист амплуа деген сөзді бірер жерде ампула деп жазып жіберіпті. Басқалар аңғара қоймаған осы қателікті Сүйіндік ағамыз бірден тап басып, актердің бір бейнені сомдауға бейімделуі амплуа, сұйық дәрілер құйылған шағын шыны ыдыс ампула деп аталатынын тәптіштеп түсіндіргені есімде. Сүйекең басылымда логикалық, стильдік, емле қателері кетпеуін де мұқият қадағалайды. Сөзді орынды қолдануға зер салады.

Қазақтар тасжарған деп атайтын, табиғаттың қатал сынына төзімді өсімдік бар. Тамыры бұтақты, халық медицинасында асқазан, тамақ, жүйке ауруларын емдейтін қасиеті мол өсімдік. Сүйекеңді кейбір мінезіне орай осы тасжарғанға ұқсатамын. Қо­ғамның қайшылығы мен кедергілеріне мойымай, провинциядағы қаламгердің күрделі сапарында жүріп келе жатқан ол мерзімді баспасөздің күнделікті жұмысын атқара жүріп, ондаған кітап шығарып үлгерді. Олардың тақырып аясы да, жанрлары да әр алуан: «Өкініш» («Взятка» орыс тілінде) ішкі істер органдары қызметкерлері өмірінен жазылса, «Ақабайдың ала қабы» мен «Адамша кел» сатиралық және сықақ әңгімелердің жинағы, әр жылдары жазылған өлеңдері «Ауылымды аңсадым» кітабына топтасса, «Сарыарқаның самалы» табиғат және экология мәселелерін көтереді. Біраз шығармалары ұжымдық жинақтарға енгізілген. Сүйекеңнің көркем аудармасы мен публицистикасы – өз алдына бір төбе.

Әлемдік географиялық картаға «Қазақтың ұсақ шоқылары» деген атаумен түскен Сарыарқаның ең биігі Қызыларай тауының жанындағы Еңбек ауылында кіндік қаны тамған Сүйіндік Жұмабайұлы бүгінгі күні 75 деген биікті бағындырып, өзінің балалары мен немерелері құралыпты қаламгерлерден қалыспай, қатар қалам сілтеп келеді. Жаратушы ғұмырына кеңдік беріп, отбасындағы «Радио апа» – Нұрғайын тәтеміз бабын тапса, Сүйекеңнің қаламынан әлі де талай тамаша туынды өріп шығатыны күмәнсіз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Мәдениет қайраткері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button