Әдебиет

ҚҰМАРЛАН (әңгіме)

 

Таңертеңгілік шақ болатын. Күндегі әдетіммен қызметіме қарай келе жатқанмын. Бағдаршамның қызылы жанды да, жолдан өтпек болып тұрған жігіттің жанына тақап, мен де кідірдім. Сол кезде әлдеқайдан жүгіріп жеткен бір ит ортамызға келіп тоқтады. Кәдімгі қасқыр ит (овчарка) екен. Біздің қарағанымызды елең еткен жоқ, өзімен-өзі, шаруасы күтіп тұрғандай елегізіп, «жасыл жарық қашан жанар екен» дегендей асығып тұр. Ана жігіт те оның бұл қылығына таңданып, басын шайқап қояды. Екеуіміз оны қызықтап тұрғанда жасыл жарық жанып, жүйткіп жатқан машиналар аялдап еді, әлгі ит бізден бұрын жолдан жүгіріп өтіп, өз жөнімен кетті. Біз болсақ иттің мына қылығына риза болып, бірбірімізге күле қарадық.

Осы оқиғаны қызметтестеріме айтып келдім. Тағы бірде ақылды иттер, олардың адамға қызметі туралы бір қызықты мақаланы оқып отырып, өзіміздің Құмарлан атты итіміз есіме түсті.

Мен аудан орталығындағы орта мектепті бітірген жылы өзіме тете ағам Қуандық тазының ақ күшігін алып келіпті. Кішкене кезінің өзінде «Жат!» дегенді, «Кет!» дегенді бұлжытпай орындайтын. Сол жылы мен қалаға оқуға кеттім де, қысқы демалыста келсем – Құмарлан кәдімгідей үлкен ит болып қалыпты. Аңшылықты, саятшылықты ұнататын ағам оны аңға алып шығып, ауыздандырып та қойған. Дегенмен, әлі де кішкентай күніндегідей, басынан сипағанды ұнатады, мені жатсынбай, аяғыма оралып, еркелеп, құйрығын бұлғаңдатады да, секіріп ойнай бастайды. Бірақ, «Қой!» десең, бетіңе қарап тұрады да, бұртиған баладай, ақырын жылыстап, өзінің орнына барып жатады. Кейде қатты ұрыссаң – өкпелеп, шақырғаныңа келмей қоятын кездері де болады.

Үйдің іші Құмарланның ақылды ит болғанын айтып, мақтап отырады. Үйдің маңы шарбақталмайтын, сондықтан бөтен мал келсе, әрмен қарай қуып тастайды. Өзге иттер сияқты мысық көрсе, тұра ұмтылмайды. Жазда тамақты есік алдындағы шошалада пісіреді ғой, оның есігі ашық жатса да өмірі маңайына жоламайды, ыдыс-аяқты иіскелемейді. Тіпті, өз бетімен қораға да кірмейді.

Қыста алай-түлей боран соғып, қатты аяз болған кезде әкем оны ауыз сенекке зорға кіргізіпті. Ұялшақ бала сияқты, әуелде кірмей, табандап тұрып алыпты.

Құмарланның бір нашар қасиеті – тым аңқұмар болып алған екен. Әкем атқа мінсе болды, қыңсылап жанынан қалмайды. Біздің үй ауылдың шет жағында, алыстау, оңаша болатын. Сондықтан әкем қонаққа көбіне атпен барады да, Құмарлан да соңынан қалмай ілесіп, ауылдың иттерімен таласып қайтады. Сондай кезде бұл әлі күшік болса да, әлді иттерге алғызбайды екен. Ал, анаумынау иттер мұның маңынан да жүре алмайтындығын айтып, әкем риза болып отырады. Ағам болса, Құмарланның аңға шыққан кездегі қызықтарын әңгімелеп тауыса алмайды. Оның тастан қашқан түлкіні екі аттатпай бас салғанын, аңшылар тауға жаңа жеткенде бұлардан бұрын кеткен Құмарланның алдарынан бір қоянды тістеп алып шыққанын, бір топ қасқырдан тайсалмай, бір өзінің тұра қуғанын майын тамыза ортаға салады.

Құмарлан бір жасқа толғанында кәдімгідей ірі тазыға айналды. Табыны күректей, төсі алпамсадай, аяқтары мықты болды. Оның тағы бір ерекшелігі – үйге қарай келе жатқан жаяу адамға қатты үрмейді, іштегілерге дыбыс береді де қояды. Ауыл адамдары оның қаппайтынын біледі де, қаймықпай кіре береді. Ал, аттылы адам келе жатса ғана шабаланып арсылдайды. Күшік күнінде аттылы біреу алдынан үріп шыққанда қамшымен тартып жіберіпті. Содан бері осындай әдет тауып алған. Онысын өмірі қойған жоқ. Үйден біреу шыққан кезде ғана «жұмысым бітті» дегендей, өз жөнімен кетеді. Оған дейін арсылдағанын тоқтатпайды.

Содан бір-екі жыл өтіп те кетті. Ұмытпасам, үшінші курстың жазында демалысқа үйге келгенмін. Әдеттегісінше арсалаңдап қарсы алатын Құмарлан бұл жолы көрінген жоқ. Оны дәл сол сәтте ойламаппын да. Біраздан соң есіктің алдында тұрғанбыз. Жаныма келген Құмарланды байқап қалдым да, бұрынғыша басынан сипамақ болған едім, бетіме қарап, ашулы түрмен тісін ақситты.

Байқа балам, – деп анам шыр ете түсті. – Ол қазір ызалы, арс ете қалады.

«Неге олай деді екен?» деген оймен қолымды тартып алдым. Анықтап байқасам – оң жақ артқы аяғы жіліншігінен шолтиып қалыпты.

Бұған не болған?! – дедім таңданған кейіппен.

Қақпанға түсіп қалыпты, – деді әкем жай ғана.

Біраздан кейін ол кісі отырып алып, Құмарланның әңгімесін шертті.

– … Аңқұмарлығы оның жанына жай таптырған жоқ. Таңертең үйдің маңында жүреді де, бір кезде жоқ болып кетеді. Содан кешке қарай тау жақтан келе жатады. Қуандықтың үнемі аңға шыға беруге уақыты бола ма, жұмысы бар ғой. Оған Құмарлан шыдамайды, тау асып кетеді.

Бір күні, наурыз айының бас кезі болатын, Құмарлан жоқ болып кетті. Әдеттегісінше біраздан соң келетін шығар деп ойлағанбыз, келмеді. Екі күн өтсе де – жоқ. Бұдан соң біз «Е, бұл қасқырға жем болды ғой. Әйтпесе келер еді» деп ойладық. Үшінші күні түнге қарай күн суытып, батыстан ызғырық соға бастады. Бірақ кешке қарай ызғырығы басылып, аяз күшейген. Жатып қалғанбыз, түннің ортасына қарай иттің үргені, қыңсылағаны естілгендей болды. Құлағыма Құмарланның дауысы сияқты болып естілді. Тың тыңдап біраз жаттым, терезенің түбінен бір дауыс естілді. «Не де болса барып көрейін» деген оймен иығыма шапанымды жамылып, сыртқа шыққанмын. Шынында да Құмарлан екен. Менің дыбысымды естіген болуы керек, есіктің алдына келіпті. Өзі суықтан әбден тоңған, қалш-қалш етіп тұр. Есікті кеңірек ашып едім, әншейінде табандап тұрып алатын ол кіріп кетті. Бірақ, жүрісі бір түрлі сияқты, бөксе жағын шөмите басып, қиралаңдап зорға кірді. Аспа шамды алып келіп қарасам – үсті басы қан-қан екен. «Неге бұлай қиралаңдап жүр» деген оймен артқы аяғына қарағанмын, ойпырым-ай, не болғанымды білмеймін, сол орнымда тұрып қалыппын. Оң жақ артқы аяғы шолтиып тұр. Шолтиған жерінде білеудей қан қатып қалыпты.

Құмарланды жылы қораға жатқызып, үстіне сенектен ескі көрпе әкеліп жаптым. Үйден шешең шықты, оған Құмарланның бір аяғының шолтиып қалғандығын айттым.

Қап, Құмарланым-ай, қиналасыңау енді, – деп шешең де оны мүсіркеп жүріп, үйден жылы тамақ алып шықты.

Алдына қойып едік, басын көтеріп, бір-екі жалауға ғана шамасы келді. Бойы жылынды ғой деймін, кішкене жатқан соң ұйықтап кетті.

Ол ұйықтап жатқанда аяғын жақсылап қарадық. Қасқырға құрған қақпанға түскенін бірден білдім. Қақпанда тұрғанда айнала берген соң терісін қақпан қиып түсіп, сүйегі қалған кезде жіліншігін өзі кеміріп, бөлген сияқты. Өйткені, сүйекте қақпанның ізі қалыпты. Қанаған, ауырған жерін жалай беру иттердің әдеті ғой. Бұл да солай еткен. Сүйегінің басы жалаңаш болғанымен, терісі жалбыраған жерге томардай болып қан мен мұз қатыпты. Кішкене ұстап көрмек болып едім, оянып кетті де ырылдады. Алдына тамақ таяп едім, жылы сорпаны тағы да бір-екі жалады. Одан соң қайта ұйықтап кетті. Сол кезде қайшы алып келдім де, жалбырап тұрған теріні кесіп тастадым. Ол шолақ аяғын кішкене қозғады да қойды. Ертеңіне де қорадан шыққан жоқ. Мал дәрігері Жаңабекті шақырып, ине салғыздым. Алғашқы күні қозғалуға шамасы келмеді, тек келесі күні ғана ауырсынды. Үшінші рет ырылдап, дәрі салғызған жоқ. Үш күндей жатып, есін жиды. Үш күн бойы жылы тамақ беріп, жылы жерде ұстадық, үстінің қанын тазаладық. Ол кәдімгідей, далаға шығып келеді де, өзінің орнына қайтадан жатады. Әуелде тұқыл аяғын тіремек болып шөмиеді, оған ол аяғы жерге жетпейді. Содан қинала-қинала жүріп үйреніп кетті. Бірақ, көтерілгеннен бастап өзінің даладағы орнына барды, сол күннен еркелеуді күрт тоқтатты. Бұрын құйрығын бұлғаңдатып, өзіміздің басымызға қарғитын, аяғымызға оралатын. Ондай әдетін енді көрсетпейтін болды. Мүлде суық болып алды. Кейде бұрынғыдай еркелетіп, басынан сипамақ болсақ, өзіңе қарап, түсін сутып, тісін ақситатынды шығарды. «Ызаланып, қауып алып жүрер» деп басынан сипамайтын, мүсіркемейтін болдық…

Әкем есік алдында Құмарлан жайлы айтып отыр. Ол болса қарсы алдымызға келіп, басын алдыңғы екі аяғына салып, бізге қарап жатып алған. Екі көзін бізден алмайды, тап бір біздің әңгімемізді тыңдап жатқан сияқты.

– Құмарлан, Құмарлан! – деген шешемнің дауысы шықты. Сірә, ыдысына тамақ құйған болуы керек.

Құмарлан болса, орнынан асықпай тұрды да, ақырын барып, асын ішіп, аузы басын жалап, орнына келіп қайтадан жатты. Оның тағы бір әдеті, өзінің ыдысына құйғанды болмаса, көрінген жерден ас та ішпейді. Кірпігін анда-санда бір қағып қойып, дөңгеленген әдемі көздерін бізден алмай қарап жатыр. Мынадай күйге түскеніне қапаланатынын аққан жастың ізі сияқты, екі көзден төмен қарай кеткен жіңішке қара сызықтар байқатады. «Ит екеш ит те жылайды екен-ау» деген ойға келдім. Ауылда біраз күн демалыста болып қайттым. Есіктің алдына шықсам болды, Құмарлан жетіп келеді. Бірақ, бұрынғыдай еркелемейді, жаныма келіп қатарласып тұрады. Бетіме қарайды. Басынан сипамақ болсам – сипатпайды, ақырын ғана тісін ақситады да, әрі қарай жылжып кетеді.

Содан біраз жыл өтті. Жазғы демалысымда үйге бір келіп кететін әдетім. Бір жолы әкемнің кішкентай қара күшік алып келгенін көрдім. Үйдің іші Құмарланның оны қалай «тәртіпке салатынын» айтып мәз болады. Кішкентай ғана күшік қой. Әлі ештеңені білмейді. Өзі ойынқұмар, кірмейтін тесігі жоқ. Сондайда Құмарлан қатты ызаланып, кірген жерінен тістеп алып шығады дейді. Кейде ыза болғанда қаттырақ тістеп алып, кішкене күшікті қаңсылатып қояды екен. Ойынқұмар күшік біздің ақ мысықты көрсе болды, тұра қуады екен. Бір жолы есіктен шығып келе жатқан мысықты көрген қара күшік оны тұра қумақ болған ғой. Сол кезде жанында жатқан Құмарлан атып тұрып, қара күшікті желкесінен бүріп ұстаған кезде жеңгем айырып алыпты. Әуелде күшікті алып келгенде де оған қарап ырылдап, жақтырмаған екен. Үйдің іші: «Жат, Құмарлан, жат!» деп тоқтатып отырыпты. Ауыз сенекке және тамақ істейтін жазғы ас үйге Құмарлан өмірі кірмейді. Қара күшікті де солай үйретемін деп, ойнап жүріп кіріп кеткен кезде сан рет тістеп алып шығыпты. Ақыры ойыншыл қара күшік оның «тәрбиесіне» көнбейтін болған соң, Қуандық малға қыстауға көшкен кезде соған беріп жіберіпті. Өсе келе ол да сақ, малшыға лайық ит болып өсті.

«Құмарлан қартайды, оның орнын басатын ит болсын» деп әкем бұдан соң тағы бір кішкентай күшік алып келіпті. Сол күшікті қалай «үйреткенін» өз көзіммен көрдім. Біз келген сайын әкем бір қойын алып соғады. Бұл жолы да сол әдетімен есіктің алдында ініміз екеуміз бір қойдың терісін түсіріп жатқанбыз. Бауырын жаңа көтерген кішкентай күшік домалаңдап жанымызда жүр. Құмарлан бұрынғы әдетімен онша жақындамай, анадай жерде бізге қарап жатыр. Бір кезде ойнап жүрген кішкене күшік домалаңдаған беті біз сойып жатқан қойдың терісінің үстіне шығып кеткені. Сол-ақ екен, Құмарлан «ырр» ете қалды да, домаланған күшікті желкесінен тістеп алып, бір-ақ лақтырды. Содан соң ақырын ғана барып, өзінің орнына қайтадан жатты. Күшік болса, қыңсылаған беті жайына кетті. Біз иттің мынадай «тәрбие жұмысына» риза болып күліп жатырмыз.

Содан тағы бірер жыл өткен соң келгенімде Құмарлан көзге шалынбады.

– «Жақсы ит өлімін көрсетпейді» деген рас екен, – дейді әкем төмен қарап, мұңайып. – Таңертең өзен жақтан биелерді қайырып келе жатқанмын. Жар жағалап жүр екен. Бөксе жағын көтеру үшін мойынын төмен қарай созатын әдеті еді. Бұл жолы мойыны тіпті ұзарып кеткендей көрінді. «Өлейін деп жүр ме?» деп ойладым да, биелерді байлаған соң қарайын дегенмін. Анау-мынау шаруалармен жүріп Құмарлан есімнен шығып кетіпті. Күні бойы келмеген соң, кешке қарай аяңдап, оны көрген жеріме бардым, бірақ, олай-бұлай жүргеніммен таба алмадым. Қараңғы түсе бастағанда үйге қайттым да, ертеңіне торы атты ерттеп мініп, өзен жағалап ұзақ жүрдім. Сөйтсем, ауылдан біраз жерге ұзап барып, бір жардың түбіне жатыпты да, өліп қалыпты. Қырға қарай алып шықтым да, үйден күрек алып келіп, жақсылап көміп тастадым…

Әкем кәдімгідей итін қимайтынын анық аңғартты. Үнінде мұң бар.

Иә, шын мәнінде кейінгі асыраған иттері Құмарландай бола алмады. Ауылға барған сайын алдымнан шығып, бетіме қарап тұратындай болып көрінетін Құмарлан жоқ…

Қазір иттер туралы әңгіме қозғалғанда, ойыма сол Құмарлан оралады.

Сүйіндік Жанысбай

Басқа материалдар

Back to top button