Ресми

Құрыш қалаға да газ келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сайланған Парламент Мәжілісінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде «Коммуналдық желілердің әбден тозуы салдарынан барлық өңірде дерлік қайта-қайта апат болып жатыр. Көптеген қалада жол, электр тарату желісі, газ құбыры секілді негізгі инфрақұрылымдардың тапшылығы қатты байқалады. Біз еліміздің инфрақұрылымдық қуатын қалыптастыруымыз қажет» деп айтқан болатын.

Өйткені, өткен жылыту маусымында Петропавл мен Екібастұз қалаларының жылу-­энергия орталықтарында болған апат бәрімізге белгілі. Облысымыздағы Қарағандыдан кейінгі ірі қала Теміртауда мұндай жағдай орын алмаса да, осы қыста қаланың көптеген аудандарының тұрғындары қалтырап шыққанын жасыруға болмайды. Мұндағы жылу-энергия орталығының да күні бітіп, өкпесі өшкелі тұр. Сондықтан, Теміртауға газ құбырларын тарту ісі 2019 жылдан бастап қолға алынған еді. Қазір бұл игі шаруаның алғашқы нәтижелері көріне бастады. Былтырғы қазан айында 1-ші іске қосу кешеніне тиесілі газ тарату желілерінің құрылысы аяқталып, оның игілігін 490 үйдің тұрғындары алты ай қыс бойы көріп шықты.

– Теміртау қаласын газдандыру құрылысы үш кезекте жүзеге асырылып, барлығы 6357 үйді қамтиды,– дейді «Теміртау қаласының құрылыс бөлімі» ММ басшысының міндетін атқарушы Нұржас Маратұлы. – Осы үш кезек 8 іске қосу кешенінен тұрады, оған қаражат Ұлттық қордан бөлініп отырады.

Құрыш қаладағы бұл ауқымды жобаның қарқынды жүріп жатқанын өзіміз де көзбен көріп, көңілге түйдік. Бір жерлерде қазылған жыраларға газ құбырлары төселіп жатса, енді бір тұста дәнекерлеу жасалынып, газ сезгіш құрылғылар орнатылуда.

Жоспарлы жұмысты мердігер «Gaz Energy Constryction» ЖШС жұмысшылары мен мамандары атқаруда. Олар кешегі күнге дейін 1-ші (572 үй) және 2-ші (1031 үй) іске қосу кешендері газ тарату желілерінің құрылысын бітіріп, 580 шарт беріліп (1, 2-ші іске қосу кешендеріндегі 1603 абонентке хабар беріліп), 490 үй түгелдей газбен қамтамасыз етілген.

Ал 3-ші іске қосу кешенінде (909 үй) құрылысшылар 26,5 километр қазылған жерге газ құбырларын төсеп, енді оның 300 метрі мен газ желілерін сынақтан өткізу ғана қалған.

Біз айтқан бірінші кезектің 4-ші іске қосу кешенінің (1135 үй) жұмысшы құжаттарын даярлау үшін жобалау-зерттеу жұмыстары жасалуда. Бұл жоспар жүзеге асса, Теміртаудың Соцгородок деп аталатын аумағы мен Отрадное шағын ауданының халқы газбен тегіс қамтылатын көрінеді.

Нұржас Жәкітайдың айтуынша, 2-кезектің құрылысы биылғы 2023 жылдың сәуір айында басталып, конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша оның мердігері болып «Әлия Сервис» ЖШС анықталған. Осы жұмыстарға Ұлттық қордан 2,5 миллиард теңге қаржы бөлініпті.

Соңғы құны 2 миллиард 14 миллион 745,7 мың теңге тұратын 3-кезектің құрылысы Ұлттық қордан қаражат бөлінуіне байланысты 2024-2025 жылдары іске асырылмақ екен. Сөйтіп, бұл жоба жүзеге асқан күнде құрыш қала көгілдір отынмен толығымен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
ТЕМІРТАУ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button