Жаңалықтар

Құрылыстың қара нары

Нұра ауданы Кертінді ауылында екі қабатты мәдениеті үйі бар. 300 адамға қызмет көрсететін мәдениет ошағында мәдени іс-шаралардан бөлек, бірқатар үйірме де жұмыс істейді. Онда мектеп оқушылары тәлім алып, өнер аспанына қанат қағуда. Ауыл мәдениетінің дамуына ықпал етіп келе жатқан рухани орданың қабырғасын осы ауылдың перзенті, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Төлеген Оразбеков қалаған. Бұл Арқаның ардақты ұлы атқарған ұшан-теңіз еңбектің бір мысалы ғана. Саналы ғұмырын еліміздің құрылыс саласына арнаған еңбек ардагері Төлеген Әбілханұлы Оразбеков биыл мерейлі 75 жасқа желкенін кере жетіп отыр.

Бұл жасқа жеткен де бар, жетпеген де бар. Аллаға шүкір, Төлеген Әбілханұлы 75 жасқа абырой биігінде жетіп отыр. Басы аман, бауыры бүтін. Құдай қосқан қосағы Ұлберген Мәмбетова қасында. Екеуі бес баладан он шақты немере, бірнеше шөбере сүйіп отыр. Енді, сәл шегініс жасайық.

Төлеген Әбілханұлы 1948 жылы 5 наурызда Нұра ауданы, Көбетей ауылында туған. Жастайынан зерек болып өскен кейіпкеріміз 1955-1966 жылдары бұрынғы Қазгородок ауылындағы орта мектепті ойдағыдай аяқтайды. Ал, 1967 жылы Ақмола қаласында құрылыс шеберін дайындайтын оқу орнын үздік бітіріп шықты. Өйткені, бойында осы салаға деген қызығушылық пен икем бар-тын. Оның үстіне, жастайынан зәулім ғимараттар тұрғызып, үйлер салып, құрылыс саласын өрге сүйреп, елдің дамуына, халықтың еңсесінің көтерілуіне үлес қосуды армандаған.

Осылайша, аппақ арманы жетелеген талапшыл жас маман 1969 жылы Чкалов атындағы совхозда, қазіргі Кертінді ауылында құрылыс шебері болып жұмыс атқара бастайды.
Жұмысына адал әрі жоғары жауапкершілігімен көзге түскен ол 1973 жылы аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен «Балықтыкөл» совхозына құрылысшы болып жұмысқа жіберіледі.

1977 жылы Қарағанды политехникалық институтына сырттай оқуға түсіп, 1982 жылы аяқтап, құрылыс инженері мамандығын алып шығады. Осы сәттен бастап, лауазым да өсті, жауапкершілік те артты. Бірақ, жастайынан еңбекке пісіп өскен кейіпкеріміз қандай лауазымда болса да, еңбекқорлықтан, адалдықтан тайған жоқ. Ал, 1984 жылы Нұра ауданының ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен Чкалов атындағы совхозға прораб болып ауысты. «Еңбек – бәрін жеңбек» деген ұстаныммен өмір сүрген Төлеген Әбілханұлы 1997 жылы совхозды қайта ұйымдастыруға байланысты «Батыр» кооперативіне коммерция­лық сұрақтар бойынша төрағаның орынбасары болып ауысты. 1998 жылы өзіне тиесілі ауыл шаруашылығы жер алып, жеке кәсіпкерлікке көшті. Өз арбасын өзі сүйресе де, елге көмек беруден қашпай, жанашырлығын жалғастыра берді. 2011 жылы зейнеткерлікке шықты.

Тынымсыз еңбегі бағаланбай қалған жоқ. 2019 жылдың 15 шілдесінде «Қазақстанның Құрметті құрылысшысы» атағы берілген. 2022 жылы «Еңбек ардагері» медалімен марапатталыпты.

– Төлеген Әбілханұлын «Балықтыкөл» совхозында директорлық қызметте болған уақыттан білемін. Бірде ауданнан келе жатып, партком хатшысы С.Жұматов екеуміз Чкалов совхозында тұратын Төлегенге Балықтыкөлге құрылыс шебері болып ауысуға ұсыныс жасадық. Әкесі Төлегенді Балықтыкөлге жалғыз жібермей, өздері де көшіп келді. Сол кісілер шалғайдағы мал қыстақтарында шопандардың асыға күтетін қонағына айналды. Төлегеннің бір қасиеті «құрылыс материалы жоқ» деп қарап отырмайтын. Сайды қуалай өскен шілікті де, шымды да, таудағы тасты да қажетіне жаратып, шопанның үй қора-қопсысын бүтіндеп шыққанша тыным таппайтын. Жас жігіттің бұл әрекеті совхоз әкімшілігінің назарынан тыс қалған жоқ. Уақыт шіркін жүрдек қой. «Ауыл келбетін өзгертемін, шопандардың жағдайын жақсартамын» деп шапқылап жүргенде 5-6 жылдың қалай өткенін де білмей қалыпты. Жұбайы мектепте химия, биология пәндерінен сабақ берді. «Еңбек ардагері» медалінің иегері. Жаңа келген прорабтың іс-әрекетіне «бос әурешілік» деп қарсы болған құрылысшылар, бірте-бірте құрылыс цехындағы өзгерістерді көрген соң оның дегеніне ден қоя бастады. Еңбек тәртібін нығайтуға құрылыс цехында көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ардагерлер отбасылық сылақшы Асаиновалар, Қайыржан Кисиков, Шалабай Қайырбеков, Борис Сүлейменов, Келген Қарапшаев тағы басқа азаматтар Төлегенге көп көмектесті. Соның нәтижесінде ойға алған жоспар «Тұрғын үй – 91» жүзеге аса бастады, – деген екен бір естелігінде Нұра ауданының Құрметті азаматы, Еңбек ардагері Қорабай Досжанов.

Ауылдағы орта мектепті бітірген түлектерден құрылған, Ғалым Әбдікешов басқаратын бригада «Тұрғын үй – 91» бағдарламасын жүзеге асыруға лайықты үлес қосыпты. Төлеген Оразбеков бастаған құрылыс бригадасы аудандағы құрылысы аяқталмай тұрған ауруханаға, сүт өндейтін зауытқа, «Трудовик» атындағы совхозда аяқталмай тұрған үйлердің құрылысына және өзге де ауылдардың құрылыс нысандарын уақытылы аяқтауға сүбелі үлес қосыпты.

Осы атқарған жұмыстары үшін прораб Төлеген Оразбеков облыс­тық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының «Құрмет» грамотасымен марапатталған.

1997 жылы осы совхозда «Батыр» кооперативін ұйымдастырып, жеке кәсіпкерлікке көшті. «Асылжан» шаруа қожалығы, «Қазыбек-Маман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ұйымдастырып, жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етті.

Дәнді дақылдың отанында егіншілікке де еңбегі әбден сіңген. «Асылжан» шаруа қожалығы, «Қазбек маман» шопырларды дайындайтын мектебін де ашқан. Комбайншы, тракторшы, «КамАЗ» шопырларын даярлайтын мұндай мектептер қазір, әсіресе, ауылдық жерлерде таптырмайды.

Зейнетке шыққан соң қалаға көшіп келген. Мінезі өте салмақты, бір сөзді кісі. Әскерилер сияқты. Сөзі аз, атқарған ісі мол.

Салауатты өмір салтын ұстанады. Үстел теннисін шебер ойнайды. Арасында волейбол мен баскетболды да ойнайды. Орыс және қазақ тілдеріне жетік. Құжатқа мығым. Отбасының тірегі, ақылшысы. Наурызды қарашаңырағына перзенттерін жиып, атап өтеді.

Қайырымдылық та жасап тұрады. Еліне үнемі жаны ашып жүреді. Өйткені, жасынан сондай тәрбие көрген. Бір кездері қазіргі қалалық әл-Машани мешітінің құрылысына да қаржылай және қажетті жабдықпен қол ұшын берген.

Өзі үш ағайынды. Бірі өмірден өткен. Бір інісі бар. Бауырлары да қазір отбасылы өніп-өскен. Олар да ауыл шаруашылығы саласының беделді жұмысшылары.

Ал, әкесі Әбілхан Аханов – соғыс ардагері. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін көптеген медальмен марапатталған.

Бұл күнде өнегелі азаматтың ұл-қыздары атасының жолымен жүріп, ішкі істер саласында еңбек етеді. Ұлы Қанат Төлегенұлы – облыс әкімінің әскери сала бойынша кеңесшісі болса, бір ұлы Нұр Төлегенұлы Осакаров аудандық сотының төрағасы. Ал, қызы Айжан Төлегенқызы облыстық прокуратурада табанды еңбек етуде.

Еліне жаңашыр болған, жасынан қоғамдық жұмысқа араласып, осы жолда көп биік белеске жеткен, адамгершілігімен, азаматтық іс-әрекетімен айналасына қадірлі, кісілік пен кішілік нұры тұла бойынан төгіліп тұрған асқар тау әке, ардақты ата Төлеген Әбілханұлын балалары, немерелері, шөберелері және туған-туысқандары жақсы көретінін және құрметтеп, мақтан тұтатынын айтады.

Дос-жаран мен туған-туыс, ел-жұрт алдында абыройы асқақ, еңсесі тік. Қандай жауапты қызметте болса да құрылысшы мамандығына адал бола білді. Атқарған әр жақсы ісі – жас буынға үлгі-өнеге. Өз ісінің қыр-сырын жіті танып, ыстық-суығына көніп, қиындығын еңсеріп, тығырықтан шығар жол тауып шыға білген адам нағыз шебер деңгейіне жетеді десек, Төлеген Әбілханұлын құрылыстың қара нары деуге толық негіз бар.

Жәлел ШАЛҚАР.

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button